12.08.2025, 20:44
Оқылды: 426

«Жайықжылуқуат» тұтынушылар ақшасының қайда және қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсетті

 «Жайықжылуқуат» АҚ мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті баспасөз турын ұйымдастырып, тұтынушылар ақшасының қайда және қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсетті.

Тариф өсті – жұмыс қызды

Қарапайым тілмен айтқанда, тариф өссе, жылыту да жақсаруы тиіс. Осы қағиданы ұстанған «Жайықжылуқуат» АҚ соңғы уақытта бірнеше маңызды жобаны жүзеге асырып, жалпы сомасы 140 миллион теңгені құрайтын жұмысты атқарған. Бұған қоса, 176 млн теңгеге №3 турбогенераторды жөндеу жүріп жатыр. Бұл жоба күзге дейін бітуі тиіс.

7799a526-d656-42af-a9fd-d6ed805c9294

– Қазірдің өзінде 5,5 шақырым жылу желісінің 80 пайызы жаңартылды. Күн ыстық деп қарап отырған жоқпыз, жыл сайынғы гидравликалық сынақтар, көктемгі тексерулер кезінде табылған ақауларды жойып жатырмыз, – дейді кәсіпорын бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Қамешов.

Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – М. Өтеміс­ұлы атындағы облыстық мектеп-интернатының сауықтыру қазандығы. Осы күні білім ошағын жылытатын қазандық толықтай тозған. Қызмет көрсету жиі тоқтап қалады. Енді бұл қазандық толық бұзылып, орнына жаңасы салынады. Құрылыс кесте бойынша жүріп жатыр, қыркүйекке дейін барлық жұмыс толықтай аяқталады. Жөндеуді қажет ететін тағы бір нысан – Круглоозерный ауылындағы қазандық. 1980 жылы саманнан салынған ғимарат та заманауи талапқа сай келмейді. Ол қазандықтың күші көпқабатты үш үй мен ауыл мектебін жылытуға жұмсалады. Қысқаша айтқанда, аталған қазандықты жөндеу тек мекеменің емес, онда тұрып жатқан халықтың да қамы үшін маңызды.

Тарифтің соңында не тұр?

Тұтынушылар «Тариф өсіп жатыр, бірақ бізге одан қандай пайда бар?» деген орынды сұрақ қойып жата-ды. Комитет өкілдері бұған нақты жа­уап берді.

– «Жайықжылуқуат» АҚ 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламасын 955 млн теңгеге дейін ұлғайтты. Оның ішінде бастапқы жоспар бойынша 648 млн теңге қарастырылған еді. Кейін бағдарлама тағы 307 млн теңгеге толықтырылды. Бұл қаражаттың барлығы – тұтынушы төлеген тариф есебінен жүзеге асып жатқан жұмыстар, – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО департаменті басшысы Гүлжаз Қазбекова.

Айта кетейік, биыл тамыздың бірінен бастап тариф 6946 теңгеге өсті. Осы сома әр гегакалорияға бе­кітілген. Қаражаттың көп бөлігі жылу жүйесін жөндеуге, құрал-жабдық алуға, қазандықтарды жаңартуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге жұмсалады.

Қорыта айтқанда, қаланың жылу жүйесін бір күнде түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Бірақ нақты жоспар, ашық есеп пен жүйелі жұмыс болса, тұтынушының сенімі де нығаяды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале