Бүгін аудандық ардагерлер үйінде қариялар бас қосты. Алғы сөз аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қайырғали Жаимовқа беріліп, ұзақ жылдар бойы аудан көлемінде еңбек сіңірген зейнеткерлерді мерейлі жасымен құттықтап, оларға алғысхат пен сыйлық табыс етілді.
Мал шаруашылығын дамытуда елеулі үлес қосқан Жұмазия Бәденқызы 85 жасқа толса, жүк тасымалдау саласында айтарлықтай іс атқарған Тимур Талапұлы мен пошталық байланыс саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған Күміс Мұхамбетқалиқызы 70 жасқа толып отыр. Сондай-ақ, аудан биігінен абырой биігіне көтерілген Нұрлан Ғалымжанов, Табылды Мақсатов, Қанатқали Нұрғалиев сынды еңбек майданында еселі тер төккен тұлғаларға "ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі" Қоғамдық бірлестігінің атынан "Құрметті ардагер" төсбелгісі табыс етілді. Әрі қарай, жиналғандар ыстық ықыластарын білдіріп, жылы лебіздерін айтты.
Өмірін өнегеге, еңбегін елге арнаған жандарға құрмет көрсетіліп, жүздеріне нұр үйіріліп, ризашылықтарын білдірді. Жиын соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының сүйемелдеушісі Ерлан Сатыбаев баян аспабымен ескі әндерден шырқап, қосыла әндеткен қариялар қошеметін білдірді.
Келешек ұрпақ сіздерден үлгі алып, дара жолды жалғастырсын!
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы