29.08.2025, 14:30
Оқылды: 695

Ата Заң – тәуелсіздік тірегі!

 

1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 30 жыл толып отыр. Ата Заңымыз елдегі қоғамдық-саяси дамудың, демократиялық институттардың қалыптасуының негізгі кепілі болып келеді. Конституцияның 3-бабында көрсетілгендей, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Осы қағидат халықтың еркін білдіруінің басты құралы саналатын сайлау арқылы жүзеге асып келеді.

WhatsApp Image 2025-08-29 at 12.41.03

Соңғы жылдары елімізде сайлау заңнамасына елеулі өзгерістер енгізіліп, саяси жүйені демократияландыру бағытында маңызды қадамдар жасалды. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйе бойынша өткізіле бастады, саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілді, әйелдер мен жастар үшін квота қарастырылды. Сондай-ақ байқаушылар институтының қызмет аясы кеңейіп, сайлау процесінің ашықтығы арта түсті. Бұл өзгерістер сайлаудың әділ әрі бәсекеге қабілетті өтуіне ықпал етіп, халықтың саяси белсенділігін арттыруға жол ашты. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бекіткен жаңа қағидаттары елдің демократиялық даму бағытын нығайтып, халық қалауының шынайы жүзеге асырылп келе жатқанын көрсетеді.

2022 жылы елімізде Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша республикалық референдум өтті. Бұл тарихи науқанға біздің облысымыздың да сайлаушылары белсене қатысып, өз көзқарастарын білдірді. Референдум барысында облыс бойынша сайлаушылардың 69,37 пайызы Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдап, дауыс берді.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты бүгін өткен ғылыми-практикалық конференциядағы сөзінде «Бұл — конституциялық реформа ауқымының айқын көрсеткіші. Көп жылдан бері қоғамның көкейінде жүрген Әділдік, Ашықтық, Есептілік, Жауапкершілік қағидаттары Ата заңда көрініс тапты. Азаматтардың Конституцияға сенімі нығая түсті. Референдум өткізудегі басты мақсат осы болатын» деп атап өтті.

Конституцияның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген 2025 жыл Батыс Қазақстан облысында да саяси оқиғаларға толы болды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы биыл бірқатар маңызды науқанды ұйымдастырды. Атап айтқанда, жыл басынан бері барлығы 47 ауылдық округтің әкімі сайланды. 30 наурыз күні Орал қаласы және Тасқала аудандарындағы мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткізілді. Жыл соңына дейін өкілеттіліктері аяқталатын 7 ауылдық округ әкімінің сайлауын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар Сырым, Қаратөбе аудандарындағы мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау 26 қазанға тағайындалды.

Науқандар барысында бірқатар маңызды міндеттерді іске асырылды:

- жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін уақытылы жаңартып, деректердің нақтылығын қамтамасыз етті;

- сайлаулар барысында әлеуметтік мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасалды;

- сайлауға қатысатын барлық комиссия мүшелері арнайы оқыту курстарынан өтіп, тәжірибелік деңгейін арттырды;

- жергілікті БАҚ пен қоғамдық байқаушылардың сайлау процесіне кеңінен қатысуына мүмкіндік берілді. Үстіміздегі жылы өңірімізде өтетін сайлауларды байқау құқығына тиісті аккредитациядан өткен 20 қоғамдық бірлестік ие болды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуы – ел тарихындағы маңызды белес. Ата Заңда айқындалған халық билігі қағидаты сайлау арқылы нақты іске асуда. Батыс Қазақстан облысында өткен ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттарының сайлауы – демократиялық дәстүрлердің орнығып, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түскенін көрсетеді. Сайлау науқандарының ашық әрі әділ өтуі – халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін арттырып, Конституцияда бекітілген демократиялық қағидаттардың өміршеңдігін дәлелдеп отыр.

Тәуелсіз еліміздің негізгі заңы – Конституцияның 30 жылдық мерейтойы барша халқымыз үшін үлкен тарихи оқиға болып отыр. Бұл мерейтой қоғамдағы демократиялық институттардың орнығуын, заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі Конституцияның маңызын тағы бір айқындайды. Ата Заңымыз мәңгілік ел мұратын айқындап, әділетті қоғам орнатудың берік іргетасы болып қала берсін!

Халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің тұтастығы артып, демократиялық құндылықтарымыз нығая берсін!

Осы мереке қарсаңында облысымыздың барлық сайлаушыларын, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялардың мүшелерін, сайлау процесіне қатысатын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін мерейлі межемен шын жүректен құттықтаймын.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы құтты болсын!

Әділ Жоламанов,

Батыс Қазақстан облыстық аумақтық

сайлау комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале