24.10.2025, 17:15
Оқылды: 96

Азат елдің айбынды мерекесі  

 

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Республика күніне орай салтанатты шара өтті. Алдымен жиналған қауым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дайындаған көрмемен танысты.

image-24-10-25-02-45-1

image-24-10-25-02-45

Содан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні шырқалып, аудан әкімі Тимур Шиниязов жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде:

«Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен және айрықша толқумен құттықтаймын! Бұл күн – тәуелсіздікке ұмтылған халқымыздың тағдырындағы ең маңызды тарихи сәттердің бірі. 1990 жылы осы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі қабылдаған мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға тағзым етілді. Бұл құжат бостандыққа апаратын ұзақ жолдың бастауы, еліміздің саяси-құқықтық негізін қалаған, болашақ тәуелсіздіктің алтын бесігін тербеткен шешуші қадам болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күнге ұлттық мереке мәртебесінің қайта берілуі тарихи әділдіктің орнауы және мемлекет құру жолындағы батыл әрекеттерге құрмет көрсету болды.

image-24-10-25-02-45-3

Ауданымыздың дамуы – осы жалпымемлекеттік мақсаттың ажырамас бөлігі. Аграрлық саланың өсуі, шағын және орта бизнестің қолдау табуы, әлеуметтік нысандардың бой көтеруі сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, патриоттық рухтарыңыздың және туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктеріңіздің нәтижесі. Әрбір шаңыраққа амандық, бақыт пен молшылық тілеймін! Еліміздің көк туы әрдайым ашық аспанда желбіреп, тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгі нық болсын! Ұлттық мереке құтты болсын, ардақты ағайын!» - деп, мереке қарсаңында сала басшылары мен жұмысшы мамандықтар жылы аясында бірқатар мекеме қызметкеріне құрмет грамоталары, төсбелгілер мен алғысхаттар табыс етті.

image-24-10-25-02-45-2

Салтанатты жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатымен аудандық модельді балалар кітапханасының басшысы Жанаргүл Тұяқова және Жәнібек аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінің акушері Гүлмира Бейісова марапатталды. Ал Жәнібек ауылдық округінің әкімі Ғибрат Айтқалиев, аудандық демалыс орталығының басшысы Асхат Жәмиев, аудандық ұлттық спорт федерациясының президенті Арсен Кенжалиев пен «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыхан Каримов Ғ.Қараштың 150 жылдығын атап өтуде белсенділік танытқандары облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің алғысхатына ие болды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың алғысхаты №136 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Алмагүл Давлетчинаға берілді. Сонымен қатар бір топ сала мамандары мен техникалық қызметкерлерге аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхаттары берілді. Сол сияқты Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі мәдениет саласының ардагері Бақытқаным Құбаеваға табысталды. Сондай-ақ аталған кәсіподақтың Құрмет грамотасымен Ақоба ауылдық мәдениет үйінің «Инабат» халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қырмызы Бисенғалиева және Тау ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Аслан Есенов марапатталды. Ал кәсіподақтың облыстық филиалының алғысхатымен мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан Мұхит Ажиханов марапатталды.

Мерекелік кеш аудандық көркемөнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Бану Самат,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале