30.09.2025, 14:45
Оқылды: 311

«Auyl life»

Жақында Ақ Жайықтың белсенді жастарының арасында «AUYL LIFE» жобасы ұйымдастырылды. 

TME09797

Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – жас буынға ауыл тіршілігін насихаттау, жастар арасында орта қалыптастыру. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ибраев осы жөнінде  тарқатып  айтып  берді.

– «AUYL LIFE» жобасы 2021 жылы облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бастау алды. Бүгінде бұл жоба облыстық қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында өтуде. Жоба мақсаты – белсенді жастардың басын біріктіріп, оларға ауылдың біркүндік өмірін көрсетіп, тыныс-тіршілігін сезіндіру. Мұнда қатысушы командалар ауыл өміріне қатысты түрлі сайыстарда бақ сынайды. Олардың ішінде, ер-азаматтарға арналған қой сою және оны жіліктеу, жылқыға құрық салу секілді ойындар бар. Ал нәзікжандар ішек қарын ашу, қамыр илеу, сиыр сауу секілді ойындарданшеберліктерін шыңдайды, – деді орталық басшысы А. Ибраев.

Өткен аптаның жұма күні Бәйтерек ауданына қарасты Серебряков ауылында жобаның қорытынды кезеңі өтті. Осыған дейін Казталов және Тасқала аудандарында екі жарыс ұйымдастырылған еді. Осының нәтижесінде «Дала STYLE», «Таза Қазақстан», «Абырой» командалары үздік деп танылып, ақтық сынға жетті.

TME08998

Қатысушылардың ішінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалы баспасөз қызметінің меңгерушісі Зарина Қайырова да бар. Ол өз сөзінде аталмыш жоба керемет әсер сыйлағанын айтты.

– Әріптестермен қызмет бабымен ғана жиі жолығып тұрамыз. Мұнда әртүрлі мекеме қызметкерлері, жастар саясатын дамытуға атсалысып жүрген азаматтар бар. Жұмыс жайымен жүргенде бір-бірімізді көрсек тек амандық-саулық сұрасумен ғана  шектелетін едік. Осы жарыс аясында достар тауып, олармен жақын араласып кеттік.  «AUYL LIFE» жобасы арқылы ауылдың қызыққа толы өмірін сезініп, сайыстарда өзіміздің бағымызды сынап көрдік. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса, жастардың ауылға деген қызығушылығы оянып, көптеп көшіп баратын еді деп ойлаймын, – деді қатысушы З. Қайырова.

Қорытынды байқаулардың нәтижесі бойынша үшінші орынды «Абырой» командасы місе тұтса, «Дала STYLE» командасы екінші орынды еншіледі.

TME09944

Ал «Таза Қазақстан» командасы топ жарып, жоба жеңімпазы атанды. Жүлдегерлерге естелік сыйлықтар мен алғысхаттар табыс етілді. Жоба соңы киіз үйдегі көңілді кешке  ұласып,  қорытындыланды.

Нұртілек Тұрсынбаев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале