Жәнібек аудандық Т.Жароков атындағы орта мектебінің акт залында жылдағы дәстүрге сай «Ұстаз – ұлы тұлға» атты кеш ұйымдастырылып, ардагер ұстаздардың өлшеусіз еңбектері ұлықталды.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов ардагер ұстаздарды құттықтады.
- Әр шәкірттің болашағының жарқын, келешегінің кемел болуы үшін сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, тәуелсіз еліміздің ұрпағын бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде сіздердің орындарыңыз ерекше. Адам бойындағы ең асыл қасиеттерді жас буынның санасына дарытатын өздеріңіз. Сіздерді тек бүгін емес, әрдайым құрметтейміз. Ал дәл осы мерекелік күні ерекше алғыс айтып, құттықтаймын. Әрқашан абырой биігінде болып, тәрбиелеген шәкірттеріңіздің жетістігіне қуана беріңіздер, - деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Кейін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев құттықтау сөзін жалғастырып, ізгі лебізін жеткізді. Мереке күні ардагер ұстаздарға аудан әкімі Тимур Шиниязовтың арнайы құттықтаухаты мен гүл шоқтары табыс етілді.
Кеш барысында ауылдық округ мектептерінің жас мамандары мен өнерлі оқушылары әннен шашу шашып, жыр жолдарын арнады. Еркін форматтағы жиында ардагер ұстаздар өткен еңбек жолындағы жылы естеліктерімен бөлісіп, жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтты.

Шара соңында естелік суретке түсіп, ұстаздардың құрметіне арналған аудандық мәдениет үйіндегі мерекелік кешке жол тартты.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы