14.08.2025, 17:15
Оқылды: 102

Амфитеатрдағы  атмосфера

Орал қаласында Халықаралық жастар күніне орай Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығының амфитеатрында ерекше музыкалық кеш өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған концерт қала жастарына жарқын әсер сыйлады.

 М Салық (3)

Кеш шымылдығын «DJ El Divino» ашып, көрермен қауымды ә дегеннен би ырғағына жетеледі. Заманауи дыбыс, әсерлі шоу мен DJ-дің сахнада өз ісіне шеберлікпен кірісуі амфитеатрда жиналған жұртты бір серпілтті. Музыкалық кештің қуатты энергетикасы ашық аспан астына жиналған мыңдаған жасты бір арнаға тоғыстырып, жүректерді ортақ ырғақпен соқтырды. Әуен мен қызықты шоудың үндестігі, сахнадағы серпінді өнер мен көрерменнің шат көңілі ерекше атмосфера қалыптастырып, кешті шынайы рухани думанға ұластырды.

Концерт барысында жастармен бірге думанды кештің төрінен табылған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева жиналған жұртты мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – қоғамның ең белсенді, ең жалынды бөлігі жастарға арналған. Бүгінгі жаһандану дәуірінде еліміздің келешегі – білімді, креативті әрі отансүйгіш жастардың қолында. Жастардың сапалы білім алып, өз әлеуетін жүзеге асыруына, шығармашылық пен спортта, кәсіпкерлікте табысқа жетуіне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл – сіздерге артылған үлкен сенім. «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында жүзден астам отбасы баспаналы болып үлгерді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Ел үшін аянбай қызмет етіңіздер. Шабыттарыңыз сарқылмасын! – деді ол. Сондай-ақ кеш аясында түрлі салада белсенділік танытып жүрген жастар облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Концерт барысында сахна төріне шыққан әнші Artur Dauletyarov ерекше үнімен көпшіліктің жүрегінен орын алып, өз репертуарындағы серпінді әрі мағыналы туындыларымен көрермендерді тәнті етті. Әр әні шабыт пен жігер сыйлаған Артурдың өнері жастарды елітіп әкетті. Сондай-ақ заманауи музыканың жаңа тынысын танытқан ORTA production жобасының өнерпаздары мен сахнаны жарқын шоумен баураған ALZABI тобы тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Жанды дауыстағы кәсіби орындау, әсерлі дыбыс пен көз тартар жарық шоу – барлығы да көрерменнің көңілінен шығып, кештің көркін келтірді.

Кеш соңында әсем әуенге тербелген Орал аспаны ән мен шаттыққа бөленіп, жастар бұл күнді ұзақ ұмытпайтындай әсермен тарқасты. Шынайы қуаныш пен шабыт сыйлаған концерт – заманауи өнер мен шығармашыл жастардың ортақ жеңісі іспетті болды.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале