Орал қаласында спорт ардагері Сағидолла Қатеновтің зейнет жасына толу мерейтойына арналған волейболдан 55 жастан жоғарылар арасында ашық турнир мәресіне жетті.

Жарысқа Ақтөбе қаласының командасы, Оралдан "Намыс", "Денсаулық" клубтары, сондай-ақ Казталов, Бөкей ордасы, Бөрлі ауданының құрамалары қатысып, бақ сынады.
Турнирдің ашылу рәсіміне қатысқан Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов спортты насихаттауда, салауатты өмір салтын орнықтыруда ардагерлердің үлгісі маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті.
Бас төреші Қамбарбек Сәлімов ардагерлер арасында осындай додалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жаңақала ауданында туып-өскен Сағидолла Қатенов волейболмен ұдайы айналысады. Бұл жолы да ол "Намыс" командасында өнер көрсетті.
Финалда аса тартысты ойында Ақтөбе командасын 2:1 есебімен ұтқан "Намыс" волейболшылары жеңімпаз атанып, 300 мың теңгелік сыйлыққа ие болды. Ақтөбеліктерге 200 мың теңге бұйырса, Казталов ауданының командасы (100 мың теңге) үздік үштікті түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер "Орал" спорт клубының арнайы кубок, диплом, медальдарымен және С. Қатеновтың отбасы атынан ақшалай сертификатпен марапатталды.
"Намыстың" шабуылшысы Павел Агеев "Үздік ойыншы" ретінде дараланды. Сондай-ақ Бөкей ордасы командасынан Ғайсағали Сейтақ "Үздік шабуылшы»", Бөрлі ауданынан Дүйсенбай Ғұмаров "Үздік қорғаушы", "Денсаулықтан" Ғарифолла Қуанғалиев "Үздік байланыстырушы", казталовтық Ғаділбек Сатыбалдиев "Көрермендер көзайымы", ақтөбелік Аманкелді Сүйінтаев "Ақсақал" аталымымен марапатталды.
Елжан Ералы,
Орал қаласы