25.04.2026, 10:00
Оқылды: 5

Шыңғырлау ауданында жаңа мешіт ашылды

Адамгершілік, имандылық, адамзатқа деген мейірімді ұлықтайтын асыл дініміздің рухани ордасы- мешіттер. Асыл дініміз – Исламның дұрыс жолына түскен жандардың көкірегіне үміт пен сенімнің шамын жаққан руханият орны ел ішінде көбейе түсуде. Адалдық пен адамдықты, ұлы сабырлылықты тәу еткен ілімнің ізгі орнын салушылар да ел ішінде баршылық. Себебі, мешіт салу – сауабымен қатар қоғамның рухани өмірін нығайтатын игі істердің бірі. Мешіт тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, ол адамдарды бірлікке, ізгілікке және имандылыққа тәрбиелейтін қасиетті мекен. Мұнда жамағат жиналып, діни білім алып, рухани тыныштық табады.

image-24-04-26-07-04-2
Шыңғырлауда осындай ізгілікті мұрат істің нәтижесі – жаңа мешіт қолданысқа берілді.
Орталыққа мешіт салу мәселесі 1998 жылдары көтеріліп, аудан тұрғыны Берік Байдушев өз отбасымен қолдан сабан кесек басып, 2000 жылдары 80 адамдық мешіт бой көтерді. Бұл мешіттің бой түзеуіне аудан халқы да атсалысып, көптің қолдауымен тұрғызылған мешіт күні бүгінге дейін елге қызмет етіп келді.
Ғасыр аунап, заман өгерген тұста орталыққа көрнекті, жарқыраған жаңа мешіттің қажеттігі де әредік айтылып қап жүретін, себебі ескі мешіт көше бойымен түзу салынып, ішкі құбыла нүктесі сай келмей қиыс тұр деген уәж айтылып жүрді имамдар тарапынан. Әрі сыны кете бастаған ғимараттың шатырынан су кетіп, көпшілік жамағаттың көмегімен жөндеулер жүргізіп отырды.
Аудан тұрғындары – Ибрашевтар әулеті осы бір түйіткілді мәселені қолға аламыз, өз қаржымызбен жақсы, райлы, қазіргі үлгідегі талаптарға сай келетін жарқыраған жаңа мешіт тұрғызып береміз деген ұсыныс білдірген болатын. Бұл аудандық қоғамдық кеңесте қаралып, мақұлданды. Нәтижесінде, ескі мешіт сүріліп тасталып, орнына жаңа мешіт салынды.
Сенім мен имандылық ордасының ашылу рәсімі ғимарат маңына шырша тұқымдас жас көшеттер егіп, құран сүрелерін оқумен басталды. Ізгі іске белсенді атсалысып, құрылысын жіті жүргізген жандарға разылық білдірген аудан басышысы Мұрат Өмірәлиев аталған отбасы мүшелеріне алғыс хаттар табыс етіп, шапан жапты.
Мешіт сенім мен сабырдың, имандылықтың ордасы. Жаңа мешітіміз жақсылыққа, ізгілікке қызмет етеді деп сенемін. Бұл жерге еңбегі сіңген Берік Байдушев, Сапарғали Ердібеков, Зоя Адигамова аға-апаларымызға, ізгі іске тілеулем боп келе жатырған барша жерлестерімізге разылығымды білдіремін. Жаңа мешіттің жылдам бой түзеп, салынып шығуына еңбек еткен Ибрашевтер әулетіне алғыс айтамын,- деді аудан басшысы.
Мешіт құрылысына мұрындық болған жандар мен жаңа мешітке қуана келген тілекші жандарға сөз беріліп, құттықтау сөздер легіне кезек берілді.

image-24-04-26-07-04-9
Облысымыздың бас имамы Самат Әлібаев өз сөзінде Жаратушы Алла-Тағала мешіт салу деген сауабы сансыз істі де өзінің сүйген құлына нәсіп қылады деп атап өтіп, ізгі істі орындаушыларға өз құттықтаулары мен марапаттарын ұсынды. Мешіт қорына діни кітаптар сыланып, жұртшылық ізгі шараны қуана құптады.

image-24-04-26-07-04-6
Жаңа нысанның лентасы қиылып, Алланың үйіне енген жамағат құранға ұйыды.

image-24-04-26-07-04-3
Мешіт үйі қашаннан діни сенім мен имандылықтың, адамның жан- дүниесін байытатын ғибадат орны. Көпті жаман әдеттен сақтап, дұрыс жолға бұрады. Адами құндылықтарды насихаттап, қоғамдағы түсіністік пен бауырмалдыққа үндейді. Ал, бұл өз кезегінде қоғамымыз үшін аса маңызды.

image-24-04-26-07-04-1

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале