«Атамекен» өнер ордасында «Ұстаз болу – қызмет емес, қасиет!» атты Орал қаласының педагогтеріне арналған салтанатты жиын өтті.

Білім мен тәрбиені егіз көріп, ұрпақ болашағына үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаздарға арналған төл мереке – Мұғалімдер күні биыл да ерекше сипатта ұйымдастырылды. Бұл күні білім саласының белсенділері мен ардагерлері құрмет төріне көтерілді.
Жиынға Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишев арнайы қатысып,қала педагогтерін және сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ол мұғалімдік мамандықтың қоғам үшін маңызын, жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиені сіңірудегі жауапкершілігін атап өтті.
«Ұстаз – ұлттың рухани тірегі, мемлекеттің ертеңін қалыптастырушы. Бұл – қызметтен бұрын қасиет, адалдықты, парасаттылықты талап ететін мамандық», – деді қала әкімінің орынбасары.
Биылғы мерекелік жиында бірқатар үздік педагог лайықты марапатқа ие болды. Қалалық әкімдік жанындағы комиссия шешімімен Орал қаласының құрметті педагогі атағы А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлмира Мырзағалиеваға берілді. Оған қоса, 1 179 600 теңге (300 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы иеленді. Сондай-ақ республикалық «Үздік педагог» байқауының қалалық кезеңінде оза шапқан мұғалімдер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейдің мұғалімі Жазира Ишанғалиева мен Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі Нұрбол Қырықбаев білім беру бөлімінің арнайы дипломымен және сыйақы сертификатымен марапатталды.
Салтанатты іс-шара барысында қала мектептерінің мұғалімдері мен сала ардагерлеріне облыстық білім басқармасының, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының, сондай-ақ Орал қалалық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталары мен алғысхаттары табысталды.
Биылғы мерекелік жиынның тағы бір ерекшелігі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараларға белсене қатысқан, ақын мұрасын шәкірттеріне кеңінен насихаттап жүрген ұстаздардың еңбегі де лайықты аталып өтті. Сонымен қатар республикалық байқауларда шәкірттерін жеңіске жетелеген қала педагогтері, кәсіби сайыстардың жүлдегерлері, мектептердің желілік қауымдастық жетекшілері марапатталды. Барлық марапат иелеріне кәсіподақ ұйымының қолдауымен сыйлық сертификаттары ұсынылды.
Салтанатты жиын соңында жас мамандар мен өнерлі өрендер дайындаған мерекелік мюзикл сахналанды.
Гүлжан Ғалым,
Орал қаласы