7.08.2025, 17:00
Оқылды: 151

«Қоңды мал өсіру үшін құнарлы азық керек»

Облыс шаруалары шалғынға орақ салып, мал азығын дайындауға қызу кірісті.  Шілденің 22-сіндегі жедел ақпаратқа сүйенсек, 1 31 мың га шөп шабылған.  Орташа алғанда түсім әр  гектарға  3,3 центнерді құрап отыр.  Пішеншілер 569 мың тонна мал азығын әзірледі.  Былтырғы қалдық шөпті қоса есептегенде барлығы 990 мың тонна шөп  дайын тұр. 

WhatsApp Image 2025-07-22 at 17.57.10

Ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, мал қыстағына кіруге жоспарланған 1 млн 222 мың шарты мал басына  2 млн 318 мың тонна шөп, 276 мың тонна жем, қосымша мал азығы ретінде 14 мың тонна сүрлем,  8 мың тонна пішендеме қажет. Теректі (6,4 ц/га), Бәйтерек (6,0 ц/га), Бөрлі (5,9 ц/га), Тасқала (4,2 ц/га), Шыңғырлау (4,1 ц/га) және Сырым (3,6 ц/га) аудандарында шөп шығымы жаман емес. Мамандар қазір оңтүстік аудан-дардағы қалыптасқан табиғи ахуал, киіктер санының шамадан тыс артуы, жайылымдар мен шабындықтарға түсетін жүктеменің ұлғаюы
мал азығын дайындауға кері әсер етіп отыр дейді. Мұндай жағдай осымен үшінші жыл қатарынан қайталануда. Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарының құмды аумағында шөп шығымы әдеттегі жылдардан жоғары. Ал қырлық бетте былтырғыдай шығымы төмен. Қазір Жәнібек ауданының тауар өндірушілері Тасқала және Ақжайық аудандарының аумағында шөп шауып жатыр. Өңірде мал азығын дайындау науқанына 3 213 орақ қатысуда.

Көктемгі далалық жұмыстар барысында облыста 211 мың га жерге малазықтық дақылдар егілген. Оның 38,4 мың гектары – біржылдық шөптер, 1,23 мың га – сүрлемдік дақылдар және 20,4 мың га – көпжылдық шөптер. Оған қоса өткен жылдардан қалған 151 мың га көпжылдық шөптер бар. Малазықтық дақылдардың егіс көлемі былтырғыға қарағанда 6%-ға немесе 11 мың гектарға артыпты. Биылғы суарылған алқап көлемі 12 441 га болса, оның көлемі былтырғымен салыстырғанда 64%-ға немесе 2 646 га ұлғайған. Диқандардың егіс алқабы – 633 мың га. Соның ішінде дәнді дақылдар – 296,8 мың га (күздік дәнді дақылдар 91,5 мың га), майлы дақылдар – 121 мың га, картоп, көкөніс-бақша дақылдары – 4,2 мың га, малазықтық дақылдар – 211 мың гектар. Бүгінгі таңда 34,3 мың гектар дәнді дақылдар орылған. Диқандар 18,9 ц/га орташа өнімділікпен 64,6 мың тонна астық жинады. Егін орағы да жалғасып жатыр.

– Биыл облыс бойынша шөп шығымы нашар. Әсіресе, Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы аудандарында жағдай қиын. Бөкей ордасы ауданында әріптестеріміз бар. Мысалы, олардың қыстақтары Бисен ауылының маңайында орналасқан. Алайда 200 шақырым жерге барып шөп шабады. Киіктерді айтпағанда, өрт те осал жау емес. Кейбір аумақтарда жайылым тапшы. Көктемде жаңбыр жауғанмен, түн салқын болып, шөп шықпай қалды. Оның үстіне киіктер жайылымды таптап жатыр. Біз, өзіміз, егетін екпе шөптің, суармалы жерлердің арқасында мал азығын жинап жатырмыз. Мәселен, былтыр осы уақытта 3500 орамашөп жинаған болсақ, биыл 2000-ға енді жетіп жатырмыз. Мал қыстағына 5000 данадай шөп қажет. Біздің серіктестік шөп сатпайды. Ал ауданда егер шаруашылыққа барып алып кететін болса, бір орамашөптің бағасы 7000 теңге деп естідім. Жеткізіп беретін болса, 8-9 мың теңгедей болатын шығар, – деді Ақжайық ауданындағы «Ілбішін» ЖШС басшысы Арман Қабанов.

Жаңақала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Беккалиеваның айтуынша, ауданда шөп шығымы орташа. Тоғыз ауылдық округтегі шаруалар жем-шөп дайындап жатыр. Бір бума шөптің құны 5-9 мың теңге аралығында. Қызылоба ауылдық округінде шөпті шабындықтан сатып алса, құны – 5 мың теңге. Басқа аудандардан шөп тасымалданып жатқан жоқ. Жиырма шақты шаруа қожалығы резервуар мен Ресей Федерациясына жалға берілген жер учаскелерінен округ әкімінің рұқсатымен мал азығын дайындауда. Биыл лимандар да әр гектардан 10-12 центнерден өнім  беруде. Ал құмның төрінде шөп шығымы орташа, яғни – 3,2-3,6 ц/га. Жалпы аудандағы 51 шаруа қожалығы 94 трактормен мал азығын дайындап жүр.

– Қазіргі шөп шабу науқанындағы ең елеулі мәселе – қырлықта, яғни Жаңажол, Жаңақазан, Мәстексай, Көпжасар, Бірлік, Пятимар ауылдарында шөп шығымы төмен. Әсіресе, лиманы және шабындығы жоқ Көпжасар ауылдық округінде шөп шығымы өте төмен – 1,2-1,5 ц/га.  Оған қоса шөп шабу науқанына тракторшы-машинист, көмекші мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Маусым айының 26-сы күні мал азығын дайындауға арналған арзандатылған жанар-жағармайды алу үшін gosagro.kz порталы арқылы өтінім қабылдау басталды. Алайда лимит аз болғандықтан, көптеген шаруа қожалығы ала алмай қалды. Бұл мәселе жуық арада қайтадан есептеліп, өтінім қабылдау арқылы шешіледі деп күтілуде. Тағы бір мәселе, арзандатылған жанар-жағармайдың 1 литрі 254 теңге болғанмен, оны аудан орталығындағы жанармай құю бекеттерінен алу мүмкін емес. Осы себептен жанармайдың өзіндік құны жоғарылайды. Ауданда тіркелген 749 трактордың 173-і жаңадан сатып алынғандықтан, техникалық байқаудан босатылды. Тек 193 (33,2%) трактор байқаудан өткізілді. Жалпы техника иелерінің белсенділіктері төмен, – деді Светлана Сәрсенбайқызы. Аудан әкімінің  өкімі негізінде шаруа қожалықтардың егістік алқаптарына киіктен келетін зардаптың алдын алу жөніндегі жедел штаб құрылған. Жаңақала ауданы бойынша киіктен қорғауды қажет ететін егістік жердің көлемі – 300 га (2 жер учаскесі), шабындық жер – 48342 гектар (180 жер учаскесі), шабындық ретінде пайдаланылатын жайылым жерлер – 1500 га (15 жер учаскесі).

– Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Мал азығын дайындау үшін осы уақытқа дейін табиғи шабындықтар мен жайылым қолданылып келді. Мал саны жылдан-жылға артып, табиғи шабындықтардың, жайылымдардың шөп шығымы төмендеді. Оған қоса, киік санының артуынан шұрайлы жерлер тапталып, жеп-шөп дайындау күрделі мәселеге айналды. Қоңды мал өсіру үшін де құнарлы азық керек. Осы себептен, шаруа қожалығы иелері екпе шөп егуді қолға ала бастады, – дейді Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев. Мәселен, Ақпәтер ауылдық округіндегі «ЕрҚожа» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Хасанов биыл 140 гектарға судан шөбін, 20 гектарға жоңышқа еккен. Бірік ауылдық округіндегі «Қайрат» ШҚ жетекшісі Әділхан Зайнушев 10 гектарға судан шөбін, 35 гектарға еркекшөп, аудан орталығындағы «Кардон» ШҚ жетекшісі Жұмабек Хайруллин 60 гектарға судан шөбін егіпті.

Сырым ауданындағы Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты «Атансай» ШҚ өкілі Есенғали Телегенов былтырғыға қарағанда биыл шөп шығымы жақсы дейді. «Есеп бойынша 500 тонна шөп дайындауымыз керек. Қазір қажетті мал азығын жинауды аяқтап қалдық. Ауыл тұрғындарына 1000 дана орамашөп (рулон) сатылды. Бір орамашөптің бағасы – 5000 теңге», – деді шаруа азамат. Ал Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Бадақовтың айтуынша, жоспарланған 133 мың тонна шөптің 49 мың 460 тоннасы жиналған. Орта есеппен алғанда әр гектардан 3,2 центнерден өнім алынуда. Аққозы, Қоскөл, Егіндікөл, Сулыкөл ауылдық округтерінде бір орамашөп ең төменгі бағамен – 3500-4000 теңгеден сатылуда. Жоғары баға Саралжында, 5000 теңгеден саттыққа шығарылуда. «Қоржын» ШҚ еккен судан шөбінің шығымы жақсы. Шаруалар әр гектардан 10 центнерден өнім алуда. «КазОКК» ШҚ-ның 100 гектарға еккен судан шөбінің әр гектарынан 10-11 центнерден өнім жиналуда.

Қанат Шаймарданұлы айтып өткендей, қаратөбелік жеті шаруашылық облыстағы оңтүстік аудандарға 5200 дана орамашөп сатуға шығарып отыр. Орамашөптің бағасы 5000 теңге болса, судан шөбінен дайындалған 200 орамашөптің бір-біреуі 9000 теңгеден сатылады. Қазір жеке тұрғындардың малына жем-шөп тасымалдап жатыр.

– Былтырғы су тасқыны Қаратөбені де айналып өтпеді. Сол кезде аудандағы көлтабандар мен лимандар  суға толып, шөп бітік шықты. Тіпті шөпті ауылдың іргесінен дайындады. Басқа аудандарға қарағанда мұнда орамашөптің бағасы қымбат емес, яғни құн – 4500-5000 теңге. Бүгінде шаруашылықтардың көпшілігі техникаларын жаңалады. Бұл да шығынды азайтып, өнікті жұмыс істеуге себеп болып отыр. Әрі мал азығының бағасын өсірмей, қалыпты ұстап тұр. Ал биыл қырлыққа былтырғыдай шөп шыққан жоқ. Ондағы әр гектардан 2,1-2,6 центнер өнім алынуда. Аудан бойынша 258 трактор шөп шауып жүр. Оның 230-ы – шаруа қожалықтардың, 28-і – жеке тұрғындардың техникасы. Аудандағы төрт шаруашылық 970 гектарға дәнді дақылдар мен малазықтық дақылдар екті. Арпа – 120 га, сұлы – 140 га, тары – 50 га. Малазықтық екпе шөптер, яғни судан шөбі – 370 га, еркекшөп – 140 га, құмай – 100 га, жүгері 50 гектарға егілді. Арпаның шығымы нашар, гектарына 5 центнерден өнім алынуда. Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болды. Көктемде дақыл жайқалып жақсы көтерілгенімен, шілдедегі бір апта бойы соққан аптап ыстық өз әсерін тигізді. Аудан әкімі апта сайын шабындық пен егістік басына барып, науқанның барысын тікелей қадағалап жүр, – деді бөлім басшысы Қанат Бадақов.

WhatsApp Image 2025-07-22 at 17.57.12

Бәйтеректік шаруалар да жем-шөп дайындауға ыждағатпен кіріскен. Олар мал қыстағына 118,1 мың тонна шөп дайындауды жоспарлап отыр. Күні бүгін 121,2 мың гектар алқаптан 73,0 мың тонна шөп жинаған. Орташа әр гектардан 6-7 центнерден алынуда. Сонымен қатар төрт түлікке 16 000 тонна жем дайындалуы тиіс. 20 088 гектар алқапқа салынған арпаны  енді  жинамақ.

– Аудан шаруашылықтары егін егуді жоспарға сай толық орындады. Мал қыстағына жем-шөп жеткілікті болады деген үміттеміз. Биыл аудандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы – 265,2 мың гектар. Оның ішінде күздік дақылдар – 54, 6 мың га, жаздық дәнді дақылдар – 93,5 мың га, майлы дақылдар – 80,3 мың га, малазықтық дақылдар – 34,8 мың га. Одан басқа картоп, көкөніс және бақша дақылдары бар. Бүгінде күздік бидай, күздік қара бидай және арпа жинау басталды. Аудан диқандары 35,6 мың га жердің егінін орып, 70037 тонна өнім жинады. Әр гектардан орташа 20,8 центнерден алынуда. Соңғы жылдары жасымық, соя дақылдарының көлемі артып келеді. Былтыр күздік дақылдар гектарына 15,6 центнерден келсе, биыл әр гектарда 20,8 центнерден өнім алынуда, – деді Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Есбол Абдулов. Ал Бөрлі ауданында әзірше 35 726 тонна шөп жиналған. Шабылған алқап көлемі – 53 439 гектар, орташа өнімділігі – 6,0 ц/гектар. Ауданда орамашөп 6-7 мың теңгеден саттыққа шығарылуда.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале