Бөрлі ауданының 90 жылдығы мен 12 тамыз - Халықаралық жастар күніне орай Ақсай қаласында аудан жастарына арналған "BORLI JASTARY" фестивалі өтті. Аталған фестивальді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Фестивальдің алғашқы күні спорттық жарыстарға арналды. Атап айтсақ, шағын футбол, волейбол және арқан тартыстан жарыстар өтті. Ал кейіннен "Эстрадалық ән", "Үздік мобилограф", "QUIZ" интеллектуалды ойыны және "Сурет салу" кезеңдері бойынша командалар сынға түсті.

"Шағын футбол" жарысына Ақсу, Бөрлі, Кеңтүбек, Қарағанды, Пугачев ауылдық округтерінің және Ақсай қаласының жастарынан құралған 6 команда қатысты. Жарыс нәтижесінде "Кеңтүбек" командасы қарсыластарын шаң қаптырып І орынға ие болды. Ал "Бөрлі" мен "Ақсу" командалары ІІ және ІІІ орындарды иеленді.
Волейболдан өткен жарыста "Бөрлі" командасы жеңіске жетті. "Ақсу" ІІ орын, ал "Ақсай" командасы ІІІ орындарға ие болды. Ойын барысында үздік ойын көрсеткен Мирас Габдрахим "Үздік ойыншы" аталымына ие болды.

"Арқан тартыста" ауыл және қала жастары белсенділіктерін танытты. Ұлттық ойынның жеңімпазы "Ақсай" командасы атанды. Ал "Пугачев" ІІ орын, "Қарағанды" ІІІ орындарға ие болды.
"BORLI JASTARY" фестивалі аясында ауданымыздың талантты жастары арасында "Эстрадалық ән" байқауы өтті. Байқау барысында қатысушылар заманауи және патриоттық бағыттағы әндерді шырқады. Байқаудың қорытындысы бойынша І орынды бөрлілік Нұрлыхан Нұрболатов иеленді. Ал ІІ орынға пугачевтік Дильнура Батырхайрова, ІІІ орынға қарағандылық Аружан Мұрзагереева ие болды.

Фестиваль аясында ауыл және қала жастарының арасында қазақша "QUIZ" интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Аталған ойынға "Конденсат" АҚ, "Бөрлі", "Успен", "Пугачев", "Қарағанды", "Ақсу" және "Ақсай" командалары қатысты. Интеллектуалды ойын "Жауап бер!", "Тұлғаны таңы", "Ортақ сөз", "Әріп mіх", "Кино көрем", "Үш сөз" және "Бәс" атты жеті кезеңнен тұрды. "QUIZ" интеллектуалды ойынының нәтижесі бойынша "Бөрлі" командасы жеңіске жетті. Ал "Ақсу" және "Пугачев" командалары екінші және үшінші орындарға ие болды.
Сонымен қатар ауданымыздың жастары "Үздік мобилограф" байқауына қатысты. Қатысушылар "Жұмысшы маман - 2025" тақырыбында жұмысшы мамандық иелерінің күнделікті жұмыс барысын көрсетіп, олардың еңбегін насихаттайтын видеолар түсіріп, шебер жеткізе білді. "Үздік мобилограф" байқауының жеңімпазы қарағандылық Бекзат Қуанышқали атанды. Ал ақсулық Нұрасыл Молдағали ІІ орын, кеңтүбектік Ақниет Хамитова ІІІ орынға ие болды.

Фестивальдің соңғы күнінде "Сурет салу" байқауы оздырылды. Байқау қатысушылары Ақсай қаласының әдемі жерлерін өздерінің салған суреттерімен жеткізе білді. Бірінші орынға ақсулық Ахмад Абакаев ие болды. Пугачевтік Нұрперзент Қуаныш пен ақсайлық Айару Мұқанова екінші және үшінші орындармен марапатталды.

"BORLI JASTARY" фестивалінің жабылу салтанатына орай Ақсай қаласының Ғ.Жәңгіров атындағы саябағында "BORLI FEST - 2025" атты мерекелік кеш өтті. Жабылу салтанатына Ақсай қаласы әкімінің орынбасары Бекболат Губаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова байқауда бақ сынаған командаларды аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың атынан марапаттады.

- Баршаңызды халықаралық жастар күнімен құттықтаймын. Жастар - кез-келген мемлекеттің болашағын қалыптастыратын буын. Сондықтан да жастарға артатын үміт зор. Жастарымыздың қандай білімді, білікті, отансүйгіш, бәсекеге қабілетті болуынан біз еліміздің болашағы қандай кемел болатындығын байқаймыз. Ауданымыздың жастары қай салада болса да, жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырып, еліміздің дамуына үлестерін қоса беретініне сенемін. Үш күнге созылған шараға белсенділік көрсетіп, қатысып жатқан жастарға ризамыз, көп-көп рақмет, - деп аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Қуандыққызы жастарды мерекемен құттықтады.
Жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 85 ұпаймен "Ақсу" командасы жеңіске жетті. 83 ұпайға ие болған "Пугачев" командасы ІІ орынға ие болса, 80 ұпаймен "Бөрлі" командасы ІІІ орынмен марапатталды. Мерекелік кешке арнайы шақырылған қонақтар "РАКЕТА" лақап атымен танымал Рысбек Жанаисов пен "KESHA-ASL" тобы көрермендерге өз өнерлерін ұсынды. Сондай-ақ мерекелік концерт барысында кәсіпкерлердің демеушілігімен лототрон ұйымдастырылған болатын. Лототронға фестиваль аясында оздырылған жарыстарға қатысқан командалардың мүшелері қатысты. Жеңімпаздар велосипед, гироскутер, ұялы телефон және тағы басқа бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы