Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің жұмыс сапары Бөкей ордасы ауданында жалғасты. Өңір басшысы сапар барысында әлеуметтік, мәдени нысандардың жағдайымен, ауыл шаруашылығы саласындағы жобалармен танысты.

Нариман Төреғалиұлы алдымен Хан ордасы ауылының кірмежолының орташа жөндеуін көрді. Ұзындығы 21 шақырым жолды жөндеп жатқан мердігер 8,2 шақырымға асфальт төсеп, жолдың негізгі қабатын аяқтаған. Уақытша жұмыспен 10 адам қамтылған.
Бұдан соң облыс әкіміне осы ауылдағы туризмді дамыту жоспары ұсынылды. Кәсіпкер Санат Құмашев ауылдағы «Жасқұс» қонақүйін заманауи талапқа сай этнотуристік орталыққа айналдыру жоспарын таныстырды. Ол ғимараттың есік-терезелерін ауыстыру, бейнебақылау камералар орнату, жылыту жүйесі мен интерьерді жаңарту, жиһаз сатып алу секілді басқа да жұмыстарды атап өтті. Қазір қонақүйдің 15 бөлмесі бар. «Егер бұл нысанды маған сенімгерлік басқаруға берсе, аталған жұмыстың бәрін өз қаражатыма орындаймын», – деді кәсіпкер. Ал мердігер «Лейга» ЖШС ауылдағы электр желілерін жаңғыртып жатыр. Бұл жұмыстың құны – 703 млн теңге. Күні бүгін 850 бағана қойылып, 22 шақырым сым тартылған. 15 трансформатор орнатылған. Ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Аумағы 864 шаршы метр кешеннің құрылысы желтоқсанда аяқталады. Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы осы ауылда салынған тікұшақ қонатын алаңқайды да көрді. Ендеше, тарихы тереңнен тамыр тартқан ауылға небір лауазымды тұлғалар келетін болса, өте қолайлы болмақ. Облыс басшысы Жәңгір хан кесенесіне ат басын бұрды. 2007 жылы жай жөндеуден өткен кесене қазір қайта қалпына келтіріліп жатыр. Өңір басшысы Темір Масин ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа ғимаратын көрді. Кәсіпкер Қуаныш Қитанов салған нысанның аумағы – 165 шаршы метр. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев сапар барысында Бөрлі ауылындағы «Сисенғалиев» шаруа қожалығына барды. Санға емес сапаға мән берген шаруашылық 1250 бас абердин ангус тұқымды ірі қара мал өсіруде. Шаруа 8 адамды тұрақты жұмысқа алған. Адам күшін азайтып, уақытты үнемдеу, жұмыс сапасын арттыру мақсатында заманауи технологияларды қолдануда. Мәселен, мал бағуға дрондарды қолданып, малға еннің орнына чип салған. Яғни Зеңгі баба төлінің тіркеу нөмірін арнайы құрылғы арқылы анықтайды. Шаруа болашақта ет комбинатын салуды жоспарлап отыр. Нариман Төреғалиұлы шаруашылықтағы тың идеялар мен өндіріс өрісін жоғары бағалап, өзгелерге үлгі боларлық ферма деп атап өтті.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Бөрлі ауылының мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Тұрғындар алдымен аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың баяндамасын тыңдады. Алдымен аудандағы жол мәселесіне тоқталған әкім тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін де ауыл арасында қатынайтын жолдар жақсаруы керек деді. «Өнеге – Бисен – Сайқын» республикалық маңызы бар жолдың 103 шақырымына асфальт түгел төселген. Тек жыл соңына дейін жолдың 14 шақырым бөлігіне асфальттың екінші қабаты салынады. Облыстық маңызы бар «Бисен – Жаңақала» жолының бірінші 30 шақырымына күрделі жөндеу былтыр басталған. Бірақ биыл мердігер айтарлықтай жұмыс істемеген. Қазір мердігерді сот арқылы жауапкершілікке тарту және елісімшартты бұзу жұмыстары жүргізілуде. Хан ордасы ауылына кіреберіс 21 шақырым жол жөнделуде. Аудан бюджеті – 6 млрд 833 млн теңге. Кіріс түсімі – 946 млн теңге.
Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша инвестициялардың жалпы көлемі –5 млрд 440 млн теңге. Жыл басынан бері шағын және орта бизнесте 285 млн теңгеге 15 жеке инвестициялық жоба іске асырылған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 айдың қорытындысы бойынша 6 млрд 648 млн теңгені құраған. Аудан әкімі әр салада атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстарға тоқталды.
Электр желілерінің тозуы – республикадағы өте күрделі, көп қаржыны талап ететін мәселелердің бірі. Ауданда электр желілерінің тозуы 88%-ға жеткен. Биыл 470 бағана, 17 шақырым электр желісі ауыстырылды. Хан ордасы ауылындағы электр желілерін толығымен реконструкциялау жобасы жүзеге асырылуда. Аудандық бюджеттен сол ауылдағы Жәңгір хан көшесіне жаяу жүргінші жолы мен арықтар салынады, –деді аудан басшысы. Бөкей ордасы ауданында тұрғын үй кезегінде 327 адам тұр. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналып 5 ауылда 29 пәтер салынуда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауын «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп атады. Жолдаудың маңызы зор әрі өте ерекше. Президент өз сөзінде әлемде болып жатқан өзгерістерге бейімделу қажеттігін баса айтты. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, жасыл экономика, сонымен қатар геосаяси трансформация біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан Қазақстан осы үрдістерден қалып қоймауы керек деп атап өтті. Мемлекет басшысы өңірлерге қомақты жеке инвестиция тарту мәселесін көтерді. Бұл ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашуға жол береді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту басты назарда тұр. Қазір біз шикізатқа тәуелдіміз. Ауыл шаруашылығынан ешқандай салық түсіп жатқан жоқ. Бөкей ордасында 600-ге жуық шаруашылық бар. Мәселен, бір шаруашылық орташа алғанда 85 мың теңге төлейді. Бұл саладағы кәсіпкерлер де өндіріспен айналысуы керек.
Өңдеу өнеркәсібіне күш саламыз. Биыл жеті айда облыста өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 21 пайызға өсіп отыр. Облыста мал саны көбейіп келеді. Жылқы малы да көп. Алайда киік өз алдына, жылқы да жерді бүлдіріп жатыр. Шет мемлекеттің нарығына жылқы керек емес. Қытайдың Суиджи деген қаласында бір мерекеде бір тәулікте 100 мың қой етін жейді екен. Оларға Қазақстандағы 28 млн қой да жеткіліксіз. Бұл – бізге қой шаруашылығын өрістетсек, табыс көбейеді деген сөз. Желтоқсан айында Оралда жүн мен теріні өңдейтін зауыт іске қосылады. Жәнібек ауданында да жылқы мен сиырдың терісін қабылдайтын зауыт ашылады, – деген өңір басшысы өзге де мәселелерге тоқталды. Мәселен, суармалы жерлерді көбейту қажеттігін баса айтты. Ветеринария саласына қыруар қаражат бөлініп, материалдық-техникалық база жаңартылып жатқанын атап өтті. Сондықтан ветеринар мамандарға тиісінше жұмыс істеуді, әсіресе өтірік ақпарат бермеуді, жалған анықтама толтырмауды тапсырды. Ветеринарларды заңды түрде жұмыс істеуге шақырды. Өңір басшысы жерді тиімді пайдалану қажеттігін де еске салды. Сонымен қатар ауыз суды тиімді пайдаланып, таза сумен мал суаруды тыю керек деді.

Кездесуде бөрлілік тұрғындар көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Мәселен, аудандық мәслихаттың депутаты Жалғас Ташуов ресми түрде апатты деп танылған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мен өрт сөндіру бөліміне жаңа ғимараттар салынса деген өтінішін білдірді. Аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева шалғай елді мекендерге баратын дәрігерлерге арнап тұрғын үй салынса деген ұсынысын жеткізді.
Ясипа Рахимқызы,
Орал – Бөкей ордасы –Орал