11.09.2025, 23:00
Оқылды: 271

Біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.

photo-output

Еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясатындағы маңызды мақсат-міндеттер айқындалды.

Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.

Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек делінген Жолдауда.

Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан.Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ.

Мемлекет басшысы парламенттік жүйені реформалау қажеттігін де атап өтті.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер саяси жүйені жаңғыртуға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған. Парламенттің рөлін күшейту, заң шығару процесінің тиімділігін арттыру және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту – реформаның негізгі мақсаттары.

Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз.

«Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын.

Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет» - деп атап өтті Президент.

Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жолдауда: «Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын»-  дегені бұл мәселеге зор жауапкершілік жүктейді.

Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз.

Нұрлыбек Қалиев

Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале