11.09.2025, 12:00
Оқылды: 302

Оралда қала күні қалай тойланбақ?

"Биыл Орал қаласында қала күніне орай ауқымды әрі мазмұнды іс-шаралар жоспары әзірленді. Мерекелік бағдарлама қыркүйек айының басынан бастап ай соңына дейін жүзеге асырылмақ", - деп баяндады өз сөзінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишев.

WhatsApp Image 2025-09-10 at 13.43.55 (1)

Фото: Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

Жалпы жоспарға 50-ден астам іс-шара енгізіліп, олар қаламыздың мәдениет, спорт, әлеуметтік қолдау және қоғамдық даму бағыттарындағы жетістіктерін айшықтап көрсетуді көздеген. Атап айтсақ:

  • 11 қыркүйек күні сағат 19:30-да "Атамекен" өнер ордасында ақын Дәурен Шамуратовтың шығармашылық кеші;
  • 12 қыркүйек сағат 18:00-де ҚР Тұңғыш Президенті алаңында жастардың "Oral Jastary" фестивалі;
  • 12 қыркүйек сағат 19:30-да Жұбан саябағында "Түнгі кітапхана" атты әдеби-поэзия кеші өтеді.

Қала күнінің ең ауқымды шараларының бірі – 14 қыркүйек күні сағат 10:00-де Ақжайық шағын ауданындағы атшабар алаңында өтетін "Жайық жүйрігі-2025" атты бәйге түрлерінен Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты.

Мәдени бағыттағы ірі шаралардың қатарында:

  • 16 қыркүйек сағат 20:00-де Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында "Әуенге толы Ақжайық түні" атты классикалық музыка кеші;
  • 18 қыркүйек сағат 11:00-де Жастар мәдениет сарайында "Тартынбай сөйлер асылмын" облыстық оқушылар айтысы;
  • 18 қыркүйек сағат 20:00-де Абай алаңында "Әсем өлкем – Ақжайық" атты жергілікті ақын, композиторлардың шығармаларынан ән-фестиваль.

19 қыркүйек күні бірқатар маңызды шаралар жоспарланған:

  • сағат 09:00-де "Салтанат сарайы" маңында "Анаға тағзым" кіші сәулет формасының ашылуы;
  • сағат 10:00-де Жастар мәдениет сарайында "Еңбегі жанған арулар" атты іскер әйелдер форумы, сондай-ақ Арбатта "Сапалы өнім" жергілікті тауар өндірушілер көрмесі;
  • сағат 11:00-де «Орал» спорт кешенінде дәстүрлі "Достық-Дружба" волейбол турнирі;
  • сағат 16:00-де ҚР Тұңғыш Президенті алаңында "ORAL CUP" арқан тартыстан қалалық чемпионат;
  • сағат 20:00-де Мәдениет және демалыс саябағында "Тарихқа тұнған саябақ" атты мерекелік гала концерт.

20 қыркүйек күні қала тұрғындары үшін аса маңызды шаралар өтеді:

  • Жайық өзені жағалауында жаңа сквердің ашылуы, сондай-ақ қаланың әр ауданында жаңа демалыс орындарының ашылуы;
  • сағат 20:00-де "Туған қалам – Орал" атты гала концерт, сағат 20:30-да "Жасыл қала" экологиялық байқауы, "Үздік болашақ жұмысшы мамандық иесі" және үздік шығармашылық жұмыстар байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Жалпы қыркүйек айы бойына жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуы, мектептерде тәрбие сағаттары, тарихи-танымдық экскурсиялар, бейнероликтер көрсету, түрлі концерттер мен шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған мерекелік бағдарламалар да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ спорттық турнирлер, экологиялық акциялар, еңбек жәрмеңкелері, отбасылық сайыстар секілді халықтың барлық санатына арналған шаралар өткізіледі.

Қала күніне арналған іс-шаралардың мазмұны биыл ерекше. Бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "Жұмысшы мамандықтар жылы" идеясымен үндесіп, еңбек адамын дәріптеуге, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.

Сонымен қатар қала күніне орай арнайы имидждік бейнероликтер дайындалып, қаланың орталық көшелеріндегі LED-экрандарда, әуежайда, автобустар аялдамаларында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде көрсетіледі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале