Орал қаласында халықаралық «AUYL FEST. Қой шаруашылығы» І халықаралық фестивалі өтті. Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған фестивальге Франция, Иран, Венгрия, Ресей Федерациясы елдерінің өкілдері қатысты. Ауқымды іс-шараға келген қонақтар алдымен «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылған форумда бас қосты.

Форумға ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоқжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық комитетінің және «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден, шетелдік және жергілікті салалық мамандар қатысты. «Ауыл» партиясы ұйымдастырған іс-шарада қой шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту, бұл салаға жаңа технологияларды енгізу, жас мамандарды даярлау және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
– Форумның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрді қайта жаңғырта отырып, патриотизмді нығайту, қой шаруашылығын танымал ету арқылы ауыл халқын жұмыспен қамту және табысын арттыру, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, фермерлерді қолдау мақсатында халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды енгізу, ауыл туризмін дамыту. Біздің өңір – қазақтың ақбас сиырының, көшім жылқысының, етті-жүнді еділбай және ақжайық тұқымды қойлардың отаны. Олар әртүрлі климат жағдайына төзімділігімен және өнімділіктерімен ерекшеленеді. Бүгінгі басқосу – тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестіктер орнатуға және тың бастамаларға жол ашатын үлкен мүмкіндік. Форум аясында айтылған әрбір ой мен ұсыныс ертеңгі табысты жобалардың бастауына айналады деп сенемін, – деп форумды ашқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев келген қонақтарға алғысын білдірді. Бұдан соң мінберге шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық комитетінің және «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қой шаруашылығына арналған фестивальдің мән-мазмұны жөнінде баяндады. Мәжіліс депутаты айтып өткендей, халықаралық фестивальге мал өсіретін, соның ішінде қой шаруашылығымен айналысатын 28 елдің өкілдері шақырылған. Он шақты ел шақыртуды қабыл алыпты.

– 1991 жылы саяси және экономикалық өзгерістер болып, үлкен империя құлағанда Қазақстанда 35 млн-нан астам қой болды. Негізі мемлекет сол жылдары қой санын 50 млн-ға жеткізуді мақсат етті. Алайда ол межеге жетпеді. Соңғы отыз жылда бұл түліктің саны әбден азайды. Ресми статистикаға жүгінсек, қазір елде 25 млнға жетер-жетпес қой бар. Тарихи тұрғыдан қарасақ, тың игердік деп мақтанамыз. Алайда біз одан ұттық па, ұтылдық па, осыны зерттеу керек. Миллиондаған гектар жер, яғни жайылым жыртылды. Топырақ эрозиясы пайда болды. Шамамен 100 млн гектар жер эрозияға ұшырады. Бұл жерлер жайылым да, егістік те емес. Осынша гектарға, негізінде, көптеген Еуропа мемлекеті сияды. Ал біз әлемде жер көлемі жағынан 9-орындамыз деп мақтанамыз. Әрине, тың игеру ауыл шаруашылығын индустрияландыруға себеп болды. Бірақ біз мал шаруашылығын жүргізудің көптеген дағдысы мен технологиясын жоғалтып алдық. Соның ішінде қой шаруашылығы да бар. Біздің ата-бабамыздың кәсібі – мал шаруашылығы, соның ішінде қой шаруашылығы. Қазір шетелден жыл сайын 10 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал әкелінеді. Қой өсіру тек ірі шаруашылықтарға емес, жеке тұрғындарға да тиімді. Оның сүтінен түрлі өнім дайындауға болады, жүні мен терісі де кәдеге жарайды. Өкінішке қарай, біз бұл түліктің осы қасиеттерін пайдаланбаймыз. Біріншіден, мысалы, біз ел арасына шыққанда қарапайым халық «Қойдың жүні мен терісін не істейміз? Себебі оларды ешкім жинамайды. Өсірген қойымыздың етін қайда өткіземіз? Қой өсірудің азабын тартамыз, бірақ қызығын көрмейміз» деп мәселе көтереді. Екіншіден, елде 1 млн 600 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Ресми статистикаға сүйенсек, жалпы мал шаруашылығы өнімінің 75%-ы осы жеке қосалқы шаруашылықтардан алынады. Бірақ ол жерлерде асылдандыру жұмысы жүргізілмейді. Тұрғындар қой да, сиыр да өсіреді. Бірақ асылдандырумен көп ешкім айналыспайды. Солтүстік қазақстандық Асылбек Айкенов деген азамат үш-төрт жыл бұрын ірі қара мен жылқы терісін протейнға айналдыру технологиясын шығарды. Енді қой жүнінен аминокислот шығаруды қолға алған. Ал ақмолалық Жұма Нұрғалиева меринос қойдың жүнінен көрпе-көпшік жасап, Еуропа елдеріне экспорттап отыр. Ал біз қой жүнін тек көрпе жасауға пайдаланып үйренгенбіз. Президент терең өңделген өнімдер шығару қажеттігін жиі айтады. Ел арасында осындай азаматтардың жұмысы насихатталмайды. Фестивальдің нәтижесінде ел Үкіметіне, Премьер-министрге ұсыныстар жолданады. Саяси күш, ел Парламентіндегі екінші фракция ретінде үкіметтің дәстүрлі қой шаруашылығына назар аударғанын қалаймыз. Қазір «ауылдағы адамдар жұмыс істегісі келмейді» деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Олар жұмыс істегісі келеді, істеп те жатыр. Біз оларға мемлекет ретінде экономикалық тиімді жағдай жасай алмай отырмыз. Олар өндірген өнімдерді лайықты бағамен сатуды қамтамасыз ету керек. Қой шаруашылығына қолдау қажет, – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоқжанов «Ауыл» партиясын нақты істерді жүзеге асыратын партия деп атап өтті. «Ауылда тұратын халыққа біздің жалпылама әңгімеміз керек емес. Оларға мәселенің шешімі қажет. Ауылдағы ағайынға ең алдымен жұмыс орны, әл-ауқатының көтерілгені, ауылдың көркейгені керек. Бүгінгі іс-шара осындай мәселелерді шешуге бағытталған. Ауыл тек мал шаруашылығымен дамымайды. Батыс Қазақстан облысында көптеген игі іс атқарылып жатыр. Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында құрылған кооперативтің жұмысын бүкіл Қазақстанға үлгі етуге болады. Төрт түліктің арасында қой шаруашылығының дамуы төмендеген. Оған жүн мен тері өткізетін жердің жоқтығы, қой бағатын адамның тапшылығы секілді мәселелер себеп екені айтылады. Иран компаниясының тері өңдейтін зауыты болашақта ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосатынына еш күмән жоқ», – деді ол.
Құзырлы құрылымдар не дейді?
Форумда сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, Қазақстанда 21,5 млн қой бар. Соның 3,1 млн-ы – асыл тұқымды. Өндіріліп жатқан өнім көлемі ішкі нарықты қой етімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Әлемнің 12 еліне қой еті экспортталуда. Тек былтырдың өзінде 18,0 мың тоннаға жуық қой еті шетелге шығарылған. Ал биылғы 7 айда 14,5 мың тонна шетелге жөнелтілген. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары» шеңберінде жыл сайын қой шаруашылығын дамытуға шамамен 15 млрд теңге субсидия бөлінеді. Бұл қаражат алты бағыт бойынша беріледі: төрт бағыт – асыл тұқымдық жұмысқа, екі бағыт – өнім сапасын арттыруға.
– Жалпы қазір министрлік субсидиялардан жеңілдетілген несиелеуге кезең-кезеңімен көшуге жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау да несие түрінде көрсетіледі. Биыл 1 тамыздан бастап Аграрлық несие корпорациясы бордақылау алаңдарының айналым қаражатын толықтыру бойынша несиелік өнімді іске асыра бастады. Қазір құжаттарды қабылдап жатыр. Несие жылдық 5% мөлшерлемемен 12 айға беріледі. Ең жоғары қарыз мөлшері – 1,5 млрд теңге. Бұдан басқа, асыл тұқымды мал, оның ішінде қой (жылдық 6%-бен, тікелей фермерлерге) сатып алу бойынша «Игілік» (бұрынғы атауы – «Сыбаға») бағдарламасы іске қосылады. Мал шаруашылығын кешенді дамыту үшін өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, саланың қосылған құнын да ұлғайту маңызды. Осы бағытта Ақтөбе облысындағы «КАЗФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіруде. Ал Алматы қаласында «Iskefe Holding» ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын іске қосты. Бұдан басқа, валюталық түсімді ұлғайту мақсатында тері мен жүнге экспорттық кедендік баждар алынып тасталды. Айта кетсек, баж салығын алып тастау туралы қағидалар биыл 13 маусымда қабылданып, 29 маусымнан бастап күшіне енді. Бүгінде тері мен жүн экспорттайтын 15 кәсіпорын шикізат сатып алу көлемін арттырды. Бұл қабылданған шаралардың сұранысқа ие екенін көрсетеді. Ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылының маңыздылығын жеке атап өткім келеді. Бұл екі бағыт өзара тығыз байланысты болуы тиіс. Осы бағытта министрлік 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді және іс-шараларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде қой шаруашылығы жобасын іске асыруда. «Өнімділіктің әртүрлі бағытындағы қойлардың генетикалық ресурстарын жетілдіру, сақтау және ұтымды пайдаланудың заманауи селекциялық-технологиялық және молекулярлық-генетикалық әдістерін әзірлеу» тақырыбындағы бұл жобаға 3 жыл бойына 929,8 млн теңге қарастырылған. Қазір бұл жобаны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары іске асыруда, – деді Аманғали Бердалин.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин облыстағы қой шаруашылығының даму тарихын баяндады. 1960-1990 жылдары облыста 2 млн-2 млн 800 мыңның аралығында қой болған. Тұқымдық аудандастыру жоспарына сәйкес қойдың 5 тұқымы өсірілген. Олар – кавказ және волгоград жүнді қой тұқымдары, етті-майлы бағыттағы еділбай тұқымы, елтерілік қаракөл және кроссбред жүнді ақжайық тұқымы.

