3.10.2025, 16:00
Оқылды: 581

«Қаладан — ауылға» жобасы ауылға жаңа тыныс алып келді

 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен өңірімізде «Қаладан — ауылға» қанатқақты жобасы басталған болатын.
2024-2026 жылдарға арналған жобаның мақсаты — шекара түбіндегі қаңырап қалған ауылдарды жандандыру, халықтың көші-қонын азайту, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарына, сондай-ақ жас отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 16.55.45 (4)

Бұл жоба Казталов ауданында да кең қолдау тауып, екі жыл ішінде 13 елді мекенге 27 отбасы көшіп келген. Олардың барлығы дерлік жұмыспен және тұрғын үймен қамтылуда.

Бүгін, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ауданымызға арнайы іссапармен келіп, «Қаладан — ауылға» жобасының жүзеге асуын көрді. Облыс басшысы тынысы жанданып отырған Болашақ ауылдық округінің Көпкүтір ауылына барды.

Казталов ауданының ең шалғай аумақтарының бірі саналатын Болашақ ауылдық округіне жоба аясында көшіп келушілердің қатары артып келеді. Қазіргі таңда Көпкүтір ауылына қаладан 5 отбасы қоныстанған.

Облыс әкімін Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов қарсылап, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Шағын ауылда 45 аула, 286 тұрғын бар. Бірлігі жарасқан көпкүтірліктер 2023 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өз қаражаттарына 100 орындық мәдениет ошағын — ауыл клубын салып алған болатын. Облыс әкімі жаңа клубты аралап көріп, ауыл халқының ынтымағына ризашылығын білдірді.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 16.55.45 (9)

Сонымен қатар Нариман Төреғалиұлы ауылдағы тоғыз жылдық негізгі білім беретін мектепке барып, ұстаздар және оқушылармен кездесті. Бүгінде бұл білім ордасында 46 бала оқиды, оларға 22 мұғалім тәлім-тәрбие беруде. 1989 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты ескіргендіктен, ұстаздар облыс әкіміне жаңа мектеп салу жөніндегі өтініштерін жеткізді.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 16.55.45 (2)

Айтулы күні ауылда «Қаладан — ауылға» жобасына қатысқан екі отбасы қоныс тойын атап өтті. Жаңа тұрғын үйдің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Мұқаев, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, басқарма және бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 16.55.45 (3)

Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы жоба аясында Көпкүтір ауылына көшіп келген Фархат Шайхиев пен Лаура Ғұбайдоллаеваның отбасына жаңа баспананың кілтін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

— Батыс Қазақстан облысында 2024-2026 жылдарға арналған пилоттық өңірлік бағдарлама жүзеге асуда. Оның негізгі мақсаты — қала тұрғындарын ауылға тарту арқылы ауылдарды дамыту, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу. «Қаладан – ауылға!» жобасы ауылдық елді мекендердің дамуына тың серпін беруде. Бұл бағытта жастарға барынша қолдау көрсетілуде.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 16.55.45 (7)
Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін Көпкүтір ауылында екі отбасы бағдарламаға қатысып, баспаналы болды. Жобаға қатысуға қызығушылық танытып отырғандар да аз емес. Біздің өңірімізден бастау алған пилоттық жоба сәтті жүзеге асып, еліміздің өзге де аймақтарында қолға алынуда.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 16.55.45 (8)
Ауылға көшіп келген отбасылар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бірі мал шаруашылығын өркендетсе, енді бірі шағын өндіріс пен қолөнер кәсібін жандандырып отыр. Осылайша жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл экономикасына серпін берілуде, — деді облыс әкімі.

Жаңа қоныс тойлаған отбасыларға ауыл тұрғындары атынан малдануға арналған сертификаттар табыс етілді.
Сонымен қатар облыс басшысы жаңа тұрғын үйлерді аралап, қоныстанушыларды құттықтап, үй құрылысын сапалы жүргізген кәсіпкер Аманжол Кереевке алғысын білдірді.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале