29.08.2025, 20:00
Оқылды: 174

Ардың жүгін арқалаған азамат

26 тамыз күні аудан орталығында «Парасат», «Құрмет» және «Достық» ордендерінің иегері, мемлекет және қоғам қайраткері, Батыс Қазақстан облысының және Казталов ауданының «Құрметті азаматы» Мирболат Хабиұлы Жақыповтың 70 жас мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

9c0ee8d2-d964-406f-991a-825a12460f51
Алдымен Мирболат Хабиұлы өзі 1962-1972 жылдары білім алған Алма Оразбаева атындағы мектептің жаңа ғимаратымен, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген заңгері, Казталов ауданының халық судьясы, әкесі Хаби Жақыпов атындағы сыныптың және мектеп мұражайының жұмысымен танысты.
Мектеп мұражайында Мирболат Хабиұлына арнайы бұрыш жасақталған. Онда ел ардақтаған азаматтың қызметі хақындағы Президент Жарлықтары, Алғыс хаттары, өзінің қаламсабы мен естелік суреттер, мақалалары жарияланған журналдар бар.

1d323e31-4c03-4d7f-8b31-a58b1b3cb76f
Атаулы білім ордасының тындырымды тірлігіне оң бағасын берген Мирболат Хабиұлы балалық шақтағы естеліктерімен бөлісті.
- Әкем 1938-78 жылдар аралығында Бөрлі, Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарында сот төрағасы, 1957-1978 жылдарда төрт рет халықтық дауыс беру арқылы Казталов ауданының сот төрағасы болып сайланды. Менің балалық шағым осы Сарыөзен бойында, Қарасу тоғаны маңында өтті. Қай жерде, қай елде жүрсем де туған өңірді, топырағына аунап өскен ауылды ұмытқан емеспін. Бүгін «елде жүрген бір баламыз келді» деп құрмет көрсетіп жатқан жерлестеріме алғысым шексіз, - деген ел ағасы мектепке заманауи интерактивтік панель сыйға тартты. Сонымен қатар мектеп директоры Марал Төлекенованы өзі басшылық ететін ««Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Елеулі еңбек үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Содан соң Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы аясында халқымыздың заң саласындағы көрнекті тұлғасы, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген заңгері, Казталов ауданының халық судьясы Хаби Жақыпұлының 110 жылдығына арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, БҚО сотының төрағасы Азат Ізбасаров, Хаби атамыздың ұрпақтары Мирболат және Төремұрат Жақыповтар, «БҚО мемлекеттік Банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы» Серік Сүлейменов, «Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ төрайымы Айгүл Есекенова қатысты. Мирболат Хабиұлы әке қызметін елеп, құрмет көрсеткен аудан жұртшылығына ризашылығын білдіріп, Казталов аудандық сотына «Altair» Хаби Жақыпов атындағы жеке қорының алғыс хатын табыстады.
Елге елеулі азамат С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында аудан жұртшылығымен кездесті.

487340af-d6c0-4fad-b5f5-dd29ca5f58ca

«Ардың жүгін арқалаған азамат» атты кездесу кеште аудан әкімдігінің тапсырысымен, «AQJAIYQ» телеарнасы дайындаған бейнематериал көпшілік назарына ұсынылды. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы мәртебелі мейманға құрмет көрсетті.
- Бүгінгі кездесу кешіміз – ауданымыздың ғана емес, күллі елдің абыройын асқақтатқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтымыздың ардақты ұлы – Мирболат Хабиұлы Жақыповтың өнегелі өмір жолына арналған тағылымды басқосу. Өмір жолыңызға көз салсақ, бала кезден-ақ білім мен еңбекке құштарлық танытып, Қиыр Шығыстағы әскери борышыңыздан бастап, еліміздің тәуелсіздігін алғаш қадамынан бірге қалыптастыру жолындағы табанды қызметіңіз – нағыз адалдықтың, қайсарлықтың айғағы. Қазақстанның БҰҰ құрамына мүше болуы, электрондық құжат айналымының іргесін қалау, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту, бюрократиямен күресу және архив ісін жаңғырту – Сіздің есіміңізбен тығыз байланысты. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Президент Әкімшілігінде абыройлы еңбек етіп, елдің саяси-әлеуметтік тарихына өшпес із қалдырдыңыз. Туған жерге, өскен елге жасаған еңбегіңіз де айрықша, - деді аудан әкімі.

71a25da6-c566-460e-87c6-9dcd2af48328
Кездесуде Мирболат Хабиұлы балалық шағынан сыр шертіп, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесін, ауылдық ортадан бастау алған еңбекқорлық пен табандылық қасиеттерін еске алды. Өмір жолындағы қиындықтар мен жетістіктерін, ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңдеріндегі жауапты сәттерді айта отырып, саяси тұрғыдағы маңызды шешімдер мен рухани құндылықтардың әрдайым қатар жүретінін атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте жинаған мол тәжірибесін бөлісіп, жас мамандарға адалдық пен жауапкершілікті басты ұстаным ету қажеттігін баса айтты. «Мемлекеттік қызметші – халықтың аманатын арқалаған тұлға, сондықтан ол әрдайым ел мүддесін биік қоюы тиіс» деген ойымен бөлісіп, қатысушыларға ағалық ақыл-кеңесін жеткізді.
Сырлы сұхбат кешінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, «Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ төрайымы Айгүл Есекенова, еңбек ардагері, Казталов ауданының «Құрметті азаматы» Уалиолла Әбішев жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мерейтой иесін құттықтады. Жүсіп Ғабдылханұлы кеш иесіне аудан жұртшылығы атынан ат мінгізді. Сый-құрмет пен ізеттіліктің белгісі ретінде Мирболат Хабиұлы ауыл ақсақалы, ел абыройына айналған Уалиолла Әбішевке иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Бұл – ағалық дәстүр мен азаматтық парасаттың жарқын көрінісі болды.

Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале