18.09.2025, 15:30
Оқылды: 281

Жанерке мен Назерке

Отбасы - шағын мемлекет. Өйткені әрбір отбасы мемлекеттің тірегі. Әрбір шаңырақты бір шыбық десеңіз, сол шыбықтар мың шыбық болып, мемлекетке тірек, негіз болып тұр. Әрбір отбасы  физикалық жағынан мықты болып қана қоймай, ақылды, білімді, өнерлі, отансүйгіш ұл мен қыз тәрбиелеп өсірсе, мемлекетіміздің алтын тірегі солар болмақ.

Назерке Жанерке (1)

Тоғызқұмалақ ақыл-ой ойыны

Тоғызқұмалақ қазақ халқының ең ескі ұлттық спорт ойындарының бірі де бірегейі. Оның қай уақытта шыққаны, оны жұрт қашаннан бері ойнап келе жатқаны туралы мәлімет жоқ екен. Десе де кейбір ғалымдар оны 4 мың жылдан бері ойналып келе жатқан ойын деп жүр. Бір қызығы тоғызқұмалақ  бүкіл Орта Азияға ортақ ойын екен. Әсіресе, қазақ пен қырғыз халқы арасында кең тараған.  Атақты түрколог ғалым Сәрсен  Аманжолұлы тоғызқұмалақ туралы былай деген екен: «Бұл ойын қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны, ойнаған адамның миы істеп, есепшілігі тез артып, тапқыштық жағы күшеймек». Сонымен бірге тоғызқұмалақ көшпенділердің дүниетанымына негізделген зияткерлік спорт ойындары   ның ішіндегі ең қиыны болып саналады екен.

Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстанда тоғызқұмалақ ойыны қатты дамып келе жатқаны байқалады. Әсіресе, соңғы жылдарда, нақты айтқанда жеке қауымдастық, федерация болып ашылғаннан бастап тоғызқұмалақ ойынын ойнаушылар көбейген. Федерацияның облыстарда, аудандарда филиалдары мен бөлімшелері, үйірмелер көптеп ашылып, жұмыс жасауда. Осы жерде  республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов екенін де айта кеткен жөн.

Соңғы кезде біздің ауданымызда да тоғызқұмалақ ойнаушылар күрт көбейген. Бұл сөзді ауданда тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы Сайлан Матылов та растайды. «Дәл қазіргі таңда маған тоғызқұмалақ секциясына 70-ке жуық бала келіп жүр дейді ол. Жартысына жуығы бұрыннан қатысса, жартысы кейін қосылғандар. Өзім Бөрлі ауданына келіп, шәкірт тәрбиелей бастағаныма 7 жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында 1 КРЕСС, 15-ке жақын ССҮ ойыншы тәрбиелеп шығардым. Бұл менің осы жылдар ішінде жеткен жетістігім» - дейді тоғызқұмалақшы.

Сайлан Арматұлының  айтуынша, тоғызқұмалақтан үлкен жетістікке жетеді деп үміт күттіріп отырған шәкірттері көп екен. Олар  Тудахунова Саида, Хамидуллина Азария, Талап Арслан, Сапарғали Назерке, Сапарғали Жанерке,  Абунагимов Ерназар және басқа да көптеген спортшы оқушылар.

Назерке Жанерке (4)

Назерке мен Жанерке

Ұстаз атаған тоғызқұмалақшылардың ішінен Назерке мен Жанерке Сапарғалилардың есімі құлаққа жағымды естілді. Өйтккні бір үйдің егіз қыздарының екеуі бірдей тоғызқұмалаққа қатысып жүргені  және осы ойында едәуір жетістікке жеткендері қызық көрінді. Қаламыздағы №6 мектептің 8 сынып оқушылары Жанерке мен Назерке тоғызқұмалақ ойнағалы да 4 жылдан асып барады екен. Соңғы жеткен жетістіктері биыл облыстық жастар чемпионатынан қола медальға ие болған. Сонымен бірге ҚР жастар чемпионатына да қатысқан. Қазіргі таңда қос қыз келесі айда өтетін облыстық жастар командалық чемпионатына  дайындалуда екен. Ұстаздары Сайлан Арматұлының айтуынша қыздардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтар күшті, әзірліктерге қалмай қатысады және үйден де көп ізденіп, дайындалды екен. «Талаптың мініп тұлпарын» дегендей, осындай спортта ауданымыздың  атын шығарып, өздерін бәйгелерде сынап жүрген жасөспірім спортшы қыздардың отбасымен танысуды жөн көрдік.

Назерке Жанерке (1)

Отбасы - шағын мемлекет

Алтын асықтай 4 бала тәрбиелеп отырған Оразғалиевтер отбасында бала тәрбиесіне, отбасындағы жылылыққа  көп көңіл бөлінетіні  бірден байқалды. Келінінің телефон нөмірін өз телефонына «Айша. Қызым» деп белгілеп қойған Жанерке мен Назеркенің әжесі қалалық №6 мектеп-лицейінде ұстаздық етеді екен. 43 жыл мұғалімдік тәжірибесі бар, көпті көрген ұстаз ана Серікқаным Мақсотқызы немерелері туралы елжірей әңгімелеп берді. «Біз атасы Сапарғали Дүйсенбайұлы екеуміз немерелерімізді өте жақсы көреміз. Болашақтарынан үлкен үміт күтеміз. Әсіресе, Жанерке мен Назеркенің өте тәрбиелі, ақылды болып өсіп келе жатқанына қуанамыз. Олардың алдарына мақсатқойғыштығы мен еңбекқорлықтары ұнайды. Немере қыздарымның  тоғызқұмалақтан басқа да айналысатын хоббилері көп. Бірде дзюдоға барып жатды, бірде дизайнерлікпен айналысып жатады. Жанерке актерлік өнерге әуес болса, Назеркенің тігіншілікке әуестігін байқадым. Немен айналысса да маған белсенділіктері ұнайды. Сол үшін кәдімгідей марқайып отырамын».

Назерке Жанерке (2)

Назерке мен Жанеркенің әкелері Есенғали Оразғалиев  аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Екі қыздың соңынан ерген Найля 2-нші сыныпта оқиды. Соған қарамастан ол да тоғызқұмалақшы екен. Демек, алдағы уақыттарда апаларының жолын қуып, спорт саласында аудан намысын қорғайтын бір кішкентай спортшы өсіп келе жатыр деген сөз. Ал қыздардың анасы Айша болса 8 айлық Абылаймен әзірге үй шаруасында. Отбасының, бүлдіршіндерінің бүкіл жағдайын жасап отыр екен. «Жетістіктеріне қуанамыз әрине, бірақ мен үшін олар әлі кішкентай. Сондықтан қандай үйірмеге қатысамын десе де қолдау көрсетудеміз әзірге. Кейде әкелерінің жолын қуып заңгер болып, әділет сақшысы да болғылары келеді, дәрігер болып адамдарды емдеп, көмек көрсету де ойларында бар. Лайым жолдары ашық болғай деген тілек қана менде» - дейді Жанерке мен Назеркенің анасы Айша. Сонымен бірге Оразғалиевтер әулеті тоғызқұмалақшы қыздарының ұстазы Сайлан Арматұлына қолдау - көмегі үшін дән риза.

Назерке Жанерке (3)

Айтпақшы, тоғызқұмалақшы Сайлан Матылов тоғызқұмалақ ұлттық ойынының сабақ беру әдістемесі бойынша бірнеше кітап жазған адам. Яғни ол кітаптар ойыншылардың деңгейлеріне орай әдістемелік құрал есебінде бөлінеді екен. Бүгінде бұл кітаптарды тоғызқұмалақшы ұстаздар мен ойыншы оқушылар бірдей пайдалануда. Осылайша тоғызқұмалақтан басталған әдемі әңгіме тоғызқұмалақшы отбасының жарасымды өміріне ұласты.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале