Бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында ел Конституциясының 30 жылдығына орай «Ел ардағы – Ата заң» атты мерекелік кеш өтті.

Алдымен өнер ордасының фойесінде аудандық кітапхана ұжымы тақырыпқа сай көрме жасақтап, библиографиялық шолу жасады.

Шара шымылдығын Нұржан Отарбаев жетекшілік ететін халықтық ұлт-аспаптар оркестрі ашып, Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай» шығармасын орындады.

Одан соң Мемлекеттік Гимн шырқалып, сахна төрінен табылған аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар мерекелік құттықтауын жолдады.

Аудан өнерпаздары өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жаңақалалықтарға әуелете ән салып, мың бұрала билеп, күмбірлете күй төгіп, кең қошеметке бөленді.

Салтанатты кеш «Қазақ елі» әнімен қорытындыланды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы