Police.kz ақпараттық медиа-порталы алаяқтардың ең көп қолданатын 10 айласын жариялады.

Фото: zhaikpress.kz
- "Ақшаңызды сақтау үшін оны басқа шотқа аударыңыз немесе депозиттен шешіп, басқа шотқа салыңыз". Жалған қауіп тудырып, адамды шатастырады.
- "Сізбен тергеуші немесе ІІМ, ҰҚК қызметкері сөйлесіп тұр. Тұтқаны қоймаңыз". Жалған беделге сүйеніп, қысым жасайды.
- "Бұл қоңырау туралы ешкімге айтпаңыз — құпия операция жүргізіліп жатыр". Жәбірленушіні оқшаулап, кеңес алуына кедергі жасайды.
- "Кілт сөзді өзгертуге өтінім түсті". Шотқа қолжетімділікті жоғалтасыз деген ой салады.
- "Мен байланыс операторының қауіпсіздік қызметіненмін. Қазір сізге код келеді, соны айтып жіберіңіз". SIM-картаны немесе банк жүйесін ұрлау үшін қолданылады.
- "Депозиттегі қаражатты банк шотына аудару қажет”. Ақшаны өз шоттарына аудартады.
- "Бұл – ұлттық қауіпсіздік қызметкері. Қай банкте шоттарыңыз барын айтыңыз. Карта мен депозитті дереу бұғаттау үшін деректеріңізді беріңіз”. Барлық мәліметтерді жинап, кейін ақша ұрлайды.
- "Жақыныңыз қиын жағдайға түсті (ЖКО, полиция, аурухана). Шұғыл ақша жіберу керек". Эмоцияға беріліп, уақытпен қысады.
- "Сіз сыйлық/өтемақы ұтып алдыңыз! Оны алу үшін салықты немесе жеткізу ақысын төлеуіңіз керек". Жалған пайда ұсынып, ақша бопсалайды.
- "Шотыңыздан ақша шешуге әрекет жасалды. Операцияны тоқтату үшін SMS-кодты айтыңыз". Құпия кодты алдап алады.
Мұндай қоңыраулардың мақсаты:
- ақшаны "қорғалған шотқа" өз еркімен аудартқызу;
- TeamViewer, AnyDesk, RustDesk, Hoptodesk, RudeDesktop секілді қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуға көндіру.
Кеңес:
Ешқашан CVV, PIN, картаның толық деректерін, SMS-кодтарды ешкімге айтпаңыз! Полиция, банк немесе байланыс операторлары ақша немесе код сұрамайды.