22.12.2016, 17:22
Оқылды: 54

Қамкөңіл бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады

        Бүгін Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникациялар дирекциясы жанындағы «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы Орал қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап Жаңа жыл кешін өткізді.

         Өңіріміздегі «Бәйтерек» мүгедек балалар қоғамдық қорының дерегі бойынша облыс бойынша 12 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалар тіркелген. Оның үш мыңға жуығы Орал қаласында тұрады. Мыңнан астам бала ауыр дертті болса, соның 329-ы мектепке мүлдем бара алмайды.

-Мүгедек балаларға жаңажылдық мереке мен қуанышты көңіл күй сыйлау шарасы бірқатар мекеме-кәсіпорындарда ұйымдастырылуда. Балабақшаға, мектепке бармайтын, жаңажылдық кештің не екендігін білмейтін мүгедек жандар үшін бұл - үлкен қуаныш. Әрине, барлық мүгедек балаларды қуанту мүмкін де болмас. Дегенмен әр мекеме, әр жеке тұлға жылына бір мәрте қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөліп, аз да болса демеушілік жасау керек деп ойлаймын. Бүгінгідей тамаша мереке ұйымдастырған «Қазтелеком» ұжымына балалардың ата-аналары және өз атымнан алғыс айтамын, - дейді «Бәйтерек» қоғамдық қорының жетекшісі Меруерт Санкаева.

Аталмыш мекеме ұйымдастырған жаңажылдық мерекеге жиырмадан астам мүгедек бала қатысты. Қуанышқа кенелген қамкөңіл бүлдіршіндерді «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхтар Серікұлы, «Қазтелеком» дирекциясындағы «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі Владимир Ткачев құттықтап, жаңажылдық сыйлықтар мен тәтті толы қалташалар тарту етті.

Әсем безендірілген шырша маңына жиналған балалар ән салып, би билеп, аниматорлардың қызықты қойылымдарын тамашалады.

Нұрбек Оразаев,

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале