23.07.2025, 19:00
Оқылды: 156

«Ақша сізге өзі келеді». Байлық шақыратын құпия сөз қандай?

Ақша – өмірдің бір тірегі. Біреуге тоқтаусыз ағылып жатса, енді біреуге мүлде тұрақтамай кетеді. Бұл жай ғана сәтсіздік пе, әлде байлықтың да өз заңдылығы бар ма? El.kz интернет порталы ақшаны өз өміріңізге тартудың оңай әрі тиімді жолдарын ұсынады.

 WhatsApp Image 2025-07-20 at 11.39.01

Үйге ақша шақыру

Байлыққа бастар жол ас үйден басталады дейді шығыс ілімі. Әр үйде дастархан жайылатын, отбасы бас қосатын үстел болады. Міне, сол үстелдің үстінде әрдайым жабулы, таза, жыртылмаған дастархан жайылғаны жөн. Бұл – берекенің белгісі.

Егер сол дастарханның астына ірі қағаз ақша қойып қойсаңыз – ақша үйге тұрақтайды деген наным бар. Ақша «бұл үй мені күтуде, мені қалайды» деп еркін кіре алады.

Үстел үстінде бос бөтелке, ваза, шынылар тұрса, үйге ақша кірмейді деген түсінік бар. Оның орнына үстелге 9 апельсин салып қою – молшылықтың, табыстың символы саналады. Шығыстық фэн-шуйде апельсин – алтынға баланады. Санының да мән-мағынасы бар. Тоғыз – аяқталған, толық сан болып есептеледі. Бұл – «табыс келіп тоқтайды» дегенді білдіреді.

Үстелге кілт, бас киім, қолғап қойылмайды. Бұл – үйдің берекесін алады. Сол сияқты тамақтан соң үстелді қолмен сыпыруға болмайды. Бұл әрекет – «ақшаны қолмен қағып тастау» дегенді білдіреді. Оның орнына әрдайым шүберекпен немесе арнайы құралмен тазалаған дұрыс.

Сондай-ақ кіреберіске төселген кілемшенің астына бірнеше ірі тиын қойып қою ұсынылады. Бұл – «ақша осы үйге кіреді, ешқайда кетпейді» дегенді білдіреді.

Шкафта ілулі тұрған таза, сәнді, сирек киілетін костюмнің қалтасына ірі купюра салып қойыңыз. Ол – сіздің әрдайым жақсы өмірге дайын екеніңізді көрсетеді.

Ақша әмиянды жақсы көреді. Бірақ ол кез келген әмиянда тұрақтай бермейді. Сондықтан мына талаптарды ұстанған жөн:

  • әмиян жыртық, кір, ескі болмауы керек;
  • ішіндегі ақша мыж-тыж, бүктелген күйде жатпауы қажет;
  • ұсақ-түйек түбіртектер, қоқыстар – ақшаны қуатын фактор.

Ақша тұратын үйді де ұқыпты ұстау керек. Қалтаңызды қандай күйде ұстасаңыз – ақша да сізге солай қарайды.

Гүл өсіру

Толстянка немесе көпшілікке белгілі атауымен «теңге гүлі» – жапырақтары тиынға ұқсайтындықтан осылай аталып кеткен бөлме өсімдігі. Бұл гүл тек әсемдігімен емес, ақша тартатын қасиетімен де танымал. Халық арасында оны үйге қойса, береке кіреді, байлық жолы ашылады деген сенім кең тараған. Алайда бұл сенімнің жүзеге асуы гүлге қалай күтім жасайтыныңызға тікелей байланысты. Егер теңге гүлін дұрыс отырғызып, дұрыс орынға қойсаңыз, ол сіздің қаржылық жағдайыңызды жақсартуға шын ықылас білдіруі мүмкін.

Теңге гүлін сатып алуға болады, бірақ егер оны өз қолыңызбен көшеттеп отырғызсаңыз, гүл сіздің энергияңызды қабылдайды деген наным бар. Бұл – үйдің иесі мен гүл арасындағы байланыс орнауының бір жолы. Ол үшін гүлдің үлкен бұтағынан ұзындығы 5-6 см өскін кесіп алуға болады. Өскінді суға салып қою арқылы немесе тікелей ылғал топыраққа отырғызу арқылы тамыр шығаруға болады. Ал кейде оны 5-7 күн құрғақ жерде ұстап, содан кейін сулы құмда өсіреді. Тіпті бір жапырағын алып, кептіріп, сіріңке талының көмегімен тігінен отырғызу арқылы да теңге гүлін өсіруге болады. Ең бастысы – асықпай отырғызу және аздап суарып отыру. Артық су – бұл өсімдікке кері әсер етеді. Сондықтан суды аз мөлшерде құйып, спреймен сепкен дұрыс.

Гүлді отырғызатын топыраққа да ерекше назар аудару қажет. Теңге гүлі құм аралас жеңіл, су жақсы сіңетін топырақты ұнатады. Кактус өсімдігіне арналған дайын топырақ бұл гүлге дәл келеді. Егер үйде ондай арнайы қоспа болмаса, кәдімгі бөлме гүлдеріне арналған топыраққа аздаған таза құм қоссаңыз жеткілікті. Құмыраның түбінде су тұрып қалмас үшін ұсақ тастар салып, тесіктер жасаған жөн. Ал құмыраның өзі жалпақ, аса терең емес болғаны жақсы.

Фэн-шуй ілімі бойынша гүл отырғызатын құмыраның түсі де маңызды. Қоңыр, қара, қызыл немесе алтын түстес құмыралар – байлық энергиясын тартады деп есептеледі. Сонымен қатар, құмыраның ішіне алты тиын, ал астындағы тәрелкеге үш тиын салу ұсынылады. Мұның бәрі – гүлмен бірге ақша энергиясын шақырудың ритуалы іспеттіс. Бұл ырымға сенсеңіз – суғаруға да ерекше көңіл бөлесіз. Мәселен, гүлді сәрсенбі күні суарған абзал. Ал су құятын ыдысты бір күн бұрын дайындап, ішіне тиын салып тұндырып қойсаңыз – су да ақшаның энергиясымен толығады деген сенім бар.

Теңге гүлі жарықты жақсы көреді, бірақ тікелей күн сәулесін ұнатпайды. Сол себепті оны бөлменің жарығы мол, бірақ тікелей күн түспейтін бұрышына қойған дұрыс. Фэн-шуй ілімінде мұндай гүл үшін ең тиімді орын – үйдің оңтүстік-шығыс бөлігі. Сонымен қатар, гүлдің түзу әрі әдемі болып өсуі үшін оны аптасына бір рет айналдырып отырған жақсы. Суғару режимі де жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады: жазда – аптасына екі рет, ал қыста – айына бір рет су құйса жеткілікті. Айына бір рет тыңайтқыш беру – оның жақсы өсуіне көмектеседі, бірақ жиі тыңайтудың да қажеті жоқ. Ең бастысы – гүлді бір орыннан екінші орынға жиі жылжытпау. Ол тұрақтылықты дәл ақша сияқты жақсы көреді.

Көпшілік біле бермейтін бір қызық жайт – теңге гүлі күтімі дұрыс болса, гүлдейді. Бұл – ерекше сәт, себебі ол көбіне белсенді өсу кезеңінде ғана гүл ашады. Бұл жағдай үй ішіне береке кіріп, иесінің жолы ашылып келе жатқанын білдіреді деген де сенім бар. Сонымен қатар, теңге гүлі бөлмедегі ауаны тазартып, жағымсыз микрофлораны азайтады. Оның биологиялық белсенді заттары адамның физикалық және психикалық шаршауын басуға көмектеседі, тіпті иммунитетті көтеретін әсері де бар.

Сөздің құдіреті

Ақша – жай қағаз емес, ол – қуат. Бұл қуатты тарту үшін тек әрекет ету жеткіліксіз, ойыңыз бен сөзіңіз де байлықты шақырып тұруы тиіс. Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл бар. Сондықтан да соңғы жылдары кеңінен қолданылып жүрген аффирмациялар, яғни байлыққа жетелейтін жағымды сөздер – тек рухани емес, практикалық құралға айналып келеді.

Байлық пен молшылықты өміріңізге тартқыңыз келсе, төмендегі сөздерді санаңызға сіңіріп үйреніңіз. Бұл – сіздің ішкі энергияңызды реттеп, ақшаның ағымын өзіңізге бұрудың ең қарапайым, бірақ өте тиімді тәсілдерінің бірі.

Ақша шақыратын аффирмациялар: «Мен қалағанымды аламын, тілегеніме жетемін», «Мен ақшаға ашықпын, ақша маған ғашық», «Ақша маған еш қиындықсыз, оңай келеді», «Өзімнің бай болуыма және қалаған нәрсемді істеуіме рұқсат етемін», «Еш қиындықсыз бай бола аламын», «Ғалам мені молшылыққа бөлейді», «Мен бай, табысты адам болуға лайықтымын!», «Менде әрдайым артық ақша жүреді», «Қазір өмірімдегі ақша ағымы өте жақсы», «Мен банкте ақша сақтауға және жинауға лайықпын», «Мен бар жақсылыққа лайықпын, ол өмірімде дәл қазір орын алады», «Мен қаржылай тәуелсізбін және бар қажетімді өтей аламын», «Мен бармын, баймын, менде бәрі бар, мен бақыттымын!», «Менің кірісім күннен күнге өсуде», «Маған бай болған ұнайды. Ұлы байлық маған қарай ағылуда», «Менің санам пайдалы идеяларды тартатын қуатты магнит», «Барлық қарым-қатынас сәтті өтетіні үшін қуаныштымын», «Қазір мен өзіме ұнайтын нәрсемен айналысамын», «Менің әр күнім таңғажайыптарға толы», «Менің жұмысым тамаша, қызмет жолым керемет», «Жақсы айлық алу үшін жақсы жұмыс істеймін», «Маған берілген барлық игіліктер үшін Жаратушыға зор алғыс білдіремін», «Өз өмірімде жақсы нәрселерге ие болуға және одан ләззат алуға мүмкіндік беремін».

Бұл сөздерді бір рет оқығаннан кейін-ақ санаңызда молшылықты сезінесіз. Оларды қайта-қайта айтып, ішінен өзіңізге ең жақын сезілгендерін таңдап алып, күнделікті қайталап отырыңыз. Сіздің ниетіңіз бен сеніміңіз – сөздің шынайы қуатын іске қосатын басты құрал.

Аффирмациялармен қалай жұмыс істеу керек?

Бастапқыда бұл сөздерге шын сену қиын болуы мүмкін. Себебі адамның түпсанасы бұрынғы сенімдерге байланған. «Мен бай бола алмаймын», «ақша маған жоламайды» деген шектеулі нанымдар санада мықтап орныққан болса, оларды жаңа сөздерге ауыстыру үшін уақыт пен табандылық қажет.

«Ақшам жоқ», «менде ондай байлық қайдан болсын» деген сөздер – өзіңізге өзіңіз қойған қаржылық тұсау болып есептеледі. Сөздің де қуаты бар. Оның орнына «ақша уақытша болмай тұр», «мен табысты болуға лайықпын», «байлық келе жатыр» деген сөздерді айтып үйреніңіз.

Аффирмацияны санаға сіңірудің негізгі жолы – қайталау. Күніне 100–150 ретке дейін қайталап айту ұсынылады. Бұл процесті кем дегенде 7 күн, ал ең тиімдісі – 21 күн қатарынан жалғастырған жөн. Ауызша айту – ең әсерлі әдіс. Бірақ уақыт тапшы болса, іштей қайталау не қағазға жазу да жақсы нәтиже береді.
Ол сөздерді жүрекпен, шын сеніммен айту маңызды. Сөз қуатын тек сезіне білген адам ғана өмірін өзгертеді. Егер қайсыбір сөз сізге жат көрінсе – оны өз сөзіңізбен түрлендіріңіз. Мысалы, «мен баймын» деудің орнына «мен бай болуға дайынмын» деп айтсаңыз, түпсанаңыз оны тезірек қабылдайды.

Нәтижеге жету үшін не істейміз?

Егер сіз бұл сөздерді тек көз жүгіртіп оқып, ішіңізден күмәнмен қабылдасаңыз – нәтиже де сол деңгейде болады. Бірақ шын ықыласпен, өзгеруге дайын күйде айтсаңыз – ақшаның өзіңізге қарай ағыла бастағанын сезесіз. Тіпті ойыңызға жаңа идеялар келіп, күтпеген мүмкіндіктер ашылуы мүмкін.

Аффирмация – әрекетпен қатар жүретін ішкі жұмыс. Сеніміңіз бен сөзіңіз үйлесім тапқанда ғана өміріңіз өзгереді. Сондықтан бүгіннен бастаңыз. Өз-өзіңізбен жұмыс істеп, байлыққа лайық екеніңізді дәлелдеңіз.

Ризашылық білдіру

Ақшаны қалай алғаныңыз маңызды емес: жалақы, қарыз, бонус немесе сыйлық болсын – әрдайым алғыс айтып үйреніңіз. Ақша қуаныш пен ризашылықты жақсы көреді. Шын көңілмен, ішкі ризашылықпен қабылдаңыз. Себебі сіздегі көңіл-күй – келесі табысыңыздың негізі.

Ақша – энергия

Ақша – жай қағаз емес. Ол – энергия. Көңіл-күйді сезеді, үй ішіндегі тәртіпті байқайды, қарым-қатынасыңызға қарай әрекет етеді.

Сол себепті, байлықты тек аңсап қана қоймай, оны қарсы алуға дайын болыңыз. Үйіңіздегі әр зат, әр сөз, әр әрекет – ақшаға берілетін белгі. Тап-таза, іші жайлы әрі иесі ризашылыққа толы үй береке шақырады. Ендеше, ақшамыз көбейіп, берекеміз арта берсін!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале