Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Шыңғырлау ауданына келді.
Өңір басшысы алдымен көктем басталғалы қолға алынған Шыңғырлау-Сегізсай бағытындағы жол салу жұмысымен танысты. Аудан үшін ең маңызды болып саналатын бұл жолдар шеткері жатқан Алмаз, Сегізсай сынды елдімекендермен сапалы қатынас орнатуға мүмкіндік берсе, сонымен қатар ресубликалық маңызы бар Самара-Шымкент тасжолына қиындықсыз жетуге де сеп болмақ. Нариман Төреғалиұлы жүргізіліп жатқан жұмысты бақылай келе оның көп жылдарға шыдас беруі үшін сапа мен тыңғылықты нәтижеге жетісу қажеттігін айтты.

Мұнан соң облыс әкімі Ақшат ауылына келіп, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Алдымен ауылда өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер Сырым Джалдығұловтың иелегіндегі «Қаракет» супермаркетіне бас сұқты. Шағын сауда орталығында халыққа қажеттінің бәрі бар, бұған қоса өз иеліндегі шағын наубайханасында тұрақтандыру қорынан алынып отырған І сортты ұннан бағасы 90 теңгеден нан сатуда. Бұл аудан бойынша нан өніміне деген ең төмен баға. Бұл жерде «Күміс жас» жобасымен ауыл тұрғындары еңбек етуде екен. Сонымен қатар С.Джалдығұлов өз қаржысына алынған қытайлық аппаратпен өндіріске, тұрмысқа қажетті қолғаптар жасап шығарып, оны аудан және одан тысқары жерлерге саттыққа шығаруда.

Ауылдағы жергілікті тұрғындардың өз беттерінше әрекет жасап, шағын бизнестерін жолға қойып отырғанының тағы бір дәлелі-жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шыққан көрмесі болды.

Қолөнер түрлерін, тұрмысқа қажетті бұйымдарды көрмеге әкелген шеберлердің бұйымдары да бүгінгі таңда сұранысқа ие.
Облыс басшысы Н.Төреғалиев ауылдағы мәдениет үйінде тұрғындармен жүздесіп, олардың көкейлерінде жүрген ойлар мен ұсыныстарына құлақ түрді. Жиын аяқталған соң ауыл тұрғындары облыс әкімімен жеке тілдесуге мүмкіндік алды.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
