Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін беру қажеттігі айтылды. Осы тапсырмаға орай облыс басшылығы үлкен шаруа тындырды, инвесторлармен байланыс орнатып, Оралдағы тұралап қалған тері өңдеу зауытына дем берді. Үш жылдай жұмысы тоқтап қалған тері өңдейтін «Пош Руно» ЖШС -ның цехында жұмысшылар шикізаттың алғашқы легін өңдеуге кірісті. Өндіріс орнын ирандық компания «жандандыруда». Инвесторлар бастапқы кезеңде 1 млрд теңге инвестиция салды.

– Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстанда тері-терсектің 10%-ы ғана өңделеді. Ауылдағы мал өсіретін тұрғындарды осы тері жинау, оны өңдеу мәселесі алаңдатады. Жыл басында Астана қаласында, содан кейін Иран Ислам Республикасында ирандық кәсіпкерлермен кездесулер өткізілді. Ондай жүздесулерге біздің облыс делегациясы да қатысты. Сонда қызығушылық танытқан инвестормен бірлескен кәсіпорын «Persist Kazakh K&K» ЖШС құрылып, жұмыс басталып жатыр, – деді цехта жолыққан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев.
Қазіргі кезде біріккен кәсіпорында ірі қара мен қойдың терісі өңделеді. Мұндағы шаруаның барлығы аутоматтандырылған жабдықтардың көмегімен атқарылады. Рас, терідегі жүнді жұлу қолмен іске асырылады. Цехта еуропалық, сапалы құрал-жабдықтар орнатылған. Инвестор осы жабдықтардың және өңдеу желісінің дұрыстығына көз жеткізіп, барлық станокты тексеріп шыққан.
«Өндіріс үдерісінің бірінші кезеңі – шикізат сатып алу. Содан кейін теріні бассейнге тастап, жуамыз, сосын суға салып, өңдейміз, жүнді күйдіреміз, артық ет-майын сылып аламыз және тағы басқа кезеңдерден өткіземіз. Дайын өнімді Түркия, Иран және басқа елдерге жөнелтеміз. Дайын өнімді өткізуде еш қиындық болмайды. Бізде алдын ала келісімдер бар», – дейді компания технологі Пяла Ибрагимова.
Зауыт толық қуатына көшкенде жылына 185 мың ірі қара мен 630 мың ұсақ малдың терісін өңдейді. Өндіріс орнында алдағы уақытта киіктің терісі мен ұсақ малдың ішкі құрылысын өңдейтін жаңа цехтар ашу жоспарланған. Сонымен қатар қой жүнін қабылдап, теріден аяқ киім мен күртелер тігу көзделген.
– Күніне мың тері өңделеді. Теріні ауыл-аудандардан жинап жатырмыз. Ірі шаруашылықтармен және аудан әкімдіктерімен сөйлесіп, келісімге келудеміз. Күні кеше Ақтөбе облысынан бір жүк көлігімен тері-терсек әкелінді. Енді ірі қараның терісін өңдеу басталады. Сонда 20-30 адамға жұмыс орны ұсынылады, – деді аталған зауыт директорының орынбасары Аманғали Шаяхметов.
Алайда басты түйткіл шикізатпен қамтуда. Мамандардың айтуынша, мал өсіретін шаруашылықтар малдың етінен басқа бөлігін кәдеге жаратуға аса мән бермейді. Ол түсінікті де. Өйткені күні бүгінге дейін тері-терсек қабылдайтын орын болмады. Сондықтан өздері үй жағдайында сойған малдың терісі сапасыз, тілім-тілім. «Инвестормен ұйымдастыру мәселелерін талқыладық. Мысалы, инвесторлар жергілікті атқарушы құрылымдармен бірігіп, алдымен дайындау орталықтарының желісін құруы керек. Мал өсірушілер еттің ғана құнды өнім емес, сонымен қатар мал терісінің де бағалы өнім екенін түсінгендері жөн. Сондықтан мал терісінің сапалы болуы үшін ветеринарлық шаралар уақтылы алынып, теріні механикалық сыпыруға көшу керек. Аудандарда, ауылдық округтерде мал үй жағдайында емес, арнайы қасапханаларда сойылуы қажет. Осының барлығы тері зауытын жоғары сапалы шикізатпен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Рүстем Зұлқашев.
Қазіргі кезде өңірде тері өңдейтін бір ғана кәсіпорын – «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеп тұр, бірақ ол шикізат сатып алмайды. Жаңа нысан осы салаға кешенді түрде көңіл бөледі. Сонымен қатар қазір Жәнібек ауданында тері өңдеу бойынша тағы бір жоба қолға алынды. Ол цехтың түпкі өнімі мал шаруашылығына арналған ақуыз немесе жем қоспалары болмақ.

Нәсіпқали Жылқайдаров, зауыттың бас технологі:
– Осы тері өңдеу саласында қырық жылға жуық жұмыс істедім. Нағашым марқұм тері өңдеуді үйреткен, біздер тері өңдеушілер әулетінің төртінші буынымыз. Кеңестер одағы кезінде «Землячка» зауытында жұмыс жасаған кезімде күніне 5 мың дана тері иленетін. Мына кәсіпорынның да қуаты күшті. Түріктер, қытайлықтар келіп зауытты қарап, көріп жүр. Олардың айтуынша, мұндай зауыттың баламасы жоқ көрінеді. Итальян, испандық, жалпы еуропаның заманауи жабдықтарымен жабдықталған. Бұрын кәсіпорын алғаш ашылған уақытта қоймада қызмет еттім, онда теріні бүкіл Қазақстаннан, Ресейдің іргелес облыстарынан жинадық. Ауыл-аудандарда тері біткен күлде жататынын көріп жүрміз. Енді сол иен байлықты өңдеп, кәдеге жаратсақ деп мақсат қойып, жұмыстанудамыз. Қазір цехта жеті адам теріні химиялық қоспалармен өңдеп, жүнін түсіруде. Ирандық инвесторлар жергілікті өңделген терінің сапасын қарап, баға береді. Содан кейін тері жинау жұмыстары басталады.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»