«Батыс белесінде – бабалар үні» атты Батыс Қазақстан облысына тарихи-танымдық экспедициясы өз жұмысын бастады. 2025 жылдың 04 мен 10 тамыз аралығында Батыс Қазақстан облысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Орталық мемлекеттік архив» РММ-нің тапсырысы бойынша жүргізіліп жатқан «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» атты жобаның жұмыс тобы тарихи танымдық экспедицияға шықты. Экспедиция мақсаты – Республикадағы ономастикалық атауларды ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, елді мекен атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру және жүйелендіру.

Айтулы кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев қатысты. Сонымен қатар ономаст-ғалымдар, географтар, тарихшыларда өз ойларын ортаға салды. Экспедиция құрамындағы «Ономастар одағының» басқарма төрайымы Гүлнар Бекенова бүгінгі кездесудің мән-жайын түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, экспедиция барысында Батыс Қазақстан облысының 50-ге таман елді мекендері мен географиялық нысандарын аралап, фото-бейне таспаға түсірілуде. Жергілікті халықпен кездесу, көнекөз қариялармен және өлкетанушы адамдармен сұқбат жүргізілуде. Экспедиция барысында түсірілген фото материал негізінде аталған облыстар топонимдері бойынша суретті анықтамалық құрастырылып, видеофильм жасалады.

Жергілікті топонимдер жайлы танымдық бағыттағы сұқбаттар жүргізіледі. Фото-видео материалдар болашақтағы Қазақстан топонимдерінің электронды WEB картасының базасына енеді. Экспедиция маршруты аталған облыстардың ономастика мәселесімен айналысатын салалық басқармалармен жасасқан еморандум негізінде келісіліп жасалған. Облыс бойынша экспедиция ұзақтылығы 4000 шақырымнан аса қашықтықты қамтитынын атап өтті.

Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы, ал ономастикалық бірліктер – әр халықтың тарихи-мәдени ұлы мұрасын өз бойында «ғаламның тілдік бейнесі» негізінде сақтаушы, жеткізуші және танытушы қазына деген қағиданы негізге ала отырып, Қазақстанның топонимдік жүйесін диахрониялық тұрғыдан зерделеу мақсатында Батыс Қазақстан облысына тарихи-танымдық экспедициясы өз жұмысын бастады.

Ғылыми-зерттеу тобының Батыс Қазақстан облысы территориясында автокөлікпен жүретін экспедиция маршруты құрылды.