– Биылғы 1 қаңтарда облыс аумағында 1 млн 177 мың бас қой тіркелген. Жалпы қойдың 60%-ы немесе 708 мың басы агроқұрылымдарда, ал 40%-ы немесе 469 мыңы жеке қосалқы шаруашылықтардың иелігінде. Облысымызда 1000 бастан көп қой өсіріп отырған 100 шаруашылық бар. Жылма-жыл асыл тұқымды қойдың саны артып келеді. Өңірде тіркелген асыл тұқымды қойдың саны – 76 мың. Бұның дені, яғни 90%-ға жуығы – еділбай тұқымы. Республикадағы еділбай қойларының ең жақсы бөлігі өңіріміздегі «Бірлік мал зауыты» ЖШС-да шоғырланған. Бұл шаруашылықтың қойлары Қазақстандағы құйрықты қойлардың асыл тұқымды және өнімді қасиеттерін арттыруға айтарлықтай әсер етті, – деді басқарма басшысы. Былтыр облыста 7,3 мың тонна қой еті өндіріліп, өңір қажеттілігі толық қамтылған. 2024 жылы Әзербайжан, Өзбекстан және Иран елдеріне 391 тонна қой еті, 4 мың бас қой экспортталыпты. Еліміздің басқа өңірлеріне 125 мың бас қой сатылған. Ал «Кублей», «Батыс-Нық» ет өңдеу кешендері қой қабылдайды және қой етін экспорттайды. Олардың қуаттылығы тәулігіне 1000 бас қой союға жетеді.
Тері мен жүн өңделеді
Иран Республикасынан келген «Persist Kazakh K&K» компаниясының президенті Сейед Мохаммад Мири облыста тері, жүн, ішек-қарындарды өңдейтін зауыт ашпақ. Кәсіпорын Орал қаласының маңында 4,25 гектар аумақты алып жатыр. Инвестордың айтуынша, кәсіпорын үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі, жылына 1 млн дана теріні өңдейтін зауытқа 1,5 миллиард теңге жұмсамақ. Тері Испания технологиясымен дайындалады. Екіншісі, жылына 300 тонна жүн және 1 млн метр ішек өңдейді. Ішек өңдеуге 500 млн теңге, ал жүнге 1 млрд теңге инвестиция құймақ. Үшіншісі, мал сою және ет экспорттау. Зауыттың қуаты жылына 100 000 басқа дейін мал сойып, 2000 тоннаға дейін ет экспорттауға жетеді. «Халал» сертификаты болады. Зауыт өнімдерін Иран, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ресейге экспорттау көзделген. «Қазір дайындықпен айналысып жатырмыз. Орал қаласында орналасатын қой терісін өңдейтін цех ашу туралы келіссөздер жүргізілуде. Кең байтақ даласы, құнарлы жайылымдары және мал саны көп болғандықтан, Қазақстанды таңдадық. Мұнда инвесторлар үшін өте қолайлы жағдайлар жасалған. Сонымен қатар халқы да өте мейірімді», – деді инвестор.
Ауыл шаруашылығы саласындағы француз-қазақ ынтымақтастығы жөніндегі халықаралық сарапшы Винсент Бергердің айтуынша, Францияда 6,6 млн қой бар. Бұл ел жылына шамамен 5300 тонна жүн өндіреді, оның 80%-ы Азияға, әсіресе Қытайға экспортталады. 2024 жылы 70 мың тонна қой еті, 290 миллион литр сүт өндірілген. Шетелдік қонақ еліндегі мамандандырылған етті қой тұқымдарын – Иль де франс, Беришон дю шер, Роман, Бланш дю массиф сентраль тұқымдарымен таныстырды. Бұл етті қой тұқымдары ет сапасын жақсартып, құнарлылығын арттырады деді. Қазақ қой тұқымдарының (мысалы, еділбай тұқымының) төзімділігін төмендетпей, осы қасиеттерді жақсарта алады деп атап өтті. «Қазақстандағы қой шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртудың стратегиялық секторы. Франция Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, ғылыми жобаларды әзірлеуге қолдау көрсетуге дайын. Бұл саланы дамыту – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің табысын арттырудың стратегиялық міндеті. Франция аймақтағы стратегиялық серіктес ретінде Қазақстанмен байланысты арттырып, бірлескен жобалар мен әріптестік орнатуға дайын», – деді халықаралық сарапшы. Ресей Федерациясының Волгоград облысынан келген «Волгоград Едильбай» кәсіпорнының төрағасы Ерагий Гишлакаев еділбай қой тұқымы шектен тыс қарапайымдылығымен, өміршеңдігімен, ең қиын жағдайларға төзімділігімен ерекшеленетінін атап өтті. Ешбір өзге қой тұқымы сапасы мен сипаттамалары бойынша еділбай қойымен салыстыруға келмейді деді.

Қой шаруашылығында тұқымды қайта құру туралы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің микробиология және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, доцент, ветеринария ғылымдарының кандидаты Айнагүл Бегенова баяндады. Ол Қазақстанда қойды тұқымдық түрлендірудің негізгі механизмі қолдан ұрықтандыру деп атап өтті. Ғалым ұсақ қой шаруашылықтары арасындағы кооперацияны дамыту, биотехнология және геномдық, селекциялық жұмыстарды жүргізу, заманауи азықтандыру технологияларымен интенсивті қой шаруашылығын кеңейту, мамандарды аграрлық университеттер мен колледждерде оқыту арқылы әлеуетін арттыру секілді ұсыныстарын жеткізді.
Венгрия Республикасы елшісінің кеңесшісі Тибор Ковач, Ресейдің Мәскеу қаласынан келген «Интеллектуальное животноводство» кәсіпорны департаментінің директоры Александр Кожедуб қой шаруашылығын дамыту жөнінде сөз алды. Сондай-ақ «Аграрлық кредиттік несие корпорациясы» АҚ төрағасының орынбасары Тимур Аяпбергенов бордақылау алаңдарын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы туралы баяндады. Өзге де баяндамашылар қой тұқымдарын дамыту, асыл тұқымды қой шаруашылығы, тауарлы несиелеу секілді өзге де тақырыптар жөнінде қаузады. Форум барысындағы талдау мен талқылаулар нәтижесінде салалық міндеттерді шешудің кешенді тәсілі ескеріліп, қорытындылар мен ұсыныстар әзірленді. Мысалы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қой шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын нақты көрсеткіштермен әзірлеу, қолданыстағы субсидиялау ережелерін жаңарту ұсынылды. Онда қой басын 25 млн-ға дейін жеткізу, жыл сайынғы қой еті өндірісін 132,8 мың тоннадан 250 мың тоннаға дейін арттыру және басқа да іс-шаралар қамтылған. Сондай-ақ қой шаруашылығы бойынша агро-мамандарды даярлау жүйесін іске қосу, асыл тұқымды мал өсірудің занауи әдістерін енгізу, өндірісті цифрландыру секілді басқа да ұсыныстар бар.
Бұқаралық тойға ұласқан фестиваль
Тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылған фестиваль сән-салтанаты келіскен мерекелік іс-шараға ұласты. Оралдықтар мен қала қонақтары қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесін, ұлттық киімдер сән көрсетілімін, ұлттық ойындарды тамашалады. Әсіресе қой жүнінен тоқылған киімдер, өрнекті киіздер көрмеге сән берді. Тоғызқұмалақ, бес асық, ләңгі тебу, арқан тарту секілді өзге де ойындар тартысты өтті. Аспаздар қой етінен жасалған ұлттық тағам түрлерін дайындап, тойшыларға дәм татырды. Сонымен қатар қой жәрмеңкесі мен аукцион, қой қырқу және сою, етті жіліктеуден жарысқан азаматтардың өнері көпшілікті тәнті етті. Облыстағы 12 аудан киіз үй құрып, ұлттық салт-дәстүрді насихаттады. Ақшаңқан үйге бас сұққан қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты. Әжелер әндетіп отырып жүн түтсе, қыз-келіншектер ұршық иірді. Енді бірі сырмақ сырып, тоқыма тоқығандары да көзге түсті.
– Еліміздегі етті-майлы, құйрықты қойларды асылдандыратын тұқымдық қор «Бірлік мал зауыты» ЖШС-да сақталған. Қазір мұндағы 10 мың асыл тұқымды еділбай қойы бар, оның 4 мыңы – саулық. 250 ірі қара мал және 800-дің үстінде жылқы бар. Шаруашылықта 130 адам жұмыс істейді. Серіктестік 1989 жылдан бері Алматыдағы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиясы институтымен бірлесіп, селекциялық жұмыстар жүргізуде. Соның нәтижесінде 2004 жылы ҚР Әділет министрлігінде еділбай қой тұқымы ішіндегі «Бірліктік типті» қойларды шығарғаны үшін №3 патентті алды. 1968-2025 жылдар аралығында біздің шаруашылықтан 185 мың бас асыл тұқымды еділбай қойы сатылды. Қой шаруашылығында қиындықтар бар. Малшы-шопандар жетіспейді. Біз, мысалы, шопандарды ішкі істер құрылымдарының қызметкерлері секілді белгілі бір жылдан соң зейнеткерлікке шығарса, зейнетақысына қосымша қаржы төленсе деген ой-ұсыныстарымызды айтып жүрміз. Мүмкін сонда қой бағуға қызығушылық оянар? Тері мен жүнді қабылдап, өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Сондықтан да бұл – шығынға батырып тұрған сала. Иран инвесторы зауыт ашса, шикізат тапсырамыз деп үміттеніп отырмыз. 15 айлық, 2, 3, 4 жасар қойларды әкелдік. Сонымен бірге 50 қошқарды аукционға шығардық. Форумда әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, шетелдегі шаруашылықтар жайлы мол мағлұмат алдық, – деді Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС директоры Қанат Ешімов.
Фестивальде өңірдегі қой шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген және бүгінде зейнетке шыққан майталман мамандар түрлі марапатқа ие болды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Еңбек ардагері» медалімен «Бестау» ЖШС басшысы, осы салада ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткер Исмағұл Дүсенбаев (Бөрлі ауданы), «Жаңалық» ШҚ басшысы, 57 жыл осы салада еңбек еткен тәжірибелі шопан, зейнеткер Қойшыбай Зделеуов (Тасқала ауданы) және бірнеше шопан марапатталды. Сондай-ақ бір топ шопан облыс әкімінің алғысхатына ие болды. «Файнуллин» шаруа қожалығында жұмыс істегеніме жеті жыл болды. Ауылдық әкімшілік осы еңбегімді бағалап, марапатқа лайық деп тауыпты. Облыс әкімінің қолынан алғысхат алдым. Қой шаруашылығының да өз қиындығы бар. Бірақ еңбек еткен соң, бәріне төзу керек. Ерінбеген жөн. Малды бақпаса, өздігінен келіп ас болмайды», – деді Бәйтерек ауданындағы «Файнуллин» ШҚ шопаны Ерболат Дәулетов.
Жоғарыда айтып өткендей, спортшы қыз-жігіттер түрлі ойынның көрігін қыздырды. Ет жіліктеуден жарысқандар да өзара кім мықтыны анықтады. Казталовтық Нұрлыбек Айтқалиев (4 минут 19 секунд) 3-орын, қаратөбелік Нұрдәулет Құрманбаев (4 минут 8 секунд) 2-орын, ал бәйтеректік Нұрлыбек Қазиев (3 минут 27 секунд) 1-орын иеленді. Ал қыздар бес асықтан шеберлік сынасты. Нәтижесінде сырымдықтар 1-орын алса, бөрлілік, жәнібектік және бәйтеректік қыздар жүлделі орындарды өзара бөлісті. Арқан тартудан 1-орынды Казталов ауданы, 2-орынды Орал қаласы, ал 3-орынды Сырым ауданының командасы иеленді. Ләңгі тебуден оралдық Асыланбек Жұмабаев (527 ұпай) жеңімпаз атанса, жаңақалалық Біржан Қисымов (357 ұпай) 2-орын, ал жәнібектік Сейфолла Сикенов (342 ұпай) 3-орын алды. Бұқаралық сипат алған фестивальді тамашалаған халықтың көңілі көтеріңкі болды. Соңында еріктілер Жайық жастары «Таза Қазақстан» акциясы аясында іс-шара кезінде шашылған қоқысты жинап шықты.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»