24.07.2025, 19:00
Оқылды: 358

Казталов ауданындағы ірі инфрақұрылымдық жобалармен танысты

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай Казталов ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімінің орынбасары Айдар Менеевпен және облыстық салалық басқарма басшыларымен бірге аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандар және жол инфрақұрылымымен танысты.

FB_IMG_1753356603112

Алдымен Мирас Рүстемұлы аудандық маңызы бар «Беспішен – Қошанкөл – Қараоба» бағытындағы автокөлік жолының 15–49 шақырым аралығында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған жоба аудан тұрғындарының көлік қатынасын жеңілдетіп, жол сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама. Жөндеу жұмыстарының мердігері – «Uniserv» ЖШС. Қазіргі таңда бұл учаскеде жол төсемін нығайту, тегістеу және асфальттау жұмыстары жүргізілуде.

FB_IMG_1753356609374

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Қоныс ауылындағы 60 орындық жаңа мектептің құрылыс барысын да бақылады. Ауыл балаларының сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында салынып жатқан мектептің мердігері «Smartech» ЖШС-не құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасына ерекше мән беру тапсырылды. Мирас Рүстемұлы мектепте қауіпсіздік және санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалау қажеттігін баса айтты.

FB_IMG_1753356606134

Сондай-ақ Мирас Рүстемұлы Жалпақтал ауылындағы ауылішілік жолдарды қайта жаңарту жұмыстарының барысын да бақылады. Аталған жұмыстарды «Жайық Сити» ЖШС жүзеге асыруда. Ауылішілік жолдардың жақсаруы тұрғындар өміріне оң әсер етіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырмақ. Қазіргі уақытта жолдарды нығайту жұмыстары жүргізілуде.

FB_IMG_1753356610211

Облыс әкімінің орынбасары барлық мердігер мекемелерге және салалық басқармаларға атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен уақтылы аяқталуына ерекше жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, әр жобаға жүйелі бақылау орнату қажеттігін атап өтті.

— Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы тиімді әрі мақсатты игерілуі тиіс. Әрбір жобаның сапасы – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр жұмыс кезеңінде нақты бақылау болу керек, – деді Мирас Рүстемұлы.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале