Айналаны жайқалтып, жерге жан бітіретін көктем мен жаздың берекесі – маңдай термен келетін өнімде, адал еңбекте. Білім нәрін шәкірт санасына сеуіп жүрген ұстаздар қауымы бұл жолы табиғат - ананың төсіне дән сеуіп, шынайы еңбекпен сусындады.

Шыңғырлау ауданына қарасты Амангелді негізгі орта мектебінің ұжымы жазғы демалысты құр өткізбей, бау-бақша жұмысын қолға алды. Бұл – жай ғана хобби емес, тіршілікке жан бітіріп, топырақпен тілдесудің, табиғатпен үндесудің нақты көрінісі.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жүсіпқали Лесов, тарих пәнінің маманы Ақмарал Лесова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадырбек Нұрдәулетұлы бастаған бір топ ұстаз 2023 жылдан бері қарбыз бен қауын егу ісін дәстүрге айналдырған. Ынтымақпен басталған іс нәтиже бермей қоймады.
Жасыл бақтың әр түйір топырағы – маңдай термен суарылған. Көшет өсірудің өзі – үлкен жауапкершілік. Ұстаздар қауын көшеттерін арнайы көшетханада 20–25 күн баптап, кейін жерге отырғызған. Еңбекті жеңілдетіп, су үнемдеуге мүмкіндік беретін тамшылатып суару әдісі қолданылған. Сондай-ақ екі апта сайын сұйық биогумус тыңайтқышы беріліп, табиғи, экологиялық таза өнім алуға күш салынды.
Ұстаздар үшін бұл – жай ғана еңбек емес, өмірлік сабақ. Топырақпен тілдескен жан табиғатты түсінеді, оны аялауға үйренеді. Бұл – балаларға айтылатын құрғақ насихаттан гөрі, үлгі арқылы берілетін тәрбие.
– Бақшаның әр бұрышы – маңдай тердің жемісі. Оқушыларымыз да бізден көріп, еңбекке қызығып жүр. Еңбектің қадірін білу – әр азаматтың бойында болуы керек қасиет. Біз сол қасиетті бойымызда да, жүрегімізде де сіңіруді жөн санадық, - дейді ұстаздар.
Жайқалған бақ – ұжымдық ұйымшылдықтың жемісі. Мұндай бастамалар ауыл мектептері үшін үлкен серпіліс болары анық. Көктемде жерге сіңген бір түйір дән – күзде мол өнімге айналып, жүрекке қуаныш, санаға сенім сыйлайды.
Аягөз Бақтығалиева,
Шыңғырлау аудандық білім бөлімінің баспасөз маманы