Ақжайық ауданында кешенді оқу-жаттығу жиыны өтті. Іс-шара облыс әкімі – азаматтық қорғаныс бастығының өкіміне сәйкес үш жылда бір өтеді. Мақсаты – аудандағы азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығын тексеру, жай-күйін зерделеу.

Жиынның алғашқы күнінде аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысы болды. Онда аудандық азаматтық қорғау қызметтері басшыларының білім деңгейі тест арқылы тексерілді. Келесі күні «Баршаңыздың назарыңызға!» деген дабыл қосылып, ауданның жедел ден қою жасағының саптық байқауы өтті. Олардың қатарында 12 азаматтық қорғау қызметі – өртке қарсы, қоғамдық тәртіпті сақтау, медицина, орман қорын күзету және қорғау, байланыс, энергетика, радиациялық және химиялық барлау, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, аутокөлік, жолдар мен көпірлер, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, инженерлік және сауда, ақпарат қызметтері бар. Оқу-жаттығу басшысы – аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан Махмуд Таңатов әр жасақтың дайындығын көрді. Қызметтердің техникаларын, құрал-жабдықтарын тексерді.

Іс-шара барысында өрт, су тасқыны, жол-көлік оқиғасы, мал ауруы, көліктің суға батуы секілді оқиғалар бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы тексерілді. Яғни аудандық шұғыл әрекет ету тобы шартты оқиғалар негізінде оқу-жаттығу өткізді. Мәселен, Мерген ауылының маңындағы Жайық өзенінде ВАЗ-21099 маркілі аутокөліктің «суға түсіп кеткені» анықталды. Аутокөлік жүргізушісі мен жолаушылар көліктен шығып үлгерген. Зардап шеккендер жоқ. Жедел құтқару жасағының №6 құтқару бөлімінің құтқарушылары аутокөлікті жағаға сүйреп шығарды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Темірхан Қажғалиевтің айтуынша, қыс мезгілінде көлік жүргізушілері Жайық өзенінің үстімен өтеді. Кейде мұз ойылып кетіп, адам шығыны болады дейді. «Ауданда жалғыз көпір бар, ол – Чапаев ауылында орналасқан понтон көпір. Кейде поромдағы көліктердің тежегішетері ұстамай, суға түсіп кетеді. Осындай оқиғалар ауданда болатындықтан, шартты түрде оқу-жаттығуға кірістірдік», – деді Темірхан Серікқанұлы.

Орал-Атырау тас жолының аудан аумағындағы бөлігінде көлік көп жүреді. Адам өмірін қиятын жол-көлік оқиғаларының болатыны жасырын емес. Оқу-жаттығу барысында Чапаев ауылы мен Жайық ауылы арасындағы тас жолда «соқтығысқан» қос жеңіл көліктің бірінде қысылып қалған адамға көмек көрсетілді. Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің мобилдік тобы мен аудандық аурухана қызметкерлері келді. Күре жолдағы медициналық құтқару пунктінің мамандары зардап шеккен адамды аутокөліктен арнайы құралдардың көмегімен шығарып алды. Сол учаскеде аутокөлік қатынасы тоқтатылып, «зардап шеккен» адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем ол адамды аудандық ауруханаға жеткізді.

Тағы бір «оқиғада» тұрғынның өліп қалған бір сиырына аусыл ауруымен ауыруы мүмкін деген диагноз қойылған. Оқиға орнына аудандық аурухана мен ветеринарлық станса, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері барды. Мал тұрған Нефтебаза аумағы оқшауланып, арнайы шлагбаум орнатылып, барлық қозғалыс шектелді. Ветеринарлық станса дәрігерлері мен облыстан келген арнайы эпизотиялық тобының мамандары мал тұрған жерді залалсыздандырды. Оқу-жаттығу барысында сала мамандары «Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» КММ-ның Чапаев орманшылығының 32-орамында болған «өртті» сөндірді. Сондай-ақ аудан орталығындағы Болашақ, Тәуелсіздік және Исаев көшелерінде тұрғын үйлерге «су кіру» қаупінің алдын алды.
– Азаматтық қорғаныс – азаматтық қорғау мемлекеттік қорғау жүйесінің бір бөлігі. Әр саладағы мекеме қызметкерлері облыстық төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау бойынша білім алады. Ал облыс көлеміндегі басшылық құрам Алматыдағы азаматтық қорғау орталығында оқиды. Жыл сайын департаментте 700-ге жуық, республикалық деңгейде 70-ке жуық қызметкер оқу-жаттығу жиынына қатысады. Төтенше жағдай болған кезде 4 сағаттың ішінде жедел жасақ құрылып, толық дайын болуы керек. Оқу-жаттығу барысында кемшіліктердің бар екенін байқадық. Заңнамаға сәйкес әрбір азаматтық құрылым газқағарлармен (противогаз) 100% қамтылуы керек. Саптық байқау барысында бұл құрылғының бәрінде бар екенін көрдік. Бірақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткендері де бар екен. Сондықтан оларды ауыстыру қажет болып тұр. Көптеген жабдықтың да пайдалану мерзімі өткенін білдік. Кешенді оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін қорытынды шығарылып, облыс әкіміне қызметтік жазба жолданады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан Махмуд Маратұлы.

Аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітовтің айтуынша, аудандағы коммуналдық саланың материалдық-техникалық базасы күшейтуді қажет етеді. «Біз бұл жайтты оқу-жаттығудан тыс кезде де көріп, біліп жүрміз. Мысалы, ауданда Тайпақ және Чапаев электр желілері бар. Арғы беттегі, яғни Тайпақта арнайы техникалармен жарақтандырылу төмен. Арнайы техникалар қажет. Соңғы жылдары орман шаруашылығына жаңа техникалар беріліп жатыр. Медицина саласы мен құқық қорғау қызметтері бір жолға қойылған. Жалпы, төтенше жағдай кезінде бірінші кезекте әрекет етуге барлық қызметтің мүмкіндігі бар, – деді аудан әкімінің орынбасары. Оқу-жаттығудың қортындысы бойынша ауданның инженерлік, қоғамдық тәртіп сақтау, медициналық қызмет, орман қорын күзету және қорғау, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қызметтері белсене қатысқандары үшін облыстық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының алғысхаттарымен марапатталды.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»,
Ақжайық ауданы