Орал қаласындағы Ақсарай мейрамханасында әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Республика күнімен тұспа-тұс келген мерекелік іс-шараға әлеуметтік қызметкерлер, сала ардагерлері қатысты. Басқосуда әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі туралы бейнеролик көрсетіліп, ардагерлер мен сала мамандары құрметтелді.

Мерекелік жиында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бақберген Абуов әлеуметтік қызмет – бұл жай ғана жұмыс емес, адам тағдырымен тікелей байланысты ерекше мамандық екендігін атап өтті.
– Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға және жұмыссыз азаматтарға көмек көрсетіп, сенім ұялатады. Облысымызда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 32, 13 мансап, 13 отбасын қолдау орталығы бар, онда 3 мыңға жуық адам еңбек етуде. Бұл мейірімді жандар – өмірдің қиындығына тап болған азаматтарға көмек пен қамқорлық көрсетіп жүрген нағыз ізгі мамандар. Президент тапсырмасына сәйкес табысы төмен және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында барлық аудан мен Орал қаласында отбасын қолдау орталықтары ашылды. Өткен жылы бұл орталықтарда 1400 адамға 3 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Бойындағы бар жылуын өзгеге арнаған әлеуметтік қызметкерлерге алғысымыз шексіз, – деді Бақберген Талғатұлы.
Кәсіби мереке қарсаңында әлеуметтік салада табысты еңбек етіп, халыққа адал қызмет етіп жүрген әлеуметтік қызметкерлерге облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының және «Қызмет» облыстық мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының алғысхаттары мен сыйлықтар табысталды. Марапатталғандар қатарында Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Ботакөз Хасанова, Ақжайық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Фархад Уахитов, Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Бибігүл Кәбекешева және басқалар бар.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, өңірімізде 5686 адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды. Жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар адамдар мен балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға 700-ден астам әлеуметтік қызметкер арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде. Бүгінде өңір бойынша 5686 адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған.
2025 жыл – елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп белгіленді. Осы орайда жастарға бағытталған «Талпын» мүмкіндіктер алаңы екі мәрте ұйымдастырылып, 47 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Нәтижесінде 4500-ге жуық жұмыс іздеушінің 721-і тұрақты жұмыспен қамтылды.

Өңірлік жұмыспен қамтудың картасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ соңғы үш жылда әлеуметтік осал топтағы 1252 азаматқа жалпы сомасы 1,7 млрд теңге көлемінде мемлекеттік грант беріліп, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жүйелі түрде көмек көрсетілуде. Биылдың өзінде 6568 адам атаулы әлеуметтік көмек алып, мүгедектігі бар балаларды үйде оқытатын 443 отбасыға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар 21 мыңнан астам адам әртүрлі әлеуметтік көмек түрімен қамтылып, 479 отбасы тұрғын үй көмегін иеленді. Мүгедектігі бар 16 мыңнан астам адам техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілді. Ал Орал қаласында ашылған 150 орындық заманауи «Ақжайық» оңалту орталығы бүгінде 300-ден астам адамға қызмет көрсетіп үлгерді.
Мерекелік кеш соңында Круглоозерный орталығының әлеуметтік қызметкері Гүлзада Қуанышева орындаған «Жақсы адамдарым» әні қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»