10.09.2025, 10:15
Оқылды: 187

Ассамблея – бірлік  пен келісімнің  іргетасы

Таяуда Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жұмыс сапарымен облысқа келді. Марат Әзілханов Орал қаласындағы "Атамекен" өнер ордасының конференц залында ассамблеяның өңірлік активімен кездесіп, мерейтой аясындағы іс-шаралар, маңызды әлеуметтік бастамалар туралы ой-пікір алмасты. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыстық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

DSC04499

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған стратегиялық бағыттар – жастарды ҚХА жұмысына белсенді тарту, этномедиацияны дамыту, әлеуметтік  жобаларды кеңейту, азаматтық қоғамды қолдау мәселелері талқыланды.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов  өз сөзінде Батыс Қазақстан облысы – этностардың тату тірлігін, мәдени алуан түрлілікті сақтай отырып, қоғамдық келісім мен бірлікті дамытуға үлес қосып келе жатқан өңір екендігін атап өтті. Ассамблея өкілдері түрлі этностардың мәдениетін сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту, қазақстандық патриотизмді дамыту бағытындағы жұмыстарын таныстырды.

– Қазіргі таңда өңірде 157 аналар кеңесі бар, құрамында 1230 белсенді ана жұмыс істейді. Олар отбасы тәрбиесі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, жасөспірімдермен жұмыс сияқты маңызды бағыттарда қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар ҚХА Аналар кеңесінің "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы аясында бағдарлама әзірлеу, түсіндіру және іске асыру жұмысына Аналар кеңесі белсенді қатысуға дайын. Жаңа бағдарлама – бала  дауысын еститін, сол дауысқа құлақ салатын қоғамдық сананы қалыптастырады деп сенеміз. Облыстық Аналар кеңесі облыс әкімдігінің қолдауымен екі жыл бойы республикалық ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің жоспарымен "Азамат тәрбиелеген отбасы", "Алтын шаңырақ", "Күміс кереге" деген аталымдармен үлгілі отбасыларды марапаттау, "Ел анасы" құрметті атағын беру, "Аялы алақан" алқасын тапсыру арқылы отбасы институтын қолдау шараларын атқарып жүр. Биыл  облыс әкімдігінің қолдауымен 25, 30, 40, 50, 60 жыл отасқан 15 мерейлі отбасыға арнайы құрмет көрсеттік, – деп сөзін сабақтаған "Аналар кеңесінің" төрайымы Шалқыма Құрманалина әйелдермен жұмыс істеуде өңірде білікті психологтердің жетіспейтінін жеткізді. "Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалының төрағасы Илияр Муталипов өз тәжірибесімен бөлісіп, қазақ тілін меңгерудің тек қажеттілік емес, рухани ынтымақ пен бірліктің кепілі екенін баса айтты.

Жиында сөз алғандар облыста тұратын 80-нен астам этнос өкілінің бейбіт  өмір сүруі – өңірлік ҚХА құрылымдарының күнделікті еңбегінің нәтижесі екендігін алға тартып, этномәдени бірлестіктер, ұстаздар, медиаторлар мен еріктілер бірлесіп, қазақстандық азаматтық бірегейлік пен рухани келісімді нығайту жолында еңбек етіп жүргенін атап өтті.

"Грамада" белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы Ирина Разенкова ҚХА-ның тек мемлекеттік құрылым емес, шынайы достық пен сенім алаңы екеніне назар аударды. Оның айтуынша, ассамблея – этностардың тек мәдениетін сақтау емес, оларды біртұтас қазақстандық ұлт ретінде қалыптастырушы институт.

Облыстық ҚХА құрылымдары "Мектепке жол", "Жомарт жан", "Мейірімділік керуені" сияқты бастамаларды табысты жүзеге асырып келеді. Мәселен, жыл сайын 200-ден астам отбасыға көмек көрсетілсе, тек биылдың өзінде 500-ден астам оқушы мектеп құралдарымен қамтылған.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өңірлік ҚХА құрылымдарының жұмысын саралап, этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту бағытында атқарылып жатқан істерге баға берді.

Көшбасшы  жастар  марапатталды

Сапар аясында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Орал  қаласындағы Жастар мәдениет үйінде "Ассамблея жастары" РҚБ-ның облыстағы өкілдерімен кездесті. Кездесуде  жастардың көшбасшылық қабілетін дамыту, креативті жобаларға қолдау көрсету, оларды ассамблеяның әлеуметтік маңызды бастамаларына тарту мәселелері қозғалды.

– Бүгінде "Ассамблея жастары" жастар қозғалысының өңірлік өкілдігі өз жұмысын күшейтіп келеді. Жастар қоғамдық келісім, бірлік пен өзара түсіністік бағытындағы жобаларына белсенді қатысуда. Олардың ұйымдастыруымен  диалогтық алаңдар, волонтерлік акциялар, семинарлар  тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның ішінде БҚО жастары көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеуде ерекше рөл атқарады. Татулық пен келісім – кез келген елдің даму кепілі, ал оны сақтап, нығайту – жастардың қолындағы маңызды міндет, – деп атап өтті ассамблея жастары РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев.

Ассамблея жанынан құрылған Жастар қанаты – бұл түрлі этностардың өкілдері бас қосатын, ортақ идеяларды талқылайтын және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыратын алаң.   Еркін сипатта өткен кездесуде ассамблея жастарымен қоса облыстың белсенді жастары өңірдегі жас көшбасшылардың белсенділігі, әлеуметтік жобаларға қатысуы, шығармашылық бастамаларды қолдау мәселелері туралы ой-пікірін ортаға салды.

Кездесу соңында түрлі форумдар  мен фестивальдерге қатысып, қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып жүрген көшбасшы жастар Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы орынбасарының алғысхатымен марапатталды.

Гүлжамал  Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале