«Атамекен» өнер ордасында жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллиннің шығармашылық кеші өтті. «Биленбеген вальстің әуендері» атты бұл әдеби-мәдени шара қаламгердің өнер мен өмірге, сезім мен уақытқа деген көзқарасын, жазушылық болмысын айшықтаған әсерлі кешке айналды.

Кеш шымылдығы Теректі аудандық «Дат» халықтық театры сахналаған бард-әнші Табылды Досымовтың әндеріне негізделген шағын қойылыммен ашылды. Қарайған көрермен Светқали ақынның өлеңіне жазылған «Сәйгүлік көрем», Мұқағалидың өлеңіне өрілген «Ұнатамын мен сені» және өлеңі мен әуені Табылдың өзіне тиесілі «Астананың аруы» сияқты әндерді сүйсіне тыңдап, құлшына қол соқты. Жастық шақтың шырқау шыңы студенттік дәуренге деген сарқылмас сағынышпен өрілген сол әндердің арасында уақыт тоқтап қалғандай, зал ішін сағыныштың самалы кезіп өтті. Бұл – қаламгердің студенттік кезден бергі досы Табылды Досымовқа арналған «Көзінен мұң көрдім...» очеркі арқау болған шағын қойылым еді...
Кештің тізгінін белгілі ақын Бауыржан Ширмединұлы ұстады. Алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев алып, өңір басшылығы атынан қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады.
– Бүгін біз қазақ руханиятына айтулы үлес қосып келе жатырған жазушы-журналист, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, ел-жұртқа кеңінен танымал қаламгер Бауыржан Файзоллаұлының мерейлі 60 жасына арналған шығармашылық кешке жиналып отырмыз. Бұл – ел үшін еңбек еткен азаматты қадірлеу, шығармашылығын құрметтеу, рухани қазынамызды дәріптеу кеші. Өңір жұрты сізді қаламы қарымды журналист, шығармашылығы толымды жазушы ретінде жақсы таниды. Бүгінге дейін мәнді мәселе көтеріп, ойлы пікір, жүйелі жұмысыңызбен халық пен биліктің арасына алтын көпір орнаттыңыз. Биылғы қыркүйектің бірі, дәл туған күніңізде сізге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтаухатын жеткізіп, облыс әкімінің атынан иығыңызға шапан жапқан болатынбыз. Сол жолғыдай бүгін де өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, және отбасыңызға амандық-саулық пен бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін, – дей келе Қайыржан Ермекұлы мерейгерге облыс әкімінің құттықтаухатын және этнодизайн жанрында жазылған өнер туындысын ұсынды.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Бауыржан Ғұбайдуллиннің жаңа публицистикалық кітабы – «Намыс найзағайының» тұсаукесері болды. Жинақтың жарық көруіне ұйытқы болған – «Жайық Пресс» ЖШС-ның басшылығы. Кітаптың тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, айтулы ақын Ақұштап Бақтыгереева мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, бірнеше прозалық жинақтың ауторы, ғалым-жазушы Нұрдәулет Ақыш кесті.
Ақ Жайық жұртына, туған жеріне сәлем берген Ақұштап апа қаламгер інісіне ақ тілегін арнады.
– Бауыржан Ғұбайдуллин – Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Ұлттық университетке қарасты журналистика факультетінің маңдайалды майталман ұстаздарының алдын көрген, солардың дәрісін тыңдаған азамат. Демек, ол жасыратыны жоқ, «ақша сөйлемей» тұрған кезде, материалдық байлық ар-ұяттың алдына түспей тұрған кезде адал білім алған адам. Міне, осындай тұлға бүгінгі ұрпақты өзінің ізімен тәрбиелеуде.
«Орал өңірі» газеті – республикада өзіндік орны бар газет. Ал Бауыржан осындай басылымның қанша жылдан бері отымен кіріп, күлімен шығып, бас редакторы болып келеді. Осы елдің сиреген нуы, тартылған суы, жоғалған атауы, жұртта қалған жеңіл өнеркәсібі, қысқасы, оқсамаған шаруасының бірде бірі бас редактордың назарынан тыс қалған емес. Сондықтан осындай білікті, қолынан әдеби туынды жазу да, журналистиканың күрделі жанры – очерк жазу да келетін, туған жері мен еліне қалтқысыз қызмет етуден жаңылмайтын редакторы бар газет бақытты және оны оқитын оқырмандар бақытты.

Бауыржан, айналайын, публицист ретінде өте өзекті мәселелерді қаузап, ең көкейкесті тақырыптарды көтерген жаңа жинағың құтты болсын! Қолыңнан қаламың түспей, еліңді қуанта бер! Бұл Жайықтың жоғы көп, соны түгенде, ізде. Ізіңнен келе жатқандарға бата беретін абыз ақсақалға айнал! Қаламыңмен ұрпақты тәрбиелей беруіңе, Жайықты жырлай беруіңе тілекшімін, – деді Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын. Алпыстың асқарына көтерілген қаламгердің қадір тұтар ағаларының бірі, белгілі жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш та игі тілек, ізгі ниеттің тиегін ағытты.
– Құрметті Жайық жұрты! Ақ Жайық атырабындағы бүгінгідей әдеби-мәдени мазмұнды шараға Астана мен Алматыдан келіп қалдық. Ортамыздан осындай оғлан шықты деп мақтануларыңызға болады. Бауыржан ініміз байтақ елге танымал жазушы-журналист. Баукеңнің шығармашылығы туралы мақтаулы пікірім былтыр «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Біздің Баукең қаламы нәзік жазушы болғанымен, журналистикаға келгенде қаламы қайраттанып кетеді екен. Ұлттық мәселе, туған жер мен елдің тағдырына келгенде қаламының ұшынан найзағай жарқылдағандай әсер қалдырады. Маған әсіресе орман туралы жазғандары ерекше ұнады. Қысқы орманды сондай шебер суреттегеніне қайран қалдым. «Биленбеген вальсті» әр адам оқыса деймін, – деген Нұрдәулет Ақыш мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтаухатын табыс етті.
Қаламгердің ұлы, дарынды жас ақын әрі талантты тәржіман, «Алтын тобылғы» сыйлығының иегері Алпамыс Файзолла әкесіне арнаған өлеңін оқығанда зал толы жұрт сілтідей тынып тыңдады. Әке мен бала арасындағы рухани байланыс, ұрпақтар сабақтастығының айшықты көрінісі еді бұл.
Ел газеті «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Ғабит Мүсіреп Бауыржан Ғұбайдуллиннің журналистика саласындағы қарайған жылдан бергі қажырлы еңбегі мен шындықты ту еткен қалам иесінің ұстанымын айта келе, мерейгерге ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаевтың құттықтаухаттарын табыстады. Сонымен қатар белгілі жазушы-журналист, республикалық «Парасат» журналының бас редакторы Сәкен Сыбанбай Бауыржан Ғұбайдуллинмен студенттік кезең мен «Ақ желкен» журналында қызметтес болған жылдарынан сыр шертті.
– Баукеңе тән әділдік пен турашылдық оның публицистикасынан анық аңғарылады. Ал оның көркем шығармаларының сезім мен парасатты ой-толғамдарға байлығы, адам жанын әлдилейтін нәзіктігі, оқырманды ойландыратын психологиялық иірімдері, бұған қоса балалар табиғатын терең түсінетіндегі жазушы Ғұбайдуллиннің прозасын асқақтата түседі. Сіздің шығармашылығыңызда осы проза мен публицистика қос қанатыңыз болып, ұлы сөз өнерінде қалықтай беріңіз, Бауке! – деді ол.
«Аманат» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов қаламгерді құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады. Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов та мерейтой иесін құттықтай келе, ұлттық салт-дәстүрімізге сай қаламгерге ат мінгізді.

Ізгі ниет пен алғаусыз лебіз жауған кеште мерейтой иесі де кітап, газет-журнал оқу жайлы және көркем әдебиеттің адам өмірі мен адамзат қоғамы үшін мән-маңызы жөнінде ой-пікірін ортаға салды.
– 2023 жылы тарихи шаһар Түркістанда, ал былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиналысында жасаған баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде, халық арасында кітап оқу мәдениетін күрт жандандыру мәселесін көтерді. Бұл – өте көкейкесті мәселе.
ХVІІІ ғасырда өмір сүрген француз философы Дени Дидро «Кітап оқуды қойған адам ойланудан қалады» деген екен. Қазіргі ел ішіндегі және дүниежүзілік ауқымдағы күрделі мәселелерді туындатып отырған негізгі факторлардың бірі – адам баласы мен жалпы адамзат қоғамының көркем әдебиеттен алыстап кеткендігі, кітап оқуды жылы жауып қойғандығы. Ұлтымыз кім болса да, адам баласының бәрі, яғни біздің бәріміз, үлкен-кішіміз түгелдей дені дұрыс, жібі түзу, парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Ал парасатты қоғамды парасатты халық қалыптастырады, парасатты халықты көркем әдебиет қалыптастырады. Көркем әдебиеттен бетер ықпалды қоғамдық институт адамзат қоғамында болған жоқ, болмайды да және болуы да мүмкін емес. Қазақта «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мәтел бар. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, бүкіл өнер атаулы көркем әдебиеттен бастау алады. Кітап оқудан алыстаған сайын біз адалдық пен адамгершіліктен, жанашырлық пен мейірімнен алыстаймыз. Бұл өте қауіпті! Сол себепті Президент кітап оқу мәдениетін күрт жандандыруды күн тәртібіне қойып отыр.
АҚШ-тың әлеуметтанушылары біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізе келіп, мынандай ұйғарымға келген көрінеді: Егер ұл бала болсын, қыз бала болсын, 10 жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, оның санасында өмір бойы біреуге қиянат жасаудан, зорлық-зомбылық көрсетуден, ұрлық-қарлыққа барудан, маскүнемдік пен нашақорлыққа салынудан, орынсыз тәкапарлықтан, көзсіз еліктеуден жалпы, бүкіл жамандық атаулыдан өзін-өзі сақтандыратын түйсік қалыптасады екен. Міне, адамзат үшін көркем әдебиеттің мән-маңызын осы мысалдан-ақ терең сезініп, біржола ұғынуға болады, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.
Көптің көңілінен шыққан шырайлы шарада әсем әндер де қалықтады. Жас өнерпаз Әділ Ахметов жиналған жұртшылықты Бауыржан ағамыздың «Биленбеген вальс» әңгімесінің әсерімен жазылған «Биленбеген вальс» әнімен тербетіп-тебірентсе, әнші Дархан Құлбабаев «Әке туралы әнді» қалықтатты, ал Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов кеш иесінің «Күтпеген кездесу» әнін шырқады.
Рухани шара барысында мерейгер сахнада жүргізушімен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, шығармашылық жолымен, кейбір көкейкесті мәселелерге қатысты іргелі көзқарастарымен бөлісті.
– Мен шығармашылық тұрғыдан ең аяулы жылдарымды «Орал өңірі» газетінің мүддесіне арнап келемін. Журналист еңбегінің басқа мамандықтардан басты айырмашылығы сол, көпшілікке, қоғамға күн сайын жаңалық ұсынуың керек. Аптасына 2-3 рет пәленбай бет болып шығатын газеттің жұмысы әдетте өте қарбалас болып келеді. Кейде бір іссапар екіншісіне жалғасып, екіншісі үшіншісіне ұласып, апталап-айлап жолда жүруге тура келеді. Төлеген Айбергеновтің «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, Аузында жүру сыздаған барлық жараның» деген жыр жолдары сияқты журналист те тұтастай адамзат қоғамына және жеке адам баласына тән бүкіл мұрат-мақсатты, мұң-мұқтажды, қайғы-қасіретті сана сүзгісінен, жүйке жүйесінен, жан-жүрегінен өткізіп, әрі ең бастысы көп жағдайда өзі тікелей көзімен көріп барып, мақала-материал жазады. Ал енді Шерхан Мұртазаның «Газет редакциясында қызмет істейтін жазушы бір жағынан олжалы болады, бір жағынан уақытын жоғалтады» деп айтқаны тағы бар. Жазушы-журналистің олжалы болатыны – ол әр кез елдің ішінде, халықтың арасында, ел-жұртпен де, билікпен де қарым-қатынаста, бір сөзбен айтқанда, қоғаммен тығыз байланыста. Уақытын жоғалтатыны – практикалық журналистика ақын-жазушының шығармашылық жалын-жігерін, күш-қуатын жеп қояды. Яғни көркем әдебиеттің өкілі журналистикада жүрсе, екі оттың ортасында қалады, – деді журналистикадағы қаламгер туралы Бауыржан Файзолла-ұлы.
...«Биленбеген вальс», бәлкім, бұл әр жүректегі мұңды сағыныштың, айтылмаған сөздің, шертілмеген сырдың, адам өмірінің жайнаған жаймашуақ кезі – жастық шақтың аяқталмаған әуенінің, шырқалмаған әнінің символы шығар. Кеш соңында жас әнші Айым Қайдарова өлеңін де, әуенін де Бауыржан Ғұбайдуллин жазған «Көңілді тамшылар» әнін әдемі шырқады.
Бауыржан Файзоллаұлы Ғұбайдуллин 1965 жылғы қыркүйек айының бірінші жаңасында қазіргі Теректі ауданының Шағатай ауылдық кеңесіне қарасты Қызылжар ауылында жарық дүниеге көрінген. Ол Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің 1993 жылғы түлегі. Мамандығы – журналист.
Б. Ғұбайдуллиннің «Күн-бала», «Жиһанкез» Ақкербез», «Жаныма жақын жағалау», «Биленбеген вальс», «Ойыншықтар көтерілісі» және «Намыс найзағайы» атты бірнеше кітабы жарық көрген. Көптеген туындыларын «Балбөбекке бәсіре», «Кәусар бұлақ», «Ақ желкен», «Жыл-он екі ай», «Қолтаңба» сықылды ұжымдық жинақтардан оқуға болады. Балдырғандарға арналған біраз шығармасы «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты 10 томдыққа және бастауыш сыныптардың оқулықтарына енген.
Бауыржан Ғұбайдуллиннің әдеби шығармалары ағылшын, араб, парсы, неміс, француз, қытай, бенгал, орыс, беларус, қырғыз және ұйғыр тілдеріне аударылған.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»
Фото Мәди Салық