Сырым аудандық «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен ауылдық округтердегі ардагер спортшылар арасында асық және мылтық ату, дартс түрінен өзара сайыс өткізілді.

Аға буын өздерінің ширақ, мерген, ең бастысы жастарға салауатты өмір салтын ұстануда зор үлгі екендерін көрсетті.
Асық атудан Бақытжан Құлбаев, Қайыржан Ержанов, Халидолла Зайнуллин жүлделі орындарды бөліссе, мылтық атудан Біран Қажымов, Әбіл Бақтияров, Асан Семғалиевтің шоқтықтары биік болды.

Ал, дартста ардагерлер арасында Ермекқали Әшімов, Қайыржан Ержанов, Берік Наурызов алдарына ешкімді жібермеді.
Жарыста жүлделі орын алғандарға арнайы диплом және ақшалай сыйлықты аталмыш клубтың директоры Ерболат Мұқанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев, Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде тапсырды.

Сөйтіп, ҚР Констииуциясының 30 жылдығы және жерлесіміз, абыз ақын Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған ардагерлер арасындағы сайыс өз мәресіне жетті.
Бейбіт Жансерік,
Сырым ауданы