17.07.2025, 17:00
Оқылды: 215

Нардың жүгін көтерген нәзік жандар

Әйел заты үшін зауытта жұмыс істеу оңай дүние емес екені белгілі. Күш пен қажыр-қайратты талап ететін зауыт тіршілігінде ерлермен иық тіресіп нәзік жандар да жүр. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай зауытта еңбек ететін аруларды насихаттағымыз келеді.

Жас маманның қызмет орнына бейімделуіне ықпал ететін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бүгінде оң нәтижесін беруде. Осы бағдарлама арқылы жас түлектер өз саласы бойынша бір жыл тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмысқа қабылдана алады. Бұл жастар жұмыссыздығының алдын алып, білімдерін шыңдай түсуге мүмкіндік береді.

«Жастар тәжірибесінен» жарқын болашаққа

Шаһардағы «Орал трансформатор зауыты» 500-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отыр. Оның 20-дан астамы бұрымдылар. Осы еңбекқор арулардың арасында ең жасы – Ләззат Жұмаділдә. Ата-анасының еңбек жолын жалғаған Ләззаттың жасы жиырмада екен. Батыс Қазақстан индустриалды колледжінде білім алып, жастық жалынмен жастар тәжірибесі арқылы зауытқа жұмысқа орналасқан. «Адам өзі еңбек ететін салаға құлшынысы мен сүйіспеншілігі болмаса, қызмет жолында құрдымға кетеді», – дейді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС қызметкері Ләззат Жұмаділдә.

MAKE1860

– Біз бұрын отбасымызбен Түркістан облысында тұрдық. Мен сол өлкеде дүниеге келдім. 2017 жылы анамның жұмыс бабына байланысты Ақ Жайық өңіріне көшіп келдік. Қалалық мектепті аяқтаған соң, Батыс Қазақстан индустриалды коллед­жіндегі электр жабдықтарын монтаждаушы мамандығына оқуға түстім. Оқу орнында топтастарыммен Орал трансформатор зауытына өңдірістік машықтан өтуге  бардық. Өзімнің теория жүзінде алған білімімді тәжірибе тұрғысында дәләлдеп, тәлімгерлер көзіне түсе бастадым. Біз жайлы зауыт басшылығының да көзқарасы оң болатын. Бірақ ер балаларға тән жұмысты істеген соң ба, айналаның бәрі таңырқап, таңданып жатты. Салғырттық танытпай, өз саламның қыр-сырын үйренуге ден қойдым. Зауыт тарапынан бекітілген тәлімгерлер машық жетекшісінен есімімді екшеп, жазып алды. Колледж түлегі атанған сәтте кәсіпорыннан жастар тәжірбиесіне шақырту жөнінде ұсыныс түсті. Көп ойланып, уақытты құр сарп етпей, еңбек жолын осында бастауға шешім қабылдадым. Небары үш айда зауыт басшылығы маған сенім білдіріп, мені тұрақты жұмысқа ауыстырды. Әріптес аға буыннан мол дүние үйрендім. Алғашында техника тілін меңгеруден біраз қиындықтар болған, кейін оп-оңай үйреніп кеттім, – деп әңгімесін түйіндеді.

MAKE1901

Ләззат Жұмаділдәнің ата-анасы да зауыт жұмысына маңдай тері сіңген еңбек адамдары. Кейіп-керіміз бала кезінде анасының жұмыс орнына жиі барып тұрған. Зауыттың күнделікті тыныс-тіршілігіне куә болып, жұмыс барысымен танысқан. Өсе келе, осы бір сала түріне қызығушылығы оянады. Ол дастарқан басында ата-анасына «Сіздер секілді зауытта еңбек еткім келеді» деп ұсы-нысын айтқан. Ата-анасы баласының бұл ойын құптап, осы орайда Орал қаласындағы Батыс Қазақстан индустриалды колледжіне оқуға түсуге кеңес береді. Қазір ол аталмыш зауыттың оқшаулағыш бөлшектерді дайындаушы бөлімінде жұмыс істейді. «Бүгінде анам –  менімен әріптес. Зауыттың жұмысымен жете таныс. Сол себептен де менің осында жұмысқа орналасуыма қарсы болмады», – дейді Ләззат Жұмаділдә.

«Мұғалім болуға мүмкіншілігім жетсе де, мұнай-газ саласына оқуға түстім»

Ақсай қаласында орналасқан халықаралық «SICIM» компаниясында да әйел адамдар еңбек етуде. Шыңғырлаулық Аңсағаным Ерғалиева аталмыш компанияда өнім сапасын бақылаушы болып жұмыс істейді. Аңсағаным Жәдігерқызы Жоғары инженерлік-технология колледжін тәмамдап, «ҚазТрансГазАймақ» компаниясында жастар тәжірибесінен өтеді. Оның осы салаға қызығушылығы артып, Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университетінің екі бірдей мамандығын сәтті аяқтап шығады. Қазір халықаралық «SICIM» компаниясында лауазымды қызметкер. Қарапайым сынақ мерзіміндегі жас маманнан білікті қызметкер болу үшін оқу мен білім алудан жалықпау керектігін алға тартты кейіпкеріміз.

WhatsApp Image 2025-07-17 at 14.00.30

– Шыңғырлаудағы Л. Қылышев атындағы орта мектептің тоғызыншы сыны­бын аяқтап, қаладағы колледждердің біріне оқуға түсуді жоспарладым. Анам педагогикалық бағытта білім беретін оқу орнына түс деп кеңес берген. Мектепте математика пәнінен озат болдым. Мұғалімдік қабілетімді қалыптастыруға да ынта-жігерім мен талантым болды.  Жылы ғимарат ішінде қағаз, құжатпен ғана жұмыс істеп, жаныңды аса қинамайсың. Бірақ менің бұл салаға көңілім тартпады. Мұғалім болуға мүмкіншілігім жетсе де, мұнай-газ саласына оқуға түстім. Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінде төрт жыл білім алып, туған қаламдай болған Ақсайыма оралдым. Осы қаладағы «ҚазТрансГазАймақ» компаниясына жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа тұрдым. Ол кезде бұл бағдарламаның мерзімі алты ай болатын. Төрт айдан соң «Интергаз Центральная Азия» (Азия орталығының Интергазы) компаниясына шақырту алдым. Онда декреттік демалыстағы қызметкер орнына уақытша келдім. Бұл жерде 2019-2021 жылдары аралығында жұмыс істедім. Декреттік демалыстағы жұмысшы оралған соң, мен де Оралға қайта оралдым. Мұндағы басты мақсат – жоғары білім алу. Сөйтіп БҚИТУ-дағы мұнай-газ мамандығын бітірдім. Одан кейін отбасылық кәсіпті дамытып, мамандығым бойынша екі-үш жыл жұмыс істемедім. Білімімді жан-жақты жетілдіру мақсатында 2023 жылы БҚИТУ-ға қайта оқуға түстім. Қазір басқару аспаптарын аутоматтандыру (автоматизация управления КИП и А) мамандығында қашықтықтан білім алып жатырмын. Халықаралық «SICIM» компаниясына түйіндемемді тапсырып, оқумен қатар қызмет етіп жүрмін. Жалақым жақсы, оған қоса, қызметтік лауазымым да көтеріліп келеді. Осындай жетістікке жетуіме сеп болған ауылымдағы мектеп мұғалімдеріне, колледж, университет қабырғасындағы оқытушыларыма алғыс айтамын, – деді Аңсағаным Жәдігерқызы.

Кейіпкеріміз «SICIM» компаниясының сапаны тексеру бөлімінде жұмыстың талаптарға сай орындалуын қамтамасыз етеді. Әртүрлі сынақтар жүргізіп, жабдық материалдарын, дайын өнімдерді тексереді.  Қандай да бір ақау табылса, оны түзету жолын ұсынады. Сондай-ақ Қарашығанақ кен орнын кеңейтуге жобалық-сметалық құжат дайындауға қатысқан. «Бұл істе бала кезімде сүйіп оқыған математика, геометрия пәндерінің көп көмегі тиді», – дейді ол. Халықаралық деңгейдегі ірі компания болғандықтан, мұнда шетелдік азаматтар да жұмыс істейді. Аңсағаным Жәдігерқызы қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген. Жұмыс бабы бойынша шетелдіктермен қарым-қатынас жасау үшін аудармашыны қажет етпейді.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале