21.08.2025, 10:15
Оқылды: 239

Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ кепілі

Қазақстанда тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн – ел спортына үлес қосып жүрген бапкерлер мен спортшылардың, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанатын барша жанның мерекесі. Осыған орай ұйымдастырылған мерекелік шарада аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев спортшылар мен сала ардагерлерін құттықтап, жылы лебізін білдірді.

image-21-08-25-08-20

Өз сөзінде Жаңақазан ауылындағы жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуі, елді мекендерде салынған футбол алаңдары, аудандық спорт клубына берілген жаңа автокөлік – барлығы да жастардың спортқа бет бұруына, аудан спортының дамуына жасалып жатқан нақты қолдау екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұқаралық спорттың дамуы – болашақтың жарқын кепілі екенін айтып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізіп, спортшыларға алғысхаттар табыстады.

image-21-08-25-08-20-4

Марапат иелері қатарында Қазақстан Республикасы ардагерлер арасындағы чемпионаттың жеңімпазы Марат Есмағұлов, тоғызқұмалақтан ҚР чемпионатының жеңімпазы Қаламқас Карина, ҚР кубогының иегері, спорт шебері Айбатыр Миразат, самбо және жауынгерлік самбодан Жалғас Тілекқабылов, аударыспақтан ел чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Қолғанат Серіков сынды аудан мақтаныштары бар. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға сүбелі үлес қосқан мекеме қызметкерлері лигасы, «Ақ бидай» облыстық спартакиадасы мен түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы сайыстар мен ардагерлер арасындағы шахмат лигасының жүлдегерлері де назардан тыс қалмай, арнайы алғысхаттар мен қаржылай және естелік сыйлықтарға ие болды.

image-21-08-25-08-20-1

Жыл сайын аудан спортшылары облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, ел мерейін үстем етіп жүр. Атап айтқанда, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, футбол, дзюдо сынды спорт түрлерінен жетістіктер аз емес. Бұл – жаттықтырушылар мен спорт саласының жанашырларының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

image-21-08-25-08-20-6

Салауатты өмір салты – ұлт денсаулығының кепілі. Сондықтан спортты қолдау, дамыту – әр азаматтың міндеті. Осы орайда Жаңақала жұртшылығын, спорт майталмандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, спорттық жетістік, ел мерейін асырар жеңістер тілейміз.

 

Сыйлыхан Талапұлы,

Жаңақала ауданы

image-21-08-25-08-20-3 image-21-08-25-08-20-5 image-21-08-25-08-20-2

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале