Шыңғырлау ауданындағы Ақбұлақ ауылдық округінде ауыл тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізу, рухани серпіліс сыйлау мақсатында мәдениет үйінде түрлі бағыттағы шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Жақында өткен ерекше кеш — Шәмші Қалдаяқовтың әндерін караокемен орындау шарасы тыңдармандарға шынайы қуаныш сыйлады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторы, «Вальс падишасы», композитор Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Шәмшінің әндері-ай, жүректі тербеген» атты ән шарасында кеш қонақтары сахнаға көрермен ретінде емес, орындаушы ретінде шықты. Ән сүйер қауым қатарында "Балауса" бөбекжайының қызметкерлері мен ауылдағы "Ғибрат"әжелер тобының мүшелері болды. Олар Шәмші әндерін жүректен айтып, көрермендерді өткен жылдарға саяхат жасатқандай әсерге бөледі.
Қырық жылдан астам шығармашылық қызметінде Ш.Қалдаяқов үш жүзге жуық музыкалық туынды жазып, тұнып тұрған сыршылдығымен және сезімге терең бойлауымен ерекшеленетін сазгердің ел ішінде айтылып жүрген әндері орындалды. Әжелеріміз "Ана туралы жыр", "Ақмаңдайлым", "Арыс жағасында", "Қайықта", "Бақыт құшағында" сияқты әндерді шырқай отырып, өмірге деген сүйіспеншілігін жеткізуі — жас ұрпаққа үлгі болды.
Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айгүл Тастамбекқызы "Халықтың сүйікті сазгері Шәмші Қалдаяқовтың әндері ешқашан ескірмейді. Әсіресе, үлкендердің орындауында бұл әндер жаңа реңкке ие болды. Кеш соңында көрермендер көтеріңкі көңіл күймен тарасты,"– дейді.
Ауыл тұрғындары осындай кештердің жиі өтуіне тілектестік білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Мәдениет – ауылдың жүрегі. Ал ол жүректің соғуын осындай жылы кештермен сақтау – бәрімізге ортақ міндет екені даусыз.
Алмагүл Еділқызы,
Ақбұлақ ауылдық округі мәдениет үйінің директоры
Шыңғырлау ауданы