6.09.2025, 14:30
Оқылды: 333

Тақтадағы тартыста БҚО құрамасы І орын иеленді

Жуырда Астана қаласында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер және БАҚ саласының өкілдері арасында «Senat Open-2025» республикалық турнирі өткен болатын. Байрақты бәсекеге еліміздің 20 аймағынан 3 мыңнан аса адам қатысса, сайыс финалында 215 шахматшы бақ сынады. Нәтижесінде БҚО құрамасы командалық есепте І орын иеленді.

өтеген мүбарак

Облыс намысын қорғағандар сапында Теректі ауданының қоғамдық кеңес мүшесі Өтеген Мүбарак үздік өнер көрсетіп, командаластарының жеңіске жетуіне айтарлықтай үлес қосты.

«Шара өте тартысты өтті. Қарсыластарымыз да осал болған жоқ. Бірінші партияда өзіме тым сенімді ойнадым ба, қарсыласқа есе жіберіп алдым. Алайда, жинақталып, алты партияда жеңіп, бір рет тең түстім. Тартысты ойында тағы бір қарсыластан ұтылсам да, қорытынды нәтижем бойынша үздіктер қатарынан көріндім. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, біздің де шеберлігіміз шыңдалып қалар еді. Бұл шараның негізгі мақсаты тек спорттық ойын емес, өңірлердегі әріптестерімізбен танысып, тәжірибе алмасу деп білемін. Шараға қатысуыма ықпал еткен басшылығыма, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, аудандық мәслихатқа айтар алғысым шексіз», - дейді Өтеген Ғабдолұлы.

Жеңімпаздарды Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қабылдап, алғысхаттар табыстады.

Рауан Сатыбалдиев
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале