Тамыздың 16 күні Орал қаласындағы тұңғыш Президент алаңында халықаралық «Auyl Fest. Қой шаруашылығы» фестивалі өтеді. Таңертең сағат 9.00-де басталатын іс-шара 22.00-де аяқталады. Алғаш рет өткелі отырған фестиваль қарсаңында ұйымдастырушылардың бірі – «Ауыл» партиясы БҚО филиалының аппарат басшысы Ғайса Қапақовпен кездесіп, ауқымды жиынның жай-жапсарын сұрадық.

– Ғайса Хамидоллаұлы, фестивальді ұйымдастыруға не түрткі болды? Ірі қара шаруашылығы емес, қой шаруашылығы неліктен таңдап алынды? Себебі, біздің өңір ірі қара мал басы бойынша республикада 4-орында екенін білеміз...
– Бүгінде өңірде 1 млн 566 мың қой бар. Қазақстанда біздің облыс қой өсіруден 5-орында тұр. Қытайда 194 млн, Индияда 75 млн, Аустралияда 70 млн, Иранда 55 млн, Нигеряда 50 млн, ал Қазақстанда 22 млн-нан астам қой бар. Облыстардағы қой санына тоқталсақ, Түркістанда – 4 млн, Жамбылда – 3 млн 300 мың, Алматыда – 2 млн, Жетісуде 1 млн 700 қой өсірілуде. Фестивальді біздің өңірде өткізуге себеп болғаны – БҚО-ның еділбай қой тұқымының отаны болуы. Бұл қой тұқымының 200 жылдық тарихы бар. Сонымен қатар өңірде шығарылған Ақжайық меринос қой тұқымы да танымал. Фестивальдің Жайық өңірінде өтуінің өзі Батыс Қазақстан облысына артылған үлкен жауапкершілік, зор сенім деп білемін.
– Ауқымды іс-шараға кімдер қатысады?
– Республикада бірінші рет өтетін фестивальге облыстағыны айтпағанда, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қой шаруашылығымен айналысатындар келеді. Бес-алты министірліктің өкілдері қатысады. Халықаралық деп отырған себебіміз, қой көп өсіретін 27 елге шақырту жіберілді. Олардың қатарында Қытай, Индия, Аустралия, Түркия, Германия, Франция, Иран, Италия, Венгрия, Англия, Ресей және басқа да елдер бар. Солардың арасынан әзірше 11-і қатысуға ниет білдірді.
– Ғайса Хамидоллаұлы, бұл фестивальді ұйымдастырудағы мақсат не? Одан не күтуге болады?
– «Auyl Fest. Қой шаруашылығы» фестивалі бірінші кезекте өңірге инвестиция тартуды көздейді. Өткен ғасырдың басында Қазақстанның кең байтақ жерінде 70 млн-дай қой болған. Кеңес үкіметі кезінде 36 млн-ға жетті. Бүгінгі мақсат – қой санын барынша көбейту. Ол үшін инвесторлар қажет. Мысалы, Иран мен Индияда қой өсіріледі, халқының саны артып келеді. Қой етінің тапшылығы байқалуда. Сондықтан қой етін импорттауға мүдделі. Қой етіне сұраныс көп. Осы фестиваль барысында қой мен оның етін, шикізатын экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланады. Шетелдіктерді шақырудағы мақсат – Қазақстанның әлеуетін көрсету, қой тұқымдарын таныстыру. Сонымен қатар халықтың қой өсіруге деген оң көзқарасын қалыптастыру қажет. Қой етінен дайындалған тағамдар кез келген мейрамхана мәзірінен ойып тұрып орын алуы тиіс. Алайда қазір мұндай көпшілік орындардан қой етінен жасалған тағамдар табу қиын. Шопан ата түлігінің еті мен құйрық майының емдік қасиеті де бар. Сондықтан қойдың қасиетін, оны өсірудің маңызын жан-жақты насихаттағанымыз жөн. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мақалдатқан қазақ халқы ежелден қой өсірген. Алайда қазір адамдар малшы немесе шопан болғысы келмейді. Бірақ мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған қыз-жігіттер де жоқ емес. Сондықтан ата кәсіпті ұлықтап, насихаттау – біздің міндет. Әрине, ең бастысы сөз емес іс керек. Қой шаруашылығына жаңа бағыт, тың көзқарас, заманауи технология қажет. Қой – тез өсетін мал. Сондықтан оны тірілей де, шикізатын да кәдеге жарататын кез келді.
Фестиваль барысында үлкен форум өтеді. Онда қой шаруашылығының қазіргі жай-күйі талқыланып, оны дамытуға қатысты пікір-ұсыныстар айтылады. Жаңа бағыттар, тың көзқарастар сөз болады. Өйткені қойды өсіру, бағу, асылдандыру, сату және шикізатын өңдеуге қатысты өзекті мәселелер көп. Қазақстанда қой санын көбейту жолдары, қой шаруашылығының елге қалай тиімді, пайдалы болатыны талқыланады. Фестивальге келген сала мамандары, қой өсіріп жатқан фермерлер кездесіп, өзара байланыс орнатады. Тәжірибе алмасады. Сонымен қатар биыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Ал бұл салада небір майталман мамандар еңбек етіп жүр. Сондықтан қазақтың төл кәсібін өрістетіп отырғандарға құрмет көрсетіледі.

– Таңертеңнен кешке дейін жоспарланған фестиваль барысында ұйымдастырылатын қызықты іс-шараларға тоқталып өтсеңіз.
– Оралдықтар мен қала қонақтары үшін түрлі шара өтеді. Олардың бәрі қой шаруашылығымен тікелей байланысты болады. Мәселен, осы саладағы жетістіктерден хабар беретін көрме жасақталады. Одан соң аспаздардың қой етінен жасаған тағамдарының конкурсы өтеді. Қазақстандық және шетелдік 15 шақты аспаз шеберлігін сынайды. БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері, яғни ұлт-ұлыс өкілдерінің қой етінен жасаған түрлі тағамдарының көрмесі өтеді. Тұңғыш Президент алаңында құрылған сахна төрінде қой шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген мамандар марапатталады. Он екі ауданнан келген өнерпаздар, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері таңертеңнен кешке дейін өнер көрсетеді. Тағы бір ерекше назар аударатын іс-шараның бірі – қой жүнінен, терісінен тігілген киімдердің сән көрсетілімі. Ал фудкортта 40 шақты мейрамхананың аспаздары қой етінен жасалған тағамдарды саттыққа шығарады. «Ауыл нақыштары» деген фотокөрмеде қазақстандық фототілшілердің ауылды әдемі таспалаған суреттерін тамашалауға болады. Сондай-ақ қонақтар жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарын да көре алады. Ал Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Ауыл» партиясының жанынан құрылған «Мейірім құшағы» қоғамдық ұйымның ұйымдастыруымен қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіледі. Ата-әжелер ансамбльдері өнер көрсетеді. Бұл жерде ата дәстүрді ұлықтаған өнегелі кездесу болады. Сонымен қатар қойдың етін жіліктеуден шеберлік сағаты мен жарыс өтеді. Салтанат сарайының алдында қойдың 70 шақты түрінің көрмесі де ұйымдастырылады. Мысалы, еділбай қойының бірнеше түрі бар екені белгілі. Сол жерде қой қырқудан жарысады. Еділбай қойы аукционға шығарылады. Достық үйінің алдында он екі ауданнан келген командалар асық ату, арқан тарту, садақ ату, тоғызқұмалақ, бес асық, ләңгі тебу секілді ауыл ойындарынан кім мықтыны анықтайды. Оған 150 шақты адам қатысып, жүлдегер-жеңімпаздар марапатталады. Фестиваль барысында он екі аудан ақшаңқан киіз үй тігеді. Онда қой шаруашылығын дамытудың, жүнін, терінің кәдеге жаратудың үлгісін көрсетеді. Мысалы, бір аудан киіз басса, бірі жүн түтеді, байпақ басады. Ауқымды іс-шара барысындағы қызықтылардың бірі қазақтың тазы мен төбет тұқымды иттерінің көрмесі болғалы тұр. Ал балалар ойнайтын алаңға әкелінетін қошақандарды қызықтап, фотоға түсуге болады. Фестивальде 150 шақты волонтер жұмылдырылмақ. Кеште жастарға би кеші ұйымдастырылады. Ал іс-шаралар аяқталған соң сенбілік ұйымдастырып, алаңды тазалап кетуді жоспарлап отырмыз.
– Фестивальдің ауқымы кең, мазмұны терең болғалы тұр екен. Сөз соңында қандай ұсыныс-тілегіңіз бар?
– Батысқазақстандықтарды фестивальге қатысуға шақырамыз. Форумда қой шаруашылығындағы маңызды мәселелерді тыңдап, талқылауға, тың ақпараттармен танысуға мүмкіндік бар. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарды, қой өсіріп отырған шаруаларды шақырамыз. Өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерді ортаға салса, құба-құп. Алаңдағы түрлі іс-шара да таным-түсінікті кеңейтіп, ерекше көңіл күй сыйлайды. Сондықтан үлкен-кіші үшін пайдалы да қызықты фестиваль болмақ.
Сұхбаттасқан Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»