17.09.2025, 16:15
Оқылды: 355

Жәнібек ауданында батагөйлер бәсекесі өтті

Қазақ халқының қастерлі дәстүрлерінің бірі – бата беру. Бата ұрпаққа аманат, ізгілікке бастайтын өсиет, елді бірлікке, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелейтін асыл қазына. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген дана халқымыздың сөзі бүгінгі күнге дейін мәнін жоғалтпай келеді.

image-17-09-25-03-11-2

Осы ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында аудандық мәдениет үйінде ішкі саясат бөлімі мен «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты аудандық бата беру сайысы өтті.

image-17-09-25-03-11-3

​Игі шараның шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов:

​-Ұлттық салт-дәстүрді ардақтау – болашаққа жол салу. Бүгінгі шара жастарға тағылымды тәрбие берумен қатар, ұмыт бола бастаған асыл дәстүрді қайта жаңғыртуға үлкен үлес қосады, – деп атап өтті.

​Сондай-ақ ол қазіргі қоғамда бата беру мәдениетіне қатысты орын алып жүрген кейбір олқылықтарды сөз етіп, олардың түзелуі үшін осындай бастамалардың маңызы зор екенін жеткізді.

image-17-09-25-03-11-4

​Өз кезегінде Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат Абдуғалиев:

​- Аға буынның бүгінгі шараға белсенділікпен қатысуының өзі жастарға – үлгі, кейінгі ұрпаққа – өнеге. Бұл дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі, - деп, ақсақалдарға құрметін білдірді.

​Сайысқа Ақоба, Тау, Борсы, Қамысты, Күйгенкөл, Жәнібек ауылдық округтерінен келген 7 үміткер қатысты. Қазылар алқасының құрамында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев, ақсақал Ғалымжан Шагиров, бас имам Есенболат Қадырұлы болды.

image-17-09-25-03-11-1

​Жарыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы бөлімде қариялар еркін тақырыпта бата берсе, екінші кезеңде арнайы билет таңдап, сол тақырыпқа сәйкес ақ баталарын арнады.

​Аудан өнерпаздары Тамара Кафарова, Райымбек Каримов және Айшат Хамзина әсем әндерімен шараның сәнін кіргізіп, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.

image-17-09-25-03-11

​Жарыстың қорытынды сәтінде әулет шежіресін өрнектеп, өзіндік мәнерімен дараланған Ақоба ауылының ақсақалы Ғиният Хасенов І орын иегері атанды. ІІ орын Борсы ауылының намысын қорғаған Қадырболат Ғаббасовқа бұйырса, ІІІ орынды Жәнібек ауылының ақсақалы Нұрсұлтан Жұматов алды. Қалған қатысушыларға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

​Дәстүрді ұлықтаған бұл басқосу ақ батаның құдіретін дәріптеп, ұрпақ жадында жаңғыртқан тағылымды тағзым болды.

 

Бану Самат

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале