Теректі аудандық мәдениет үйінің кіші залында қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, әдебиет пен мәдениет майталманы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай мұрасы – елге аманат» атты мәдени іс шара ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында көрермен назарына Абай шығармаларына арналған кітап көрмесі ұсынылды. Көрмені кітапханашы С. Мырзағалиева таныстырып, ақынның өмірі мен еңбегіне қатыстытың деректі бөлісті. Сахнаға жүргізуші шығып, Абайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасының маңызы жайында әңгімеледі. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, жаңғыруымызға жол ашатын қастерлі қазына», – деген пікірін келтіріп, бұл ойдың мәнін көпшілікке түсіндірді. Ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров сөз сөйлеп, ақын мұрасының ұлт руханиятындағы орнын атап өтті.

Мәдени бағдарламада БҚО мәдениет саласының үздігі Айбек Дәулетқалиев «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Эльзира Болатова, Айым Орынбасарова, Гүлнұр Оразғаликова, Бекайым Ахметова, Медина Тыныштық, Жаннұр Жанас және Мирболат Бермұхан ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Данияр Рақымғали «Бойы бұлғаң», Аңсар Сағиев «Қараңғы түнде тау қалғып», ал Айдын Серікқали «Айт тым сәлем, Қаламқас» әнін шырқады.

Іс-шара барысында балалар арасында төрт мезгіл тақырыбында сурет салу байқауы өтті. Концерттік бағдарлама жүріп жатқан уақытта бүлдіршіндер өз қиялын қағаз бетіне түсірді. Мерекелік кеш соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас шысы Лунара Сердалиева байқау жеңімпаздары мен өнер көрсеткен оқушыларға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Бұл кеш ұлы ақын мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған тағылымды мереке ретінде есте қалды.
Әдемі Талғатқызы,
Теректі ауданы