15.10.2025, 9:15
Оқылды: 75

«Даму» дем берген жобалар

Биыл шағын бизнес өкілдерінің кәсібін дамытуға бағытталған «Өрлеу» бағдарламасы мен «Кепілдік қоры» іске қосылды. «Даму» қоры БҚО бойынша аймақтық филиалының өкілдері баспасөз турында осы бағдарлама аясында мемлекеттік қолдауға ие болған үш кәсіпорынды таныстырды. 

DSC02461

Отбасылық бизнеске оң  нәтиже

«Малышарики» ЖШС-ның жетекшісі Эльмира Меңдіғазиева бір ай бұрын Орал қаласында сегізінші жеке балабақшасын ашты. Бұл 104 балаға арналған мектепке дейінгі ұйым - «Айлин» балабақшалар желісінің бірі. Оның өзгелерден бір ерекшелігі мұнда логопедиялық жаттығуларға басымдық беріледі. «UmkaKids» желісімен жұмыс істейтін ерекше балаларды дамыту орталығы бар. Кабинеттер инклюзивтік бағытта жабдықталған. Ұжымда логопед, психолог, дефектолог, қазақ тілі мен орыс тілінің педагогтары, музыка жетекшілері, дене шынықтыру жаттықтырушылары – барлығы  28 маман қызмет етеді.

DSC02503

Кәсіпкер биыл «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы бойынша «Forte Bank» АҚ арқылы 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алған. Қаражатқа балабақша ғимаратын жөндеп, жабдықтар сатып алған. «Әдіскерлер мен тәрбиешілер ECERS бағдарламасын басшылыққа алады. Яғни балалар жанына жақын мамандықтың не кәсіптің әліппесімен осы жерде танысады. Бүлдіршіндерді құрылысшы, аспаз, тігінші секілді басқа да мамандықтарға бағыттайды. Бір айта кетерлігі, арнайы анықтамасы бар ерекше балалар тегін қабылданады», – деді нысанды таныстырған «Малышарики» ЖШС мен «Айлин» балабақшалар желісінің директор-әкімшісі Сая Букешева.

Осы ретте айта кету керек, ECERS дегеніміз – Early Childhood Environment Rating Scale, яғни баланың ерте жастағы қоршаған ортасын бағалау шкаласы. Ол мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы білім беру сапасын кешенді бағалайды. Физикалық, әлеуметтік, эмоциялық және танымдық салаларды,сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтиды.

DSC02554

Отбасылық бизнеспен айналысып келе жатқан ерлі-зайыпты Асланбек пен Гүлсезім Аминовтар да бағдарлама  игілігін көрген. Олардың «AG-Home» компаниясы айналысатын бағыттың бірі – түрлі корпустық жиһаздар жасау. Кәсіпкер өндірісті өрлету үшін шілде айында «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы банктен қарыз алған. Оған қоса «Кепілдік қоры-1» бағдарламасы аясында кепілдік берілген. Заманауи құрылғы мен білдектер, шикізат сатып алуға жұмсаған қаражаты – 110 млн теңге. «Мен бұған дейін де бірнеше рет «Даму» қорына жүгінгенмін. Алдағы уақытта да мұндай көмек-қолдаулар болса, біз бизнесімізді одан әрі өрістете береміз. Себебі бұл қаржыландыру қолжетімді әрі тиімді, өндірісті дамыту мен жаңғыртуға жаңа мүмкіндіктер ашты», – деді Асланбек Талапқалиұлы. Қазір мұнда 28 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында жиһаздар тапсырыс берушінің сұранысына сай жасалады.

DSC02613

Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорының бірі – «Трубпром» ЖШС. 2014 жылы құрылған компания су жүретін полиэтилен құбырлар, сұйық және газ тәрізді өнімдерді тасымалдауға арналған құбырлар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Сонымен бірге мұнда ауыл шаруашылығында сұранысқа ие тамшылатып суару жүйелеріне арналған ленталар шығарылады.

DSC02610

– Жылына қалыңдығы әр-түрлі 10-20 млн метр лента өндіріледі. Бұл жабдықты 2018 жылы елімізде алғаш рет біздің кәсіпорын шығарып бастаған еді. Қазір басқа да компаниялар өндіреді. Сонымен қатар тағы бір цехта бір жылда 10 мың тонна шамасында полиэтилен құбыр шығарылады. Шикізат негізінен Ресейден әкелінеді. Өнімдер Қазақстанның өзге аймақтарымен қатар, Өзбек-стан, РФ, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріне импортталады, – деді компания технологі Нұржан Нұрғалиев. Компанияда болат құбырларды тазалап, «жоғары күшейтілген оқшаулау» әдісімен қаптайтын цех бар. Өндіріс басшысы Нұрлыбек Сатыбалдиевтің айтуынша, жабын үш қабаттан тұрады – ұнтақ (прайм), желім (адгезия) және сыртқы полиэтилен қабат. Ол құбырларды тозудан, ылғалдан, химиялық әсерден және механикалық зақымданудан қорғайды. Бұл құбырлар газ тасымалдауға арналған. Биыл жазда кәсіпорын айналым қаражатын толықтыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 12,6% мөлшерлемемен қаржы алған. Оған қоса «Даму» қорының «Кепілдік қоры-1» бағдарламасы аясында кепілдікке ие болған. Бұл кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын нығайтып, әрі қарай дамуына мүмкіндік беруде.

«Өрлеу» мен «Кепілдік қоры» деген не?

Қазақстанда шағын бизнесті дамытуды ынталандыру құралдарының бірі – «Даму» қоры. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын негізгі үш құрал арқылы жүзеге асырады. Олар – жеңілдікпен қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз кезде қарызға кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау.

– «Даму» қоры ұлттық даму институты ретінде Қазақстанның барлық өңірінде шағын және орта бизнестің сапалы дамуына ықпал етеді. Бұл айтарлықтай экономикалық нәтиже береді. Батыс Қазақстан облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекет қолдау көрсеткен кәсіпкерлер 7200 жаңа жұмыс орнын ашты. Олар облыс бюджетіне 527 миллиард теңге салық түсірді, – деді «Даму» қоры БҚО бойынша аймақтық филиалының директоры Тарас Шалыга.

Филиал директоры айтып өткендей, биыл маусым айында жеңілдетілген несие беретін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға тиімді балама ретінде әзірленген. Кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік береді. Құжат арқылы инвестицияға, айналым қаражатын толықтыруға және қайта қаржыландыруға несие алуға болады. Пайыздық мөлшерлемесі 12,6% несие 10 жылға беріледі. Облыста осы бағдарлама бойынша жыл басынан бері 41 жоба 11,3 млрд теңгеге қаржыландырылған. Ал инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына ұсынылатын қарыз – 3,5 млрд теңгеге дейін.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден асатын жобалар үшін екі «Кепілдік қоры» іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепілзат тапшы кезде «Даму» қоры 7 млрд теңгеге дейінгі қарызға кепілдікті өте қысқа мерзімде – портфельдік кепілдікпен 2 жұмыс күні ішінде береді. Кепілдіктің ең жоғары мөлшері – несие сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды. Биылғы 9 айда облыста кепілдік портфелі 15,3 млрд теңге болатын 128 шартқа  қол қойылған. Оның ішінде қордың кепілдігі – 9,4 млрд теңге. Жобалардың басым көпшілігі өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына және өзге де қызмет көрсету саласына тиесілі.

 

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале