23.09.2025, 16:15
Оқылды: 278

«Тартынбай сөйлер асылмын!»

Таяуда Жастар  мәдениет  сарайында  «Қала  күні  – 2025» мерекесі  аясында  IV  облыстық  оқушылар  айтысы  өтті.  «Тартынбай сөйлер  асылмын!»  атты  өнер  додасын Орал  қаласы  әкімдігінің  қолдауымен,  қалалық  мәдениет  және  тілдерді дамыту  бөлімі,  мәдени-ағарту бірлестігі  және «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер театры  ұйымдастырды.

55c2e232-3f38-43de-bcb7-9b3ce8968fa5 (1)

Биылғы айтыс КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналды.

Іс-шараның ашылуында Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Мерғалиев сөз сөйлеп, жас ақындарға сәттілік тілеп, алдағы уақытта айтыстың ауқымы кеңейтілетінін  атап  өтті.

Қазылар алқасы құрамында халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары Мұрадым Мирланов, Айнабек Бисенғалиев, Елдар Ихсанов болды. Айтысқа Орал қаласы мен Қаратөбе, Бөрлі аудандарынан  келген сегіз оқушы қатысты.

Жас айтыскерлер сөздің майын тамызып, тапқырлық пен терең ойды ұштастыра білді. Елдік пен ерлікті, ұлттық құндылықтар мен қазақ руханиятының қос алыбын жырына арқау еткен жас дарындар сахнаны думанға бөлеп, көрерменнің  ыстық  ықыласына  бөленді.

– Мұндай айтыс биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Айтыстың басты мақсаты – Ақжайық өңіріндегі айтыс керуенінің үзілмегенін, туы жығылмағанын дәлелдеу. Әр айтыс өткен сайын жаңа таланттар шығып жатыр. Балғын ақындар сахнада қателессе де, оларға кешірімді. Сондай-ақ мұнда алдыңғы буын ағалармен сабақтастық жасап, шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік бар.

Биылғы айтысқа қатысушылардың сегізі де ұл. Сол сәл көңілге тиіп тұр. Болашақта Шолпан, Дариға, Жансая апаларымыздың ізін басатын айтыскер қыздар да шығады деп үміттенеміз, – деді қалалық мәдени ағарту бірлестігіне қарасты «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер театрының жанынан құрылған «Тастүлек» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, жоба  ауторы  Орынбек  Меңдіқұл.

Айтыс қорытындысында бас жүлдені оралдық жас айтыскер, «Алтын Орда» театры жанындағы «Тастүлек» үйірмесінің тәрбиеленушісі Бекзат Баян жеңіп алды. Бірінші орынға Қаратөбе ауданындағы Мұхит атындағы мектептің оқушысы Досхан Өтепов лайық деп танылды. Екінші орынды Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы №1 мектептің оқушысы Бекарыс Кәкім иеленсе, үшінші орын қаратөбелік Құдайберген Жалғасовқа  бұйырды.

– Айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Екі айналым айтыс жасадық. Бірінші айналымда қаратөбелік Досхан Өтеповпен, екінші айналымда бөрлілік Бекарыс Кәкіммен айтыстым. Біз айтысты бірге бастағанбыз. Қарсыластарым осал емес. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – дейді бас жүлде иегері оралдық Бекзат Баян.

Айта кету керек, Бақберген Ажығұл, Ернұр Ермекқали, Әлижан Тұрғали және Бақдәулет Шабах арнайы жүлделермен  марапатталды.

Жанерке Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале