Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде Республика күніне арналған «Тәуелсіздік таңы – Республика арманы» атты салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Онда аудан дамуы жолында әр салада еңбектеніп жүрген жерлестеріміз марапатталды.

Жиылғандар алдымен мәдениет үйі фоэсіндегі ел егемендігі тарихынан сыр шертетін танымдық көрмені тамашалады.
Концерттік бағдарламаның салтанатты рәсімі мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Сахна төріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді. Барша тұрғындарды мерекемен құттықтаған аудан әкімі Марат Тоқжанов ел ынтымағы мәңгі болсын деген ізгі тілегін білдірді.

- Бүгінгі ұлық мереке – Республика күні құтты болсын! 1990 жылдың 25 қазанында еліміздің тарихындағы маңызды қадам жасалып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы алғашқы және шешуші тарихи қадам, дербестік дәуірінің негізін қалаған құнды құжат болды.
Биыл сол тарихи әрі айтулы сәтке 35 жыл толып отыр. Бұл – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы жүзеге асқан, ел еңсесі көтерілген күн. Алла ұзағынан сүйіндіріп, еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!
Әрбір тәуелсіз, тұғырлы мемлекеттің басты байлығы – жері мен тілі. Бізге аманат болған ұлан-ғайыр даланы көздің қарашығындай сақтау – әр ұрпақтың қасиетті борышы. Біздің де ұрпағымыз осы аманатты қадірлеп, елдің өсіп-өркендеуі жолында адал қызмет етуі тиіс. Еліміздің экономикалық қуатын арттырып, мәдениетін өркендетіп, бай да көркем тілімізді дәріптеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әр азаматтың жүрегі «Отаным!» деп соғып, туған жерінің тағдырына жауапкершілікпен қараса, еліміздің ертеңі де нұрлы болмақ. Ата-бабаларымыздың даналығы мен батырлығы, рухы мен абыройы бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі болып, бойымызға күш-қайрат берсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Отанымыз – Қазақ елінің көк байрағы әрқашан биікте желбірей берсін!, - деді Марат Лұқпанұлы. Мерекелік жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.

Ал Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2025 жылғы 1 тамыздағы №364 бұйрығына сәйкес Шың сазды драма театрына, «Серілер» квинтетіне «Халықтық атағы» куәлігі табыс етілді.

Кейін мемлекеттік қызметшілер қатарына жаңадан қосылған кадрлардың салтанатты ант қабылдау рәсімі орындалды.

Мерекелік шара қазақ халқының тарихын, рухын паш ететін концерттік бағдарлама ұсынылды.

Елдік әні шырқалып, азаттық үні асқақтады.

Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы