10.09.2025, 17:15
Оқылды: 368

Кеңестің қазығы - халықтың қамы

Бүгін Казталов ауданы орталығында Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен ауыл тазалығына қатысты "Таза ауылды бірге жасайық!" тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті. Аталмыш жиынға Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов төрағалық жасап, "Amanat" партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ілиясов, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес, қауымдастық мүшелері, халық қалаулылары, мекеме, ұйым басшылары, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, ауылдың жанашыр азаматтары қатысты.

IMG-20250910-WA0017

Жиынды ашқан округ әкімі Ернар Бахтиярұлы 2025 жылдың басынан бері аудан орталығындағы абаттандыру және тазалық жұмысының орындалуы туралы айтып берді. Ауыл әкімі орталықтағы бағымсыз мал, көше тазалығы, сенбілік кезіндегі тұрғындардың белсенділігі жөнінде сөз қозғап, оз ойын ортаға салды.

- Біздер бүгін жинымызды тегіннен-тегін өткізіп жатқанымыз жоқ. Осы басқосу арқылы ауыл тазалығына қатысты ортақ мәселелерді ақылдасып, бірлесе шешуіміз керек. Мәселен, мен өзім аудандық полиция бөлімінің экологияға жауапты инспекторымен бірге көше тазалығына байланысты әр үйді аралап, тазалық сақтамаған тұрғындарға ескертулер бердік. Аудан орталығында өткізіліп жатқан тазалық айлықтары мен сенбілікке ауыл тұрғындарының қатысуы төмен. Сондай-ақ жуырда ауылдағы көше тұрғындарымен кездесу жиындарын ұйымдастыратын боламыз. Сіздер де өз тараптарыңыздан тазалық жөнінде көбірек насихаттауларыңыз сұралады. Ағайындар таза ауылды бірге жасайық!, - деді әкім.

Жиын барысында Казталов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Хайдаров өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар негізін түсіндіріп берді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде "Айқын" жеке кәсіпкерлігінің өкілі Досжан Қабен хабарлама жасап, қосымша сұрақтарға жауап берді. Ауыл тазалығымен тікелей айналысатын жеке кәсіпкерлік тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстары барысында туындап отырған қиындықтарға тоқталды. Әсіресе, қоқыс контейнерлерінің орналасуы, айналасын күтіп-ұстау, жеке тұрғындармен, кәсіпкерлермен, мекемелермен келісім шарт жасалмау, көрсетілген қызметке ақы төлемеу, тұрмыстық қалдық шығаратын техниканың тозығы жетуі, тұрғындар тарапынан қоқыс салатын контейнерлерге басқа да санатқа кіретін қалдықтардың салуы, ауыл жанындағы қоқыс полигонының қазіргі жағдайы, бағымсыз малдың қоқыс контейнерлерін шашып кетуі секілді келеңсіз жағдайларды алға тартты.

Жиында учаскелік полиция инспекторы Есентемір Нариманов қараусыз және бағымсыз ауыл шаруашылық жануарлары бойынша ауыл тұрғындарымен атқарылып жатқан жұмыстар бойынша хабарлама жасады.

Полиция қызметкерінің айтуынша, аудан орталығында жыл басынан бері 182 мал иесіне Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408 бабы бойынша хаттама толтырылып, айппұл салынған. Ауыл тазалығына байланысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505 бабы бойынша 107 құқық бұзушыға хаттама толтырылып, ескертулер берілген. Дегенмен, ауыл тұрғындары тарапынан тазалыққа көңіл бөлмеу, малды бағымға қоспау фактілері әлі де болса тиылмай тұрғаны белгілі.

"Таза Қазақстан" экологиялық акциясын ұйымдастыруда жастардың рөлі жөнінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Бибі Уәли баяндаса, ауыл ақсақалы Уәлиолла Әбішев "Таза Қазақстан" акциясы ауыл тазалығын сақтаудың күші тақырыбында өз ойымен бөлісіп, нақты ұсыныстарын айтты. Ақсақалдың бұл ойы "Ауыл айнасы" газетіне де басылып, оқырмандарға жол тартты.

Сонымен бірге ауыл тазалығына сақтауға ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Тоясов үндеу жариялады.

Келелі жиында тазалыққа зор үлес қосатын ағымдағы жылдың 15 қыркүйек — 15 қазан аралығында округ аумағында тұрғындармен бірге тазалық айлығын ұйымдастыру тапсырылды.
Айта кету керек, ауылымызда тазалыққа үлгі боларлық нәтижелі жұмыстар да жоқ емес. Күні кеше бұрыннан бірлігі бекем Қаби Жақып атындағы көше тұрғындары бірлесе сенбілікке шығып, өздері тұратын көшені тазалап шыққан. Осындай ауыл тұрғындарының игі істері көпке үлгі болса дейміз.

IMG-20250910-WA0012

Кеңейтілген отырыс барысында көтерілген мәселелер бойынша ауыл тазалығына қатысты жағымды ұсыныстар айтылды. Тек бұл ұсыныстар сол айтылған жерде қалмай, орындалса екен...

Ауылға жаны ашыған азаматтар бас қосқан маңызды жиынға қатысып, біраз нәрсені ойымызға түйдік. Казталов ауылы ауданымыздың орталығы және айнасы болғасын, ауыл тазалығына аса мән беріледі. Мұны казталовтық ағайындар да жақсы түсінуі қажет. Тазалықты әрбір тұрғын өзінен бастағаны дұрыс. "Отбасы — шағын мемлекет" десек, әр мемлекет ішкі тәртібі мен тазалығына жауапты. Сол секілді бір отбасы өз үйін, ауласын, көшесін, ауылын таза ұстаса, еліміз көркейе бермек! Жалпы қоғамдық санамызды түзеуіміз қажет.
Казталов ауылы тазалығына қатысты тағы да бір мәселеге назар аударсақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын көліктің жағдайы. 2017 жылы сатып алынған арнайы техника бүгінде тозығы жетіп тұр. Темір тұлпардың жүруінен тұруы көбірек. Әзірге "Айқын" жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Мержан Шамғоновтың жөндеуімен жүріп келеді. Ал ертең ол техника мүлдем жарамсыз болып тоқтап қалса, тазалықтың қандай жағдайда болатынын ойлай беріңіз! Осы жағдайды ауданның атқамінер азаматтары ескеріп, жаңа техника алу жолдарын қарастырса екен дейміз! Бірақ тазалық мәселесі мұнымен бітпейтін секілді?!

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале