29.07.2025, 17:15
Оқылды: 380

Оралдық азаншы – жүлдегер!

Асхат Асылбекұлы – Казталов ауданына қарасты Қараоба ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз сегізінші сыныпқа дейін Казталов ауданындағы А. Оразбаева мектебінде білім алып, одан әрмен Қараоба ауылындағы Ғ. Қараш атындағы мектеп-гимназиясында оқуын жалғастырады. Мектепті тәмамдаған соң, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға агрономия факультетінде жоғары білім алады. Студент кезінде діни сауатын жетілдіріп, медресе ұстаздарының дәрістеріне қатысады.

266A6569

– Жоғары оқу орнын 2010 жылы  аяқтадым. 2011 жылы туған жерім Қараоба ауылында ашылған жаңа мешітте қызмет ету бақыты бұйырды. Онда бір жыл көлемінде еңбек етіп, кейін «Ар-Рахман» мешітіне азаншы болып қызметке орналастым. Орталық мешітте азаншы болып жүргеніме 11 жылға жуықтады. Республикалық «Әдемі әуезді азаншы» жарысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен еліміз бойынша алтыншы мәрте өтіп жатыр. Дәстүрлі түрде жылма-жыл  өтетін байқауға төрт рет қатыстым. Өткен жылдары жүзеге асқан байқауларда өзге өңірлерден келген азаншы бауырларымның бәсі биік болды. Алланың қалауымен биыл бұл жарыста екінші орынды иелендім. Мені қолдап, сенім білдірген барша азаматқа, ҚМДБ-ның облыстық өкілдігіне алғыс білдіремін!  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді азаншы Асхат Асылбекұлы.

Облыстың бас имамы Самат Әлібаев: «Бұл жетістік – өңіріміздің діни қызметі мен рухани бағыттағы жұмыстарының нәтижелі жүріп жатқанын білдіреді. Асхат Асылбекұлының Құран мен сүннетке сай орындаған көркем азаны, дініміздің үнін әсем жеткізу жолындағы кәсіби біліктілігі мен шеберлігін дәлелдеді» деп тілегін жеткізді. Айта кетелік, бұл республикалық жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 азаншы қатысып, бақ сынаған. Жарыс қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы Ақсай мешітінің наиб имамы Баубек Бектұрғанов үшінші орынға тұрақтаса, Астана шаһарындағы Әзірет Сұлтан мешітінің азаншысы Қайнар Базархан бірінші орын иегері атанды.

Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы жарысқа қатысқан барлық азаншыға алғысхаттар мен ынталандыру сыйақылар берді. Жүлделі болған азаншыларға көлемді қаражаттың сертификаттары  табысталды.

Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале