"Бүгінгі – сурет, ертеңгі – тарих" деген сөз бар. Сол өзі, өмірден алған тәмсіл. Орал қаласында тұратын Дулат Суханов есімді азаматтың сондай бір жіберген суреті көп жайларды еске түсірді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары түсірілген суретте Ә. Жанкелдин атындағы орта мектептің педагогикалық ұжымы бейнеленген.

Отырғандар солдан оңға қарай Қызыл Жұлдыз, ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері Қапсен Жәрдемов, оқытушы Хиуа Досқалиева, мектеп директоры, майдангер Әбілқасым Сапаров, оқытушы облыс ақыны Мәрия Сидеғалиева, түрегеліп тұрғандар солдан оңға қарай, майдангер-оқытушы Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері Жиенбай Суханов, майдангер оқытушы Құрманғазы Саркенов, оқытушы Арыстан Меңдіғалиев, оқытушы Қабдолла Құрманқұлов.
Қазір осы ардақты жандардан жер басып жүргені Хиуа апай.
Мақалаға арқау болып отырған майдангер соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Жиенбай Суханов. Соғыста ерлікпен шайқасқан жерлестеріміз Қапсен Жәрдемов, Құрманғазы Саркенов, Әбілқасым Сапаров туралы осы кезге дейін азды-көпті жазылды. Олардың деректері Жеңістің 70 жылдығына арналып шығарылған «Жаралы жылдар жаңғырығы» атты жинаққа енгізілді. Өкінішке орай, қан майданда толарсақтан саз кешкен, ұрыстың ең бір шешуші шептерінде жүрген Қызыл Армия офицері Жиенбай Суханов көлеңкеде қала беріпті. Сөйтсек, оның да себебі бар екен. Сол кездің өзінде білімді, әсіресе орыс тіліне жетік, жаңақалалық жауынгер «СМЕРШ» деп аталатын қарсы барлау қызметінде болған екен. Ал ондағы офицерлік құрамның деректері күні кешеге дейін құпия белгісімен жария етілмей келген. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол кезде Жиеақаңа берілген анықтаманы жариялап отырмыз. Қандай қиын жағдайда жүрсе де, майдангер жаумен шайқасқан.
Майдан шебінде жүріп, Сталинград шайқасына, Венгрия, Аустрия елдерін азат етті. Фашист басқыншыларына қарсы ұрыстағы батылдығы мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен Будапешті, Венаны азат еткені үшін, Германияны жеңгені үшін медальдарымен марапатталған.
Басқыншылар толықтай капитуляция жасап, әлем жеңісті тойлап жатқанда Жиенбай Рақайұлы әскери жолын одан әрі жалғастырды. Ол 1946-1952 жылдары Түркіменстан республикасында құпия қызметте болған. Жие-ақаң мен Зияда апайдың Марат пен Ержан деген ұлдары сол өлкеде дүниеге келген.
Жиенбай Рақайұлының негізгі мамандығы – мұғалім. Соғыстан бұрын Мокринск ауылында мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1942 жылы 15 сәуірде майданға Қызылорда облысы, Жаңақорған әскери комиссариатынан шақырылған.
Жоғарыда аталған қалаларды азат етуде 2-Украина майданының 53-атқыштар дивизиясы, 475-атқыштар полкінің құрамында болған. Әскери шені – капитан. Демек қарсы барлау қызметінің құпиялылығы сақталғанмен, Жие-ақаңның капитан шенімен қатардағы жауынгердің бірі болмағаны белгілі.
Соғыстан кейін Жиенбай Рақайұлы өзінің сүйікті қызметіне қайта кірісті. Оның ұзақ жыл қызмет атқарған оқу орны «Мәстексай» ауылдық округіне қарасты Мұқыр ауылындағы қазіргі Ә. Жангелдин атындағы орта мектеп. Осы білім ошағында Жиенбай Рақайұлы орыс және неміс тілі пәндерінен сабақ берді. Қадірменді ұстаздың ұлағатты істері қазір сексенді алқымдаған шәкірттерінің естерінде жақсы сақталған.

Өзгелерден ерекшелеу болып галифе шалбар, құрым етік, кеудесі орден-медальдарға толып жүретін ұстаздың бейнесі бастауыш сынып қабырғасында жүрген біздердің де көз алдымызда тұр.
Жиенбай ағай 1966 жылы Мәстексай ауылына қоныс аударып, С. Меңдешев атындағы орта мектепке мамандығы бойынша қызметке орналасады да, екі жылдан кейін денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығады. Бір ғажабы, 1962 жылдан бастап Жие-ақаңның қызметтік бұйрықтарына Фурманов аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Құсайынов қол қойып отырған.
Ағамыз зайыбы Зияда апай екеуі бес ұл сүйді. Тағы бір таңғаларлық жағдай, ағайын арасындағы туыстық қарым-қатынастың жарастығы сондай, Жие-ақаңның Бижан, Ержан деген ұлдары көрнекті қоғам қайраткері, ұжымшар төрағасы, Ленин орденінің иегері, туған ағасы Дүйсенбай Суханов пен Мақан жеңгесінің тәрбиесінде өссе, олардың жалғыз ұлы Болат Марат пен Дулатқа аға болып, бұлардың отбасында болған. Ал Жие-ақаңның кенже ұлы Самат Зияда апайдың төркінінде өскен. Шүкір, қазір барлығының ұрпақтары да аман-сау жүріп жатыр.
Жастық шағын соғыс өрті шарпыған, ұстаздық жолында өзіндік ізін қалдырған Жиенбай Рақайұлы 1972 жылы бар болғаны 54 жасында Мәстексай ауылында өмірден озды.
Сөзімнің соңында екі отбасынан тараған алты ұлдан бір өзі қалып, бізге атасы мен әжесі, әкесі мен анасы туралы мол мәліметтер берген Дулат Жиенбайұлына зор ризашылығымды білдіремін.
Закария Сисенғали,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі