22.07.2025, 17:45
Оқылды: 263

Табысқа жеткен оқушылар

Қазіргі оқушылардың арасында технология мен білім саласында табысқа жетіп жүрген талантты жасөспірімдер аз емес. Олар оқуда алда болумен қатар, өз қызығушылықтары бойынша қосымша еңбек етіп, әрі  өздерін  дамытып,  әрі  табыс тауып  жүр. Біз осы бағытта талмай ізденіп  жүрген  Оралдағы  №20  мектептің 10-сынып оқушысы Нұрислам Әділжанов пен М. Мәметова атындағы  №27  мектеп-лицейінің  10-сынып оқушысы Гүлжан  Жасқайыр жайлы әңгімелемекпіз.

43 000 оқырманы бар оқушы

Цифрлы ғасырда оқушылар өз қабілетін әртүрлі платформада дамытып жүр. Нұрислам Әділжанов қатарластарының арасында ерекше танымалдылыққа ие. Ол бұл салада төрт жылдан астам тәжірибе жинаған.

«Бұл іске кірісерде ата-анамнан рұқсат сұрадым. Олар «Өзіңе не ұнайды, соны жаса» деп қолдау білдірді. Бастапқыда жақындарым, достарым маған күле қарады. Бірақ мән бермей, қызығушылықпен бейнеконтент түсіруді жалғастыра бердім. Ол кезде алтыншы сыныпта оқитынмын. Бірінші жыл ізденіп, еңбектендім. Кейін жетінші сыныпта оқып жүргенде белгілі блогер Қыран Талапбектен мобилография бойынша курс оқып, кәсіби деңгейде дамуға бет бұрдым. Осы сәттен бастап алғашқы табыс тауып, 10 мың оқырман жинадым, аккаунтымның сапасы да жақсара түсті. Маған кәсіпкерлер жарнама ұсына бастады. Контент жасауда ескеретін нәрсе – шынайылық пен тұрақтылық. Адамдар жасандылықты сезеді. Өзімнің өмірім, қызығушылығым, саяхат жайлы жиі бөлісіп отырамын», – деп ой бөлісті 15 жастағы мобилограф Нұрислам  Әділжанов.

WhatsApp Image 2025-07-22 at 18.28.29

Контент түсірумен қатар Нұрислам сабағына да ерекше көңіл бөлуге тырысатынын айтып қалды. Ол өз уақытының бәрін нақты жоспарлап, сабағына да, шығармашылығына да тең көңіл бөледі. Оның айтуынша, контент түсіру – бұл тек камера алдына шығу емес, сонымен қатар идея ойлап табу, түсірілім, монтаж және аудиториямен байланыс орнату. Нұрисламның контенттерінің басты ерекшелігі – жастарға шабыт беру. Оның видеолары көптеген қатарластарына өз-өзіне сенімді болуға, өзін дамытуға  ынталарын арттырып, пайдалы әдеттерді қалыптастыруға әсер  етіп  жүр.

Түсіне білген адамға контент жай ғана видео емес, бұл – ой мен құндылықты жеткізудің заманауи құралы.

Нұрисламның кейбір  видеолары тек Қазақстан емес, шетелдік аудиторияға да тарап үлгерген.  Қазіргі таңда оның 43 мыңнан астам тұрақты оқырманы мен миллиондаған қаралымы бар. Ол түрлі клиент, компаниямен бірлесе жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар «iMARKET» және «QARABALA» дүкендерінде видеограф қызметін атқаруда.

«Жақсыны көрмекке» демекші, бізде Нұрисламның инстаграмдағы парақшасын қарап шықтық. Шынымен де қазақ тілінде танымдық, позитивті контент көп екен. Ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүргені де жылы әсер қалдырды.

10-сыныпқа көшкен Нұрислам – үйдегі үш ұлдың ортаншысы. Ол  ағылшын тілі пәніне ерекше көңіл бөледі. Еңбектеніп тапқан табысын ата-анасына және өзіне жұмсайды  екен.

Нұрислам  сынды жастар – бүгінгі заманның жаңаша ойлайтын, белсенді оқушылары. Олар қоғамға жаңа медиа құралдарын тиімді пайдалануды, контент арқылы адамдарға әсер етудің маңызын ұғындырып жүр. Кейіпкеріміз әр адам жасына қарамастан, өз идеясын жүзеге асырып, табысқа жете алатынын  ісімен  дәлелдеп  жүр.

«Өзім қатарлы жастарға мобилографиямен айналысуды ұсынамын. Инстаграм алгоритмі үнемі өзгеріп отырады. Қазір кеш болмай тұрғанда, бастауға таптырмас мүмкіндік. Еңбек жасқа қарамайды», – дейді  мобилограф оқушы.

Репетиторлық Америкаға жол ашты

М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы  Гүлжан Жасқайыр 14 жасынан репетитор болып, өзінен төмен сыныпта оқитын  оқушыларға үй тапсырмасын орындауға көмектесе бастаған.  Негізгі мақсаты – оқушылардың бағасын көтеруге, ТЖБ мен БЖБ тапсырмаларын дайындауға көмектесу. Ең алғаш ол өзінен төмен сыныпта оқитын бөлесінің үйіне барып, үй тапсырмасын орындауға көмектесе бастайды. Оның әр сенбі, жексенбіде белгіленген уақытта келіп, бөлесіне үй тапсырмасын орындауға тапжылмай, жанашырлықпен көмектесетінін байқаған нағашы апасы оған сағатына ақша төлей бастайды. Алғашқы табысын тапқанға қуанып, шабыттанған Гүлжан Жасқайыр статусына өзінен төмен сыныпта оқитын оқушыларға үй тапсырмасын орындауға көмектесетінін жазып қояды. Сөйтіп, қалай репетитор болып кеткенін өзі де байқамай қалады.

Аз уақыттың ішінде кейіпкеріміз Гүлжан бұл іспен айналысып жүріп, тек табыс тауып қана қоймай, үлкен тәжірибе жинап үлгереді.  Әртүрлі оқушымен жұмыс істеу арқылы олардың психологиясын зерттеп, ұстаз болудың оңай еместігін түсінеді. Сондықтан да ол репетиторлықты тек табыс көзі ретінде емес, тұлғалық дамуына ықпал еткен маңызды кезең  деп  бағалайды.

d53a5fab-86d0-449a-98e3-a89019a4afa3

Алғыр да зерек кейіпкеріміз кішкентай кезінен шетелде білім алып, өзін дамытуды армандайды. Биыл оның Америкада оқысам деген асқақ арманы орындалып, FLEX бағдарламасының финалисі атанды.

– FLEX бағдарламасының   финалисі атануыма репетиторлық қосымша жұмысымның да көмегі тиді. Өйткені кейбір оқушыларға онлайн арқылы тегін көмектесемін. Әрі менің өз жұмысыма жауапкершілігімді бағалаған оқушыларымның ата-аналары да маған жақсы мінездеме берді. Өйткені мен репетитор болып, оқушыларға көмектесу арқылы өз ойымды нақты жеткізуге, өзіме сенімді болуға, бастаған істі оқушымен бірге аяқтауға, алға белгілі бір мақсат қойып, соған жетуге тырыстым. Ең бастысы, маған сеніп келген оқушыға жауапкершілікпен қарап, қалайда алға жүріп, табанды болуды сезіндім. Бұйырса, 2025-2026 оқу жылын Америкада өткізуді жоспарлап отырмын. Армандар орындалады. Ең бастысы, ерінбей еңбектеніп, мүмкіндіктерді пайдаланып, өз арманынан бас тартпай, алға қадам баса беру керек, – деді жас көшбасшы.

Ол – отбасындағы төрт перзенттің тұңғышы. Сабағына тыңғылықты дайындалып, қосымша жұмыс істеп жүрген кейіпкеріміз өзінен әлдеқайда кіші үш бауырын бағып, ата-анасына да көмектеседі. Әр уақытын тиімді пайдаланатын Гүлжан болашақта Оңтүстік Кореяға бизнес менеджментке оқуға түсуді армандайды.

Түйін

Балғын кейіпкерлеріміздің бүгінгі тірлігі өз қатарластарына үлгі боларлықтай-ақ. Олар ерте жастан өз қызығушылықтарын тауып, сол жолда еңбек ету арқылы табыс пен тәжірибе жинап келеді. Жас өрендердің жеткен жетістігінің артында үлкен еңбек, тынымсыз ізденіс жатқаны анық. Олардың табандылығы мен еңбегі өз қатарластарына шабыт беріп, болашаққа сеніммен қарауға жол ашары сөзсіз.  Асқақ армандарына қазірден қол жеткізіп, ертеңге сеніммен қарап жүрген кейіпкерлерімізге тек сәттілік тілейміз!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале