31.10.2025, 9:30
Оқылды: 56

Денсаулық сақтау вице-министрі Тасқалада

Тасқала аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев аудан тұрғындарымен кездесті. 
WhatsApp Image 2025-10-31 at 10.14.02
Кездесудің басты мақсаты – өңір тұрғындарының денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерін тыңдау, саланы дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын түсіндіру және халықпен ашық диалог орнату болатын.
Жиынға БҚО әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов пен БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешев, Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров пен аудан әкімінің орынбасары Али Бердешев, сондай-ақ,  медицина қызметкерлері, ардагерлер мен аудан тұрғындары және жастар қатысты.
Жиынды ашқан Тлепберген Ерсайұлы жиналғандарға қош келдіңіз айтып,  бірінші байлық денсаулық екенін тілге тиек етті. Одан әрі облысымызда  денсаулық саласы бойынша  жасалынып жатқан игі істерді атап өтті. Одан әрі сөз алған вице министр  Ардақ Амангелдиев елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жетілдіру, ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығын азайту және медициналық қызметтердің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, электронды денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелеріне де тоқталды.
Жалпы еліміз бойынша соңғы жылдары  денсаулық көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша  республикада өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасқа дейін БҚО бойынша 74,17 жасқа дейін өсті. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы негізінде халықтың жалпы өлімі 3 пайызға, ал,  БҚО бойынша  5 пайызға төмендеді.  Нәресте өліміне келетін болсақ еліміз бойынша 20 пайызға төмендесе, БҚО бойынша  5 пайызға азайды. Бұл тиянақты жүргізілген жұмыстың нәтижесі деді Ардақ Аманелдіұлы өз сөзінде. Кездесу барысында тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды. Әсіресе, жас мамандарға берілетін тұрғын-үй мен ауылдық жерлердегі ФАП-тың  жағдайы, сондай-ақ,  аудандық  емханадағы  кезек мәселесі  кейбір дәрі-дәрмектің тапшылығы да талқыға салынды.
Сонымен қатар,  вице-министр тұрғындарды  жеке қабылдап,  сұрақтарына жауап берді.
Кездесу соңында Ардақ Амангелдиев аудандық ауруханада болып,  мекеменің жұмыс жағдайымен танысты.  Ем алушылармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Жалпы аурухана қызметін өз көзімен көріп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Ардақ Амангелдіұлы жергілікті медицина қызметкерлеріне өз кәсібіне адалдық танытып, халық денсаулығын қорғау ісінде белсенді еңбек етіп жүргендері үшін алғысын білдірді. Содан соң, Бірлік ауылында былтырғы жылы пайдалануға берілген  ФАП- ты да аралап көрді. Мұндай кездесулер өңірлердегі өзекті проблемаларды уақтылы анықтап, оларды шешу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік береді.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале