1963 жылдың 9 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы, Қазіргі Ақжайық ауданына қарасты Мерген ауылында дүние есігін ашқан Әсем Мырзағалиева – ордалық белгілі әулеттің ұрпағы. Текті елдің тұяғы, баһадүр бабалардың жалғасы болған Әсемнің әкесі – Бұғанай руының тоғызыншы ауылының тумасы, аптал азамат Қанатбай ағамызды өңір жұрты жақсы біледі. Кеңес дәуірінде еселі еңбегімен ерекшеленген бұл әулеттің атағы алыстан естіліп, жақыннан танылған. Орда кеңшарында орденді шопан атанған Қанатбай ағамыз сол заманның алдыңғы қатарлы еңбек озаты болса, шаңырақтың шырайын келтіріп отырған аяулы ана Майжамал апамыз бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Бұл – бір шаңырақтың ғана емес, тұтас елдің мерейін үстем еткен үлкен құрмет.

Жайдары мінез, жайсаң көңіл бұл әулеттің тағы бір ерекшелігі – төрінен қонақ арылмайтын, дастарқаны жиылмайтын меймандостығы еді. Алыс-жақыннан ағылып келетін ағайын-туыс, ел ішінің сыйлы азаматтары осы үйге соқпай кетпейтін. Сол кездегі «Комсомол» елді мекені де осы бір көпбалалы, еңбексүйгіш отбасының у-шулы, берекелі тіршілігімен ерекше көрінетін. Ауыл баласы болған соң, сол бір күндердің көрінісі де көз алдымызда сайрап тұрады. Қанатбай құдамыздың қосалқы арбалы «Урал» мотоциклін тізгіндеп жүрген сәттері әлі күнге дейін жадымызда. Еңбектің өтеуі болар, бұл отбасы кейіннен де үкімет тарапынан берілген мотоцикл, аутокөлік сияқты түрлі темір тұлпарға ие болғанын да ел ұмытпайды.
Тағы бір тарихи сәтті айтпай кетуге болмас. 1952 жылы Орда ауданындағы полигон құрылысына байланысты Әсем жеңгеміздің отбасы елден көшірілген еді. Кейін Орда совхозын қайта құру кезеңінде елге қайта оралған халықпен бірге осы отбасы да атамекенге табан тірейді. Сол кезеңдегі елге оралу ісіне Өтеміс ағамыздың әкесі – Уәли ақсақалдың белсене араласуы бір ерекше белгі.
Әсем Қанатбайқызы – ұрпақ тәрбиесі мен ұлағатты жолды өміріне арқау еткен, жүрегі мейірімге, ойы ізгілікке толы жан. Ол 1970-1980 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының М. Горький атындағы орта мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасынан зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленген Әсем 1980 жылы Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, оны 1984 жылы үздік дипломмен тәмамдайды. Бұл сол кездегі талапты қазақ қызының ғылым мен білім жолындағы үлкен жетістігі болатын.
Жас маман еңбек жолын 1984 жылы туған жері Орда ауданының Большевик ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. Білім беруге деген ықыласы мен жауапкершілігі бірден байқалған жас ұстаз аз ғана уақыттың ішінде ұжымның да, шәкірттердің де құрметіне бөленеді.
1985-1989 жылдары аралығында Орда ауданының білім бөлімінде әдіскер (методист) қызметін абыроймен атқарып, аудандық білім саласының дамуына өз үлесін қосады. Жұмыс пен жеке өмірі үйлесім тапқан аруға өмірлік серігі Өтеміс Уәлиұлы осы кездерде кездескен екен. Бұл екеуінің арасындағы сыйластық пен сенімге құрылған әдемі қарым-қатынастың, уақыт өте үлкен шаңырақтың керегесін бекіткен сұлу сезімнің алғашқы лебі еді.
Көз алдымда... 1989 жылдың көктемі болатын. Түскі мезгіл. Үйде атам мен әжем және інім Мирас төртеуміз теледидар қарап отырғанбыз.
Сол күні Өтақам (Өтеміс ағам) жұмыстан ерте келді. Мирас екеуің сыртқа шыға тұрыңдар деді. Қуанышты хабарды сезгендей мен де сыртқа шыққан болып, екінші бөлмеге кіріп кеткенім есімде. Сол жерде алғаш рет Әсем жеңгемізге құда түсетініміз туралы ақжолтай хабарды біліп, ерекше бір қуанышқа бөленген едік. Бұл – қос жанның тағдырлы тоғысуының алғашқы нышаны тұғын. Көп ұзамай, атам Уәли Қанатбай құдамыздың досы Ерболат ағамызды ертіп, Бөрлі ауылынан Ордаға қарай құда түспекке үлкен мақсатпен жолға шықты. Біздің мектеп тәмамдап жатқан кезіміз. Ерлан досым екеуміз ұлттық қазақ киімін киіп, қолымызға гүл алып, сол бір ерекше күннің басты кейіпкерін – сұлу да сыпайы, көркіне ақылы сай Әсем жеңгемізді қарсы алғанбыз. Сол сәт – менің жастық шағымдағы ең жарқын естеліктердің бірі екен ғой. Тойда күйеу жолдас болған Т. Масин совхозының бас зоотехнигі – Тәжмұратов Нағим ағамыз, ал тойды бастаған Ермекқали құрдасы 33 жасқа келіп үйленіп жатқан совхоздың партком хатшысының тойын «Партия қайда болса?» деген өлеңмен бастап, бәрін күлдірген болатын.
Әсем Қанатбайқызы – тек сұлу келін, асыл жар ғана емес,өзінің ұқыптылығы мен іскерлігі арқылы жұртқа сыйлы болған адам. Жұмысында да, үй тіршілігінде де бар күш-жігерін салып, бәріне үлгеріп жүретін. Қай салада қызмет етсе де, алдыңғы қатарда жүріп, кәсіби тәжірибесімен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Бірге қызметтес болған әріптестері күні бүгінге дейін оны ілтипатпен, ризашылықпен еске алып отырады. «Адамгершілігі мол, сабырлы, парасатты жан еді» дейді олар. Әсем жеңгеміздің әулеттегі орны да бөлек. Қайын інісі, отбасымыздың бір мүшесі ретінде мен бұл сөздерді толық сеніммен айта аламын. Орда жұртшылығы жақсы біледі, біз әулеттің үлкені – Өтеміс ағамыз бен Әсем жеңгеміздің қолында болдық. Сол отбасында жүріп, үйленіп, отау тігіп, шаңырақтан бөлініп шыққанымыз да сол кісілердің қамқорлығы мен ықыласының арқасы. Сол себепті әрбіріміз осы екі жанның үлесі мен еңбегін үнемі айтып отырамыз.
Әсем жеңгеміз туралы айтқанда, жүрегімізді сағыныш пен ілтипат кернейді. Оның анамыздың ең қиын сәттерінде жанында болғанын, соңғы күніне дейін қасынан табылғанын қалай ұмытайық?.. Сол бір сындарлы күндерде анамыздың қас-қабағын бағып, қамқорлықпен жанында жүрген Әсемнің іскер келін ғана емес, жүрегі жұмсақ, пейілі кең, нағыз адам екенін көрдік. Анам да келініне дән риза болып, әрдайым алғысын айтып отыратын. «Келін ененің топырағынан» дейді ғой дана халқымыз. Бірақ Әсемнің анамызға деген адалдығы мен шынайы ықыласы бұл сөздің аясынан асып түсетіндей еді.
Сөз өнерінде «әсемдік» туралы неше түрлі теңеу, сипаттама айтылады. Мен сол жазылған көркем дүниелердің қай-қайсысын да Әсем жеңгемнің бейнесіне еш күмәнсіз теліген болар едім. Өйткені ол кісі сырт келбетімен де, ішкі парасатымен де, мінезінің биязылығымен де нағыз әсемдіктің көрінісі еді. Ағамыз Өтеміс қай ауданда басшылық қызмет атқарса да, Әсем жеңгеміз соның жанында ел анасы, келіндік дәстүрдің, әйелдік көркем мінездің, ұрпақ тәрбиесінің жарқын үлгісін көрсетті.
Біз қай жерге барсақ та, ағамыз бен жеңгеміз жөнінде тек жүрекке жылы сөздер естіп қайтамыз. Олардың көзін көрген жандармен әлі күнге дейін ағайындай араласамыз. Бұл – олардың адамгершілікпен, сыйластықпен, адал еңбекпен қалдырған ізі мен беделінің көрінісі. «Тектіден – текті туады» демекші, Өтеміс пен Әсемнен тараған ұрпақ бүгінгі таңда сол асыл әке мен ардақты ананың есімін биік ұстап келеді. Ағамыз Өтеміс Уәлиұлы – Орал, Атырау облыстарына белгілі тұлға. Әкесі Уәли ақсақал секілді елге бекзат болмысымен, көрегендігімен, шешен тілімен, әділетті мінезімен танылды. Ол басқарған Бөкей ордасы мен Тасқала аудандары бүгінде оны зор құрметпен еске алады.
Өтеміс пен Әсем тәрбиелеген үш ұл – бүгінгі таңда ел мақтанышына айналған азаматтар. Бауырында болған Мирас – подполковник шеніндегі әскери ұшқыш, Астанадағы Ұлттық ұлан офицері. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған өнегелі әке.
Азат «Болашақ» бағдарламасының түлегі ретінде АҚШ-та білім алып, қазіргі таңда халықаралық компанияда жобаларды басқарады. Ғылым жолында ізденіп, докторантурада оқып жүр. Ол да отбасылы, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Мейрамбек – кәсіпкер, мұнай-газ саласында аға жоба менеджері қызметімен қатар, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған іскер азамат. Ол да екі ұл, бір қыздың әкесі.
Осы ұрпақтың әрбір жетістігінде ата-ананың мейірімі, тәрбиесі мен ақылы жатыр. Олар – есімдерін ұмыттырмайтын, қайта жаңғыртып, асқақтатып жүрген ұл-қыздар. Өтеміс пен Әсемнің өмір жолы мен өнегесі олардың ғана емес, бүкіл әулеттің мақтанышы.

Кеше ғана Мейрамбек бауырымнан жеңгеміздің мәңгілік сапарға аттанғанына 10 жыл болуына орай садақа бергісі келетіні жөнінде естідім. Осы бір қимас жандардың өмірімде болғаны үшін Аллаға шүкіршілік айтып, алғыс пен сағынышқа толы осы бір жолдарды жазуды жөн көрдім.
Мұны оқыған кейбіреулер: «Ағасы мен жеңгесі болған соң, солай дейді ғой» деуі мүмкін. Бірақ менің жасым 53-ке келді. Ел араладым, түрлі қызмет атқардым, талай жанды көрдім. Бірақ ағам мен жеңгемдей ерекше адамдар өте сирек кездеседі. Бұл – шынайы адамдық пікірім.
Жанұясы үшін де, елі үшін де өлшеусіз еңбек сіңірген бұл жандардың рухына әрдайым тағзым етеміз. Өмірлерінде қандай із қалдырса, ұрпақтары да соны жалғайтынына сенімдімін. Қазірдің өзінде елге сыйлы, өз істерінің маманы болып жүрген Мирас, Азат, Мейрамбек – ата-ана атына кір келтірмей, керісінше асқақтатып жүрген азаматтар. Алла ұрпағына ұзақ ғұмыр, баянды бақ-береке нәсіп етсін. Өздері секілді ел-жұртына қадірлі, кішіпейіл, ұлағатты ұрпақ өсіп-өніп келе жатқаны – ең үлкен мұра.
Мен үшін жеңгем – жан дүниесімен әдемі, кісілігімен көркем, адамгершілігімен асқақ тұлға болып қала береді. Ал ағамыз – тектілік пен парасаттың белгісіндей. Екеуінің де жатқан жері жайлы, иманы жолдас болғай деп дұға етеміз.
Лауаз Уәлиев,
Бәйтерек ауданы