Бөрлі ауданының 90 жылдығына орай ауданымызда “Бөрлі кеңістігі” қылқалам шеберлерінің симпозиумы басталған болатын. Аталған симпозиумның ашылу салтанаты Ақсай қаласының “Наурыз” саябағында өтті.

Шара барысында қала тұрғындарына суретшілер таныстырылды.
Симпозиумға Қазақстан суретшілер Одағының мүшелері Бекжан Жұмабаев, Қанат Оразов, Мұхит Құрақ, Мэлс Отаров, Жеңісбек Утешов және суретші-кескіндемешілер Нұртай Жардемов пен Ахмет Ғиниятовтар қатысты. Суретшілер екі күн ішінде ауданымызда орналасқан табиғаты сұлу ауылдарымызды және Ақсай қаламыздың көркем жерлерінің суретін салды.

- “Бөрлі кеңістігі” симпозиумы ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл симпозиум ауданымыздың көркем табиғатын қағаз бетіне түсіру мақсатында ұйымдастырылған болатын. Осы симпозиум барысында біз ауданымыздың ауылдарын суретшілермен бірге араладық. Суретшілеріміз Қазақстан суретшілер одағының мүшелері, олар осы симпозиумға Орал қаласынан келді, - дейді аудандық демалу орталығының директоры Бекей Қанатов.
Ал 14 тамыз күні Ақсай қаласындағы “Арман” мейрамханасының фазендасында суретшілердің қорытынды көрмесі өтті. Көрмеде ауданымызға келген жеті суретшінің екі күн бойы салған 28 картинасы қойылды.
Шараға аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Төлегенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Ерік Төлепқалиев, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Сондай-ақ көрмеге қала тұрғындары да келіп, суретшілердің туындыларын тамашалады. Суретшілер өздерінің салған суреттерін қонақтарға таныстырды.
- Біздерге, жеті суретшіге Бөрлі ауданының салынатын жерлері бөліп берілді. Бірінші күні біз ауданға қарасты ауылдарда сурет салдық. Мен Приурал ауылына барып, ауылдың үлкен кісілерімен сөйлесіп, табиғаты сұлу, әдемі жерлерді таңдап алдым. Приурал ауылында мен екі сурет салдым. Біреуі Ресей мен Қазақстанның шекарасындағы Жайық өзенінің табиғаты, ал екіншісі ауыл тұрғыны Кәрім ақсақалдың үйі. Ол кісі бізге ауылдың қай жерлерін салуға болатыны туралы ақпарат беріп, бізбен бірге жүрді. Жаңбыр жауып, ауа райы кішкене кесірін тигізгені болмаса, бірақ та оған қарамастан суреттеріміз жақсы шықты. Мен негізінен аудандарыңызда 1-2 рет болғанмын. Осыдан екі жыл бұрын аудандарыңыздағы борлы таулы жерлерде екі күн бойы сурет салған болатынбыз. Ол кезде де 5-6 суретші келіп, далада қонып сурет салдық. Ол суреттер Ақсай қаласында және Шыңғырлау ауданында өткен көрмелерге қатысты. Осыған дейін еліміздің бірнеше облысында және былтыр Қазан қаласында жұмыстанып, көрмелер ұйымдастырдық, - дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қанат Орынтайұлы.

Аудан әкімі суретшілерге атқарған еңбектері үшін алғысын білдірді. Көрме естелік суретке түсумен аяқталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